Астанада 28 маусым мен 2 шілде аралығында Бокс федерациясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен ересектер арасында “Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы” жолындағы екінші халықаралық турнир өтеді. Оған 16 елдің ұлттық құрамдары қатысып, 11 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістіреді.
Бокс федерациясының үйлестірушісі Галиб Жафаровтың айтуынша, турнирге Қазақстан құрамында екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев, Украина жағынан 57 килода Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанған Василий Ломаченко қатысады. Қазір осы жекпе-жектерге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы аптада турнирге қатысатын командалар Щучьеде жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын пысықтады. Мұнда әр елдің құрамдары іріктеу сындарын ұйымдастырып, өзара спарринг жекпе-жектерін өткізді.
– Осы жетіде боксшылардың бәрі Көкше өңіріне жиналды. Біздің құрам бір емес, үш құраммен жаттығу жиындарын өткізді, – дейді Г.Жафаров. – Ал Ресей турнирге екінші құрамын жіберіпті. Еуропа чемпионаты жақында ғана аяқталғандықтан, олар негізгі құрамға демалыс берген екен. Біз 60 килода екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Алексей Тищенко келе ме деп едік. Бірақ ол да келе алмады.
Биылғы турнир жөнінде тағы бір атап өтетін нәрсе, онда жеңімпаз атанған боксшыға 4 000 АҚШ доллары, екінші орын алғанға 3 000 доллар, қола жүлдегерге 1 500 доллар беріледі.
Турнир АИБА ережесіне сәйкес, 3 минөттен 3 раунд бойынша өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
СПАРТАКИАДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың 30 пайызға дейіні бұқаралық спортқа тартылуы керек деп міндет қойғаны белгілі. Елбасы Жолдауын қолдау, бұқаралық спортты жетілдіру арқылы көпшіліктің спортқа деген көзқарасын қалыптастыру мақсатында, Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орайластырылып, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен өткізілген медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі 44 спартакиадасы өз мәресіне жетті.
Айға созылған дәстүрлі шараға қаладағы барлық емдеу, алдын алу мекемелері қатысты. Спартакиада барысында арқан тарту, шахмат, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, шағын футбол, балық аулау, орында тұрып секіру, суда жүзу секілді спорттың 9 түрінен жарыстар өткізілді.
Спартакиада қорытындысында бірінші орынды облыстық психо-неврологиялық диспансері, екінші орынды қалалық жедел жәрдем стансасы, үшінші орынды медицина колледжі иеленді. Спартакиада көлемінде белсенділік танытқан командалар да назардан тыс қалған жоқ. “Ең жас, белсенді команда” номинациясы бойынша Қызылорда “Өркениет” медициналық колледжі, “Ең жігерлі команда” номинациясы бойынша Қызылорда облыстық обаға қарсы күрес стансасы, “Бірлігі жарасқан команда” номинациясы бойынша облыстық психо-неврологиялық ауруханасы марапатталды. Суда жүзу спорттық жарысында бірінші орынды иеленген облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы марапатталды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы спартакиада қорытындысында жүлдегерлер мен командалық жеңімпаздар сый-сияпаттар және алғыс хаттармен марапатталды.
Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.