
Жер жаһанның дарынды жастарының басын қосатын бәсеке 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер жарысты Аустрияның Инсбрук қаласы қабылдады. Додада 67 мемлекеттен келген 1059 жас өрен бақ сынады. 15 спорт түрінен 68 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Германия озды. Немістер 17 рет (8 алтын+7 күміс+2 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Одан кейінгі сатыларға Қытай (8+7+2), Аустрия (6+4+3) Оңтүстік Корея (6+3+2), Ресей (5+4+7) жайғасты. Аустриядағы аламанда еліміздің танымал шаңғышысы Галина Вишневская 1 күміс, 1 қола медаль иеленсе, биатлоншы Сергей Малышев үшінші орынға табан тіреді.
Арада төрт жыл өткен соң алқызыл алау Норвегияның Лиллехаммерінде тұтанды. Бұл жолы 71 елдің спортшылары өнер көрсетті. Солардың арасынан АҚШ-тың асығы алшысынан түсті. Америкалықтар 16 (10+6+0) жүлде алды. Оңтүстік Корея да 16 (10+3+3) медаль олжалады. Алайда жүлделердің сапасы жағынан басты бәсекелестерінен қалып қойды. Одан кейінгі орындарға Ресей (7+8+9), Германия (7+7+8), Норвегия (4+9+6) орналасты. Скандинавия түбегінде жерлестерімзге қос қола медаль бұйырды. Оны мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен биатлоншы Арина Крюкова еншіледі.
2020 жылы Швейцарияның Лозаннасында шымылдығы түрілген додада Ресей құрамасы (10+11+8) дара шықты. Швейцария (10+6+8) мен Жапония (9+7+1) екінші, үшінші орындарды иеленсе, аралас құрама (6+6+6) мен Швеция (6+4+7) төртінші, бесінші сатыларға табан тіреді. Өкінішке қарай, бұл жарыстан қоржынымыз бос қайтты.
2024 жылғы жарыс Оңтүстік Кореяның Конвондо қаласында ұйымдастырылды. 70 мемлекеттен жиналған 1800 спортшы сайысқа түсті. Бәсекеде Италияның алдына ешкім түсе алмады. Апеннин түбегінің жастары 18 (11+3+4) жүлдені еншіледі. Германия (9+5+6), жарыс қожайындары (7+6+4), Франция (7+5+6), Қытай (6+9+3) үздік бестіктің қатарынан көрінді. Корея түбегінде барлығы 22 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 32 елдің туы көкте желбіреді.
Үздіктер тізімінде еліміз 20 орында тұр. Отандастарымызға 1 алтын, 2 қола бұйырды. Жарыс жолына шыққан 41 өреннің арасынан Илья Мизерныхтың мерейі үстем болды. Шаңғымен трамплиннен секірушілер сайысында ол басты қарсыластары – аустриялық Никки Хамл мен польшалық Лукас Лукащукті басып озып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Еліміз үшін бұл – тарихи оқиға. Өйткені Мизерныхке дейін еліміздің бірде-бір спортшысы аталған жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген емес. Шорт-трекші Полина Омельчук пен 3х3 форматтағы шайбалы хоккейден еліміздің ұлдар құрамасы қола медальға қол жеткізді.