Аймақтар • 13 Ақпан, 2025

Ғалым-композитор Ағайша Исағұлованың 80 жылдық мерейтойы өтті

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақ ұлттық мемлекеттік қыздар университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, әнші, композитор Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлованың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Ғалым-композитор Ағайша Исағұлованың 80 жылдық мерейтойы өтті

Ағайша Исағұлова – QyzPU түлегі, ұлағатты ұстаз, композитор әрі орындаушы. Өмірін өнерімен өрнектеген ол ғылым саласына да саналы ғұмырын арнады. Халық арасында кеңінен тараған 80-ге жуық әннің авторы. Автор орындаған, шығарған, сүйемелдеген 300-ге жуық музыкалық жазба қазақ радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорында» сақталып тұр.

Кезінде  ән кештерін Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Германия, Литва, Украина, Белорусь, Югославия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейде өткізген өнер иесі қазақ өнерін насихаттай жүріп, ғылыми-әдістемелік, музыкалық шығармалар жазды. Осы еңбектері бүгінде жоғары оқу орындарында, мектептерде оқытылып жүр.

Қыздар университетін тәмамдап, еңбек жолын кәсіби маман тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз өзіне құрмет көрсеткен қара шаңырақтың ұжымына, ректоры Гүлмира Қанайға ризашылығын білдірді.

АЛМАТЫ