Президент • 08 Ақпан, 2025

Қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс

239 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Еліміздің бизнес қоғамдастығының басын қосқан бұл жиын мемлекет пен экономиканы дамытуға үлес қо­сып жүрген кәсіпкерлердің мақ­сат-ниеті бір екенін көрсетті.

Қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заман­ның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті. Сондықтан еліміз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделуі керек.

Президент мемлекеттің болашағы, соның ішінде өскелең ұрпақтың келешегі осы мәселенің шешіміне тікелей байланысты деп санайды. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау мәсе­лесі ұдайы Үкімет назарында болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді шешу жолында мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызды екенін атап өтті.

па

– Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың да­муын жаңа деңгейге көтеру үшін инфра­құрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тә­жірибе де бар. Бұл ретте инвес­тиция салуға тартымды дәстүрлі сала­ларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлем­­дік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Те­мір­­жол, автомобиль және әуе арқы­лы жүк тасымалына сұраныс артып келе­ді. Іс жүзінде аталған сектор ба­сым­­­дық­қа ие бола бастады. Кейбір шо­лу­­шы­лардың айтуынша, пайдасы да мол. Бо­ла­шағы зор тағы бір сала – туризм. Шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихи мұрасына ерекше қызығушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор десек те, нақты іске келгенде бұл салада олқылықтар мен кемшіліктер көп. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.

– Квазимемлекеттік сектор субъек­тілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкіл­дері өтінім берген жағдайда, оған мем­лекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алын­ды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгі­лендірілді. Екі бап бойынша қылмыс­тық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзу­шы­лықтың 29 түрі бойынша тұтқын­дауға тыйым салынды. 2022 жыл­дан бері кәсіпкерлік саласында тіркел­ген қылмыстық істердің саны екі есе қыс­қарды. Бұған қоса кәсіпкерлік қыз­мет­ке заңсыз араласқаны үшін әкімші­лік жауапкершілік күшейтілді. Инвестор­ларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Үкіметке қосым­ша құн салығы мәселесін тағы да пысық­тауды тапсырды.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Эко­номика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәй­кес, менің әрбір сөзім, пікірім қа­таң тапсырма сияқты қабылданады. Со­ған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөл­шер­лемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкі­мет түпкілікті шешімді білікті сарап­шы­лардың, қайталап айтамын, білік­ті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіп­керлер, сарапшылардың, яғни бар­лық тараптың пікірі ескеріле отырып жал­ға­суы керек. Биыл нақты шешім қабыл­дануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің қаржы­лық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аударды.

– Кейбір «сарапшылар» айтып жүр­гендей, ел экономи­ка­сының жағ­дайы сон­шалықты мүшкіл деген пі­кірмен келіспеймін. Салымыз суға ке­тетіндей күйде емеспіз. Бірақ бо­саңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте биз­нес қоғамдастықтың рөлі үл­кен. Халық­аралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Аталған үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды.

– Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұған қоса Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланыс­ты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр атал­ған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қа­рызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы сөзін қорытынды­лай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсет­кен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.

– Бүгін ашық әрі пайдалы әңгіме болды. Сөз соңында қайталап айтқым келеді: мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Кейінгі үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолдамаса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиямды бизнес қоғам­дас­тықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл – менің мызғымас ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Премьер-министр­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Resmi компаниялар тобы» ЖШС, «RG Brands» АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қа­зақмыс холдинг» директорлар кеңе­сінің төрағасы Эдуард Огай, «InDrive» компаниясының бас атқарушы директоры Арсен Томский, «AUDACIA Express» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «BI-Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Karazhal Operating» компаниясының тең иегері, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқа төрағасы Жұмабек Жанықұлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

Сонымен қатар «Freedom Holding Corp» басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұр­лан Жәнібеков, «Aq Niet Group» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ниязәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауым­дастығының төрағасы Айбек Бары­сов пікір білдірді.