
Коллаждарды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Қазақ салтында соғым сойылып, құдаларға, дос-жаранға, ағайын-туысқа сыбаға сақталады. Ол адамдар жазғытұрымғы ұзынсары – ашөзек кезде, әдейі амандаса келіп, сүрленген сыбағасын жеп қайтады. Сонымен қатар ел ішінде беделді адамдарды ағайын-туған, ауыл-аймағы шақырып сақтаған сыбағасын беретін де дәстүр бар.
Құнанбай қажы Өскенбайұлының алпыс жас шамасындағы кезі екен. Ауылында бала кезінде бірге өскен кедей құрдасы болыпты. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген көктем айының бір күні кедей шал сүр ет аңсап, тор шолағын желқомдап мініп «сыбағамды жеп қайтайын» деп құрдасы Құнекеңе сәлем бере келіпті. Құрдасын көрген Құнанбай бәйбішесіне:
– Мына құрдас келді, сыбағасын ас! – дейді. Қазы-қарта, жамбас-жаясы бар үйме табақ ет келеді. Шал мейлінше жеп, әбден тойып, рахаттанып қайтады. Түнімен түсіне күндізгі жеген қазы-қарта кіріп, дөңбекшіп шығады. Ертесіне «шіркін-ай, кешегі...» деп жұтынып, «тағы бір жер ме едім» деп аңсайды. Негізі бұл жарықтық тамақсау, қай жерде түстік бар, аңдып жүріп жейтін ұятсыздау әдеті бар адам екен.
– Әй, бүгін де Құнекең үйіне біреу келетін шығар. Сонымен бірге тағы бір тоймаймын ба? – деп, қажының үйіне келсе, Құнекең жоқ.
– Құнекең қайда?
– «Сыбаға же!» деп көрші ауыл шақырып әкетті, – дейді үйдегілер.
Ет аңсаған қария «ендеше сәті болған екен» деп, солай тартады. Барса, төрт ат байлаулы тұр. Аттан түсіп үйге кіріп келсе, үйме табақ етті алдарына енді ғана әкелген екен.
– Қолыңызды жуып, жоғары шығып табаққа келіңіз, – деп Құнанбай құрдасына оң жағынан орын береді. Жігіттер етті жапырақтап турап отыр. Үлкендер жағы табаққа марғау қол салады. Шал байғұс қара кесекке тісі өтпей ме, әлде майды жақсы көре ме, қазының үлдірігі мен жамбастың сарытап майын басқалардың алдынан, тіпті Құнекеңнің алдынан теріп алып жеп, сүйреңдей берген көрінеді. Құрдасының әдепсіз әрекеті тәбетін қайтарған Құнанбай табаққа қол салмай шегіншектей береді. Оны ас иесі байқап қалып:
– Құнеке, жеңіз. Сіздің сыбағаңыз, жеңіз! – депті. Сонда шалдың оң жағында отырған біреу:
– Көлденеңнен кез болды-ау, сұғанақ көк, – депті. Екінші қонақ:
– Екі қолдап асайды сыбалап кеп. Үшінші адам:
– Балық алғыш судағы кезқұйрықтай,
Қайдан тауып алады сығалап кеп, – дегенде әрі қарай Құнанбай іліп әкетіп:
– Барар жағын бармақпен түйіп тастап,
Бозғыл жағын ұстайды қуалап кеп, – дегенде, мән-жайды түсінген шал орнынан тұрып, қолын жумастан аттанып жүре беріпті.