Еңбек • 11 Ақпан, 2025

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

74 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қарасай ауданында бұрнағы жылы кәсіп ашқан 90 жеке кәсіпкер грант иегері атанған. Былтыр бұл жобаға 256 адам үміткер болса, соның ішінде 37 бастауыш кәсіпкер 400 АЕК көлеміндегі грантты жеңіп алды.

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

Құлпынайын құлпыртқан

Нан, сүт, жартылай фабрикат өндіруге – 8 жоба, оқыту орталықтарына – 3 жоба, жиһаз және тігін цехтарына – 9 жоба, сән салоны мен массаж орталықтарына – 5 жоба, гончарлық өнім, ат әбзелдерін өндіру және металл конструкцияларын өндіретін цехтарға – 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласына 2 жоба қорғалып, комиссияның оң шешімін алды.

«Грант алған азаматтар жеке кәсіпкер­лікпен айналысып, уақытында есебін тапсырып жатыр» дейді аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Орынбай Жанәділ. Алмалыбақ елді мекенінің тұрғыны Асхат Зұлқарнайұлы ауласына жылыжай салып, құлпынай өсіруді ұйғарады. Осы мақсатта «Мансап» орталығына ұсынған бизнес-жоспары қолдау тауып, 400 АЕК көлемінде қаржылай грант алған. Қазір құлпынайдың «Альбион» сортын өсіріп жатыр. Аумағы 102 шаршы метр жылыжай­ға 2 мың түп құлпынай отырғызған.

«Бұл сорт төзімді әрі құлпынай өсі­румен айналысуды бастаған алғашқы кезде өте ыңғайлы. 2023 жылғы жазда жылыжай құрылысын аяқтап, күзден бас­тап құлпынай көшеттерін отырғыздым. Алайда тәжірибе жетіспей, бірінші жылы жеміс ала алмадым. Жылына төрт рет өнім алуға болатын жылыжайды күтіп-баптау ісімен түбегейлі өзім айналысамын. Өнім алу үшін міндетті түрде экологиялық таза әрі табиғи қоректік заттар беріп, күтім жасаймын. Құлпынайды құлпырта өсіруде сүттің сарысуын пайдалану тиімді екенін білдім. Ол құлпынайға ерекше қуат бе­реді», дейді.

Аптасына екі рет тамшылатып суарылатын жылыжайдың қысқы температурасы күндізгі уақытта 26-27 градус болса, түнде 16 градустан төмендемеуі тиіс екен. Ал жылыжайға қойылған пештің қондырғысы осы температураға өздігінен ауысып тұрады. Баптауындағы америкалық құлпынайдың бір талы 50-60 грамм шамасында салмақ басатын көрінеді. Өнімнің алғашқы толқынында 60 килоға жуық құлпынай жинап, жақын-жұрағатқа сатылған. Енді екінші толқында табыс еселене түсер деп үміттеніп отыр. Кәсіпкердің алдағы мақсаты – жылыжай аумағын 200 шаршы метрге дейін кеңейту.

 

Лимон өсіруді бастады

Ерінбей еңбек еткен жанның көңілі тоқ, көйлегі бүтін боларын санаға сіңіріп өскен Ерлан Алдабергенов лимон өсіруді қолға алған. Батан ауылының тұрғыны топырағы құнарлы жерге ерте көктемнен көкөніс көшеттерін отырғызып, қияр мен қызанақ өсірген. Уақыт өте келе жылыжай шаруашылығымен түбегейлі айналысуға ниеттеніп, сапалы әрі табиғи таза өнім алу жолында тынымсыз ізденеді. Тәжірибесі толыса келе лимон көшеттерін егуге көңілі ауады. Тәуекел етіп, ташкенттік кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып, үй іргесіндегі жылыжайы­на 72 түп лимон көшетін еккен.

е

«Бұған дейін де қызанақ пен қияр егіп, нәпақамызды таптық. Толайым табысқа кенелмесек те, ешкімнен кем қалмай тіршілік жасадық. Жылыжай жұмысын үйлестіру оңай емес. Әр істі ұтымды ұйым­дастыру керек. Лимон өсірсем деген көптен көкейде жүрген шаруаны бастауда біраз ізденіске бардым. Себебі лимон өсіру үйреншікті іс болмағандықтан қыр-сыры бізге беймәлім», дейді.

Кәсіп иесі былтыр алғаш рет қайта­рымсыз грант алып, 800 шаршы метр жерге жылыжай құрылысын жүргізген. Жылыжай ішіне цементтен еден төсеп, жылыту жүйесіне қосқан. Қосымша жылу беретін арнайы желдеткіш орнатқан. Тамшылатып суару технологиясын енгізген. Сөйтіп, үш жыл бұрын ойға оралған лимон өсіру идеясын жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеткен. Кәсіпкердің жылыжайын­да қыс ортасында 72 түп лимон көшеті өсіп тұр. Алғаш отырғызғаннан бергі төрт ай ішінде 20 сантиметрге биіктегенін байқаған 6 жасар ұлы Нұрқадырдың қуанышында шек жоқ. Балақай бүгінде әкесінің қолғанатына айналып, лимонның жеміс беруін асыға күтіп жүр. Лимон ағашы 2-2,5 метрге дейін өседі екен.

«Ташкентке барып, лимон өсірумен айналысатын жылыжайлардың жұмысымен таныс­тым. «Меир» деп аталатын сортын алып келіп отырғыздым. Мамандар алдымен топырақ құрамын зерттеді. Лимон – тазалықты ерекше сүйетін жеміс. Оның төңірегі таза, арамшөптен ада болуы керек. Осы түптер жерсініп, жеміс берсе бұдан келер пайда да мол болмақ. Бастапқы үш жылда лимон жеміс бермейді, сол себепті, осы уақытта тек шығынға жұмыс істеп отырмын. Себебі газдың тарифі өсіп кетті. Қаңтар айына осы шаршы метрге 284  703 теңге төлемақы келді. Бөліп төлеуге де мүмкіндік бермейді. Ай сайын мұндай ақша төлейтін жағдайым жоқ», дейді.

Оның айтуынша, өзге жеміс ағаштары жыл сайын қартайса, лимон керісінше, жыл сайын жаңарып, өседі. Өнім көлемі де көбейе береді.

«Күтімі күшті болса, осы аумақтан шамамен 20 тоннаға дейін өнім алуға болады. Лимонның бір түбі орта есеппен 40 килодан артық өнім береді. Ал лимонның адам ағзасына пайдасы орасан зор екенін екінің бірі біледі», дейді кәсіпкер. Еңбекқор азамат жылыжайдың бір бөлігіне қияр егіп, қосымша табыс табуға талпынып отыр. Тіпті мандарин да егіп, эксперимент жасап көріп жатыр. Әрине, тәуекелшіл жанның іскерлігі сүйсінтпей қоймайды.

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы