Спорт • 11 Ақпан, 2025

Жарыс күнделігі

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таиландтың Пхитсанулок қаласында шосседегі велоспорттан Азия чемпионатында еліміздің құрамасы табысты өнер көрсетіп жатыр. Құрамында Дмитрий Груздев, Евгений Федоров, Антон Кузьмин, Махаббат Үмітжанова, Рината Сұлтанова, Анжела Соловьёва сынды спортшылар бар команда аралас эстафетада алдына жан салмады.

Жарыс күнделігі
  • Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен халықаралық турнирде еліміздің боксшылары 6 алтын, 5 күміс, 7 қола медальды олжалады. Нұрзат Оңғаров (48 кг), Бағлан Кенжебек (54 кг), Ерхан Тұрдан (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Алмат Әбдуали (63,5 кг), Дархан Дүйсебай (71 кг) теңдессіз деп танылса, Ернар Қарап (48 кг), Ақтілек Орынбасар (54 кг), Жандос Қыдырәлиев (63,5 кг), Роксана Гасымова (48 кг), Бақыт Сейдіш (70 кг) финалда ұтылды. Жасұлан Тілеумбек (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Елнұр Сүйінбай (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Дәулет Төлемісов (80 кг), Даниял Сапарбай (+92 кг), Диана Магауяева (75 кг) қола медальға қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз бірінші орынды иеленді.
  • Футболдан Албания мен Сербияда жалауы желбірей­тін «Еуро-2027» додасының іріктеу турнирінің кестесі жарияланды. D тобында өнер көрсететін еліміздің жастар құрамасы атал­ған жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алу үшін мына командалар­мен күш сынасады: Қазақстан – Андорра (5 шілде, 2025 жыл), Қазақстан –Англия (8 қыркүйек, 2025), Андорра – Қазақстан (9 қазан, 2025), Словакия – Қазақстан (13 қараша, 2025), Қазақстан – Молдова (17 қараша, 2025), Қазақстан – Словакия (27 наурыз, 2026), Қазақстан – Ирлан­дия (31 наурыз, 2026), Англия – Қазақстан (25 қыркүйек, 2026), Ирлан­дия – Қазақстан (29 қыркүйек, 2026), Молдова – Қазақстан (6 қазан, 2025).
  • Еліміздің кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас сегіз күн ішінде екі рет рингке көтерілді. 31 қантарда Ресей астанасында нигериялық Айисат Орийомиді ұтса, өткен аптаның аяғында Түркияда венесуэлалық Джоана Зунигадан басым түсті.
  • 28 ақпан – 2 наурыз аралығында дзюдодан Ташкентте Гранд-Слэм турнирінің жалауы желбірейді. Өзбекстанның бас шаһарында Ғалия Тынбаева, Диана Буркеева (48 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Аруна Жанкелдина (78 кг), Назгүл Маратова (+78 кг), Есет Қуанов, Бақытжан Абдурахманов (73 кг), Айдар Арапов (90 кг), Бейбіт Мәдеев (100 кг) татамиге шығады.
  • 8-16 наурыз аралығында Сербияның Ниш қаласында бокстан әйелдер арасында өтетін әлем чемпионатының жүлде қоры белгіленді. Халықаралық бокс федерациясы (IBA) бас жүлдені олжалаған былғары қолғап шеберіне 100 мың АҚШ долларын табыс етсе, сол соманың тең жартысын финалистер алады. Қола медальды иеленгендер 25 мың еншілейді. Ширек финалға шыққандар 10 мың долларды қалтаға басады.
  • Фристайл-могулдан АҚШ-тың Дир-Вэллидесінде ұйым­дастырылған Әлем кубогінің кезеңінде Павел Колмаков күміс медальды иеленді. Ол тек жапониялық Икума Хоришимадан қалып қойды. Франциялық Бенджамин Каве үшінші сатыға табан тіреді. Параллельді могулдан өткен бәсекеде П.Колмаков қолаға қол жеткізді. Бұл жолы да Хоришимаға тең келер ешкім табылмады. Екінші орынды канадалық Микаэль Кингсбери иеленді.