Қоғам • 12 Ақпан, 2025

Қаңтардағы ҰБТ-ны 164 мыңға жуық талапкер тапсырды

1164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы және басқа да деректер Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығынан мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

 

 

Қаңтардағы ҰБТ-ны 164 мыңға жуық талапкер тапсырды

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсырған 164 мыңға жуық талапкерлердің 76,81%-ы қазақ тілінде, 23,14%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл - 65,81 балды құрады. Ең жоғары балл – 139. Жалпы 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика», «Биология-Химия», «Математика-Информатика» комбинацияларын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 197 адам тапсырған.

Қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырып, орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің  32,32% ғана тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болды. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 392 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

ҰБТ өткізу барысында 197 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка салып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылса, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 96 адам шығарылған.

Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.  

Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге салайық, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ҰБТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.