Қоғам • 08 Ақпан, 2025

Рухани мұрат және отбасы құндылығы

224 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл – бағалай білгенге ауқымды істерді атқаруға бе­рілген үлкен мүмкіндік. Кезінде Алматыдағы шағын ғана ғимаратта өз жұмысын бастаған мүфтият бүгінде үлкен рухани ордаға, Қазақстан мұсыл­мандарының қарашаңырағына айналды.

Рухани мұрат және отбасы құндылығы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

 

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Әли Имран» сүресінің 110-аятында: «Сендер адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған ең қайырлы үмбетсіңдер», деген. Аллаға шүкір, бүгінде дін қыз­меткерлері халқымызды жақсылыққа, оқу-білім мен ағартушылыққа, ізгілікке шақырып, өзімізге жүктелген міндетті орындауға тырысып келеді. Бұл – үлкен нығмет.

Былтыр дін қызметкерлеріне жолда-ған бағдарлық баяндамамда 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, жыл бойы ата дініміз бен дәстүріміздің қайта жаңғыруына қызмет еттік. Бағдарлық баяндамадағы тапсырмалар мен жобалар уақытында орындалды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, мүфтият өткен жылы 610 ауқымды іс-шараны жүзеге асырды. Солардың қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркі мемлекеттері мүфтилер алқасына төраға­лық етіп, алқаның бесінші отыры­сын Астанада өткіздік. Алматыда Діни басқарма жанынан Ислам ғылыми-зерттеу институтын аштық.

Ислам энциклопедиясын шығару менің көптен бері көкейімде жүрген жобам еді. Ислам ғылыми-зерттеу инс­титутының атсалысуымен «Ислам энциклопедиясының» бірінші томын шығардық. Ой түбінде жүрген жобамыздың жүзеге асқанына Аллаға шүкірлер айтамыз. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айрықша маңыз беріп отырған дәстүрлі дініміздің ғылыми-теориялық негізін дамытуға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі жобаларының бірі болды. Алла қаласа, аталған іргелі ең­бектің екінші, үшінші томын кезең-кезе­ңімен шығарып, оқырманға ұсынамыз.

Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану заманында қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болып жатыр. Есірткіге еліту, құмар ойындарынан шыға алмау, электронды темекіге тәуелділік сынды кеселдер, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымызға зиян тигізуде. Лудомания кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіріп жатыр. Онлайн ойындар да балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Пре­зидентіміз бұл мәселелерді өткен жылғы Ұлттық құрылтайда арнайы кө­тер­ді.

Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараны жүзеге асырамыз.

Біз жыл сайын атқаратын жұмыс­тарымыздың негізгі бағыттарына ба­сымдық беріп келеміз. Бұл бізге діни салада үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Жұмыс нәтижесі мен жинақтаған тәжірибемізді ескере келе, 2025 жылы негізгі 4 бағыттағы жұмыстарға, атап айтқанда, дін мен дәстүр, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру іс-шараларына басымдық беруді бекіттім.

Расында, дін мен дәстүр – құстың қос қанаты іспетті басты рухани қай­нарымыз. Бұл бағыт діни салада бір-бірінен ажыратуға келмейтін қос ұғымға айналды. Жаһандық үдеріс зама­нында мұсылмандығымыз бен ұлттық ерек­шелігімізді сақтап қалуда дін мен дәс­түр идеясы – ең маңызды құн­дылығымыз.

Ал ихсан және насихат – дәстүрлі діни сенім мен рухани мұратымыздың басты бағдаршамы. Бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Өйткені ихсан – ғасырлар бойы мұсылмандық жолды ұстанған халқымыздың діни түсінігіне етене жақын ілім.

Діни оқу-ағарту – Діни басқарманың басты жұмысының бірі екенін жақсы білесіздер. Діни кадрларымыздың білімін тереңдету арқылы халықтың сауатын көтеруге барымызды саламыз. Себебі білімнің қарыштап дамыған заманында білімге құлаш ұрған елдер ғана өркениеттен өз үлесін алады.

Бүгінде түрлі пиғылды топтар біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құнды­лық­тарымызға ашық шабуыл жасап жат­қаны белгілі. Мем­лекет басшымыз атап өткендей, біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, халқымыздың дәстүрлі діні – сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Сондықтан төртінші маңызды бағытымыз – жат діни ағымдардан сақтандыру бо­йын­ша тиісті жұмыстарды атқаруға маңыз береміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы ма­ман­дықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Ислам діні масылдыққа, жал­қаулыққа салынуды құптамайды. Барлық Пайғамбар өздерінің қол еңбегімен өмір сүрді. Алла Тағала адамзат баласына ден­саулық, жігер бергеннен кейін әрбір адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек.

Имамдар осы бағытта уағыз-насихат айтумен шектелмей, мүмкіндігінше мешітке тұрақты келетін жастардың, жұ­мысқа икемді, қабілетті шәкірттердің түрлі мамандықтарды игеруіне үлес қосуы қажет. Қазір – сөздің емес, істің заманы. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» дегендей, қабілетті жастарды еңбекке баулып, жол көрсетіп, жөн сілтеу – үлкендердің кейінгі буын алдындағы асыл борышы.

Діни басқарманың «Зекет хаб» орталығы жастарды мүмкіндігінше түрлі жұмыс мамандықтарына баулып келеді. Шын мәнінде, аймақтағы кәсіпорындардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп, ортақ мақсатымызды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік көп.

Аллаға шүкір, біздің бастамамызбен облыстық, қалалық мешіттер жанынан ашылған тігін курстары тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл – қыз-келіншектер үшін пайдалы бастама. Шеберлік курсын тәмамдаған кейбір шәкірттер өздерінің кәсібін ашып, нәпақасын тауып жатқаны жанға қуаныш сыйлайды. Менің ойымша, ірі қалалардағы мешіттердің мүмкіндігіне орай ұл балаларға да арналған шеберханалар ашуға болады. Өмірінде қолына құрал-сайман ұстап көрмеген баланы өз деңгейінде шаруа жұмыстарына баулысақ, жақсы емес пе? Оларға ағаштан түрлі бұйым жасауды, ат әбзелдерін әзірлеуді үйретсек, нұр үстіне нұр.

Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Қазіргі баспа саласындағы баспагерлердің зерттеуінше, қоғамда бала тәрбиесіне арналған кітаптар әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сұраныстағы кітаптардың көшін бала тәрбиесіне арналған бас­па өнімдері бастап тұр. Бұл – назар аударатын жағдай. Бала – біздің айнамыз. Оған қандай тәрбие берсек, ертең-ақ жемісін көреміз. Бүгінде «Muftiyat» баспасынан шыққан кітаптарға сұраныстың артып келе жатқаны қуантады. Осы орайда «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында балаларға арналған «Менің сүйікті отбасым» кітабын шығарамыз. Біз үшін әр отбасының бақытты болуы маңызды. Сол себепті «Отбасы ба­қыты» тақырыбында еңбекті оқырманға ұсынамыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бір ең­бегінде: «Әйел адам иманын сақтайтын, жанын сақтайтын, арын сақтайтын, ақылын сақтайтын және тұрмысқа шыққаннан кейін ерінің бір малын екі ететін және дүниеге ұрпақ әкелгеннен кейін оны салауатты етіп тәрбиелейтін білім алуы керек», дейді. Бабамыз иман сақтауды бірінші орынға қояды. Өйткені әйелдің көркі – иманында. Көркем мінез, сабырлық, иба, ұят, қарапайымдылық сияқты адамгершілік қасиеттер әйелдің бойынан табылса, бала тәрбиесіне оң ықпал етеді.

Бұл ретте ҚМДБ жанындағы Әйел-қыздар секторы және оның аймақтағы өкілдері, яғни әйел ұстаздар мешітке келуші қыз-келіншектерге білім берумен қатар олардың көркем мінезіне де баса назар аударады. Бұған дейін Әйел-қыздар секторы «Әсем киім – әйел ажары» та­қырыбында республикалық іс-шаралар ұйымдастырып келді. Оған көптеген сән киім үлгісін жасайтын отандық дизайнерлер атсалысты. Бұл іс-шара биыл да жүзеге асады. Осы тәжірибені ескеріп, биыл «Дәстүрлі кимешек» көрмесін және сән киім байқауын ұйымдастырамыз. Ұлттық киімнің шариғатқа сай заманауи үлгісі қоғам тарапынан қолдауға ие болады деп ойлаймын.

«Ислам және отбасы құндылығы жылы» аясында батагөй ақсақалдар арасында ІІ республикалық бата беру байқауын өткізу, жанұя жарасымын арттыру мақсатында «Ислам және отбасы», «Ислам және рухани құндылықтар», «Жас­тарды кәсіпке баулу жолдары», «Әке­ме мың алғыс», «Анама мың алғыс», тағы басқа тақырыптарда игі іс-шараларды ұйымдастыру өте маңызды. Өйткені атал­ған іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор.

Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Егер жас буын өкілдерінің қайраты мен қажырын, білімі мен жігерін жақсы істерге бағыттай білсек, көп игілікке кенелеріміз хақ. Өкініштісі, қазір кейбір жастар тұла бойындағы күш пен жігерді еңбек етуге, білім алуға жұмсаудың орнына оңай жолмен табыс табуға ұрынып жүр. Олардың лотереяға, букмекерлік агенттіктерге әуестенуінің, онлайн ойындарға қызығуының себебі осында жатыр. Демек біз, баршамыз бірігіп, жастардың бойында көрініс тапқан осындай жаман әрекеттерді жоюға атсалысуымыз қажет.

Өскелең ұрпақты ізгілікке баулу мақсатында ұйымдастырылып келе жат­қан іс-шараларды тоқтатпаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, кезекті жастар форумын өткіземіз. Басқосуда «Жастардың әдебі мен мәдениеті» құжатын қабылдап, оны барынша жас буын өкілдері арасында насихаттаймыз.

Бүгінде облыстық мешіттер жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың жұмысын әлі де жетілдіре түсеміз. Осы орайда кеңеске мұқтаж жанұяларға тиісті дәрежеде қолдау көрсетуге, шаңырақтың шайқалмауына, ақ некенің бұзылмауына ыждағатпен барымызды саламыз. Аллаға шүкір, былтыр Шариғат және пәтуа бөлімінің, оның аймақтағы өкілдерінің, жалпы имамдардың нәтижелі жұмысы арқылы 500-ден аса ерлі-зайыптының некесі бұзылмай, екі жақ өзара ымыраға келді. Біз бұл бағыттағы іс-шараларды күшейтіп, отбасылық кеңес беру орталығының жұмысына серпін береміз.

Қазақ – ежелден мәмілегер халық. Бүгінде екі жақтың мәселесін мә­міле­герлік жолмен шешіп берудің ұтым­ды жолын көздейтін арнайы заң да қабыл­данды. Шын мәнінде, біздің имамдар іс жүзінде медиатрдың, яғни мәмілегердің қызметін атқарып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Отбасылық дау-жанжалдарға араағайындық жасап, ерлі-зайыптыларды татуластырып жүрген дін қызметкерлеріне Алла разы болсын!

Мен имамдармен болған кездесулерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталады» деген қанатты сөзін жиі мысал етемін. Біздің басты мақсатымыз – асыл дініміз бен халқымызға қызмет ету. Қазір облыс, қала, аудан орталықтарында дау-жанжалды сотқа дейін мәмілемен шешетін медиация орталықтары тұрақты жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтарда біз­дің де имамдарымыз қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бастама қо­ғамда дін қызметкерлерінің беделін көтерумен қатар, халық арасында асыл дінімізді насихаттауға үлкен мүмкіндік туғызатыны даусыз.

Біз ерекше қажеттілігі бар жандарды елеусіз қалдырмауға тырысып келеміз. Өйткені олар – отбасының, қала берді қоғамның белді мүшесі. Мен өңірлерге барған сапарымда мүгедектігі бар жандармен кездесіп, сұхбаттасамын. Олардың өтініші бойынша былтырғы Бағдарлық баяндамамда зағип жандар үшін мешіт жанынан брайль әдісімен Құран үйрету курстарын ашуды тапсырған едім. Аллаға шүкір, бұл бастама кезең-кезеңімен жү­зеге асып келеді.

Зағип бауырларымыздың өтініш-тілектерін ескере келе, Нұр-Мүбарак университетіне брайль әдісімен Құран үйретуді факультативтік пән ретінде ен­гізу қажет деген тұжырымға келдік. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін ең әуелі оның оқулығын шығарамыз.

Осы ретте қасиетті кітабымыз Құранға байланысты бірқатар үлкен жаңалықты бөлісуді жөн көріп отырмын. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде бірнеше автордың Құран аудармасы жарық көрді. Мұхаммед Әли ас-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» (сафуат әт-тәфәсир) іргелі еңбегі қазақ және орыс тілдерінде шықты. Алайда осыған дейін мүфтият ғалымдарының бірігіп жасаған Құран аудармасы мен түсіндірмесінің шық­пауы мені алаңдатты. Осыған орай «Muftiyat» баспасынан Құранның мағы­налық аудармасы мен түсіндірмесін ана тілімізде шығаруды қолға аламыз. Алла Тағала бұл бастаманы еліміздегі мұсыл­ман жамағатына берекелі, қайырлы етсін.

Бүгінгі ұрпақтың, яғни сіз бен біздің халық алдындағы борышымыз – бабадан қалған мұраны сақтап, жан-жақты насихаттап, ұрпағымызға қалдыру, осылайша, аманатқа адалдық таныту. Осы ретте «Киелі Қазақстан» жобасы аясында «Кесенелер мен киелі орындар» жинағын шығарамыз. Сонымен қатар Қазақ хандығының 560 жылдығына орай «Қазақ хандығы кезіндегі Ислам» тақырыбында зерттеу жүргізіп, арнайы кітап шығару халқымыз үшін құнды еңбектің бірі болмақ.

Бүгінде Қазақстан азаматтары қа­жылық маусымынан бөлек айларда жыл бойы ұмра сапарына барып жүр. Сауд Арабиясына баруға турис­тік виза ашылғалы ұмраға апарушы отандық турфирмалардың саны өсті. Өкінішке қарай, кейінгі кезде Діни басқармаға ел азаматтары тарапынан түрлі турфирмалардың күмәнді іс-әре­кетіне қатысты шара қолдануды сұ­райтын шағымдар көбейді. Ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аталған турфирмалар жауапкершілігінде. Сондықтан біздің отандастарымыз тиісті мемлекеттік туроператорлық лицензиясы бар ресми компаниялармен ұмраға бару қажеттігіне аса мән беруі керек.

Бүгінгі таңда діни басқарма заман талабына сай күнделікті жұмыстарды цифрландыру ісін қолға алды. Бұл ба­ғыттағы басты жобаның бірі – құжат айналым жүйесін толығымен электронды форматқа көшіру. Цифрлық құжат айналым жүйесін енгізу ҚМДБ қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған орай, E-Quzhat электронды құжат айналым жүйесін іске қосамыз.