
Бөктергі – еліміздің орманды дала аймақтарында, Жайық, Ертіс бойында мекендейді. Кейбір тұста Алтайдың арғы-бергі бетінен де ұшырасып қалады. Дене тұрқы 30 см шамасында, салмағы – 130-200 г.
Басты сипаты – жон арқасының қауырсындары қара-көкшіл, сұр келеді. Қанаттарының ішкі жағы көлденең ақ жолақтармен көмкерілген. Тұмсығының түбі сары түспен боялғандай болып көрінеді.
Бөктергі – жыл құсы. Біздің жаққа наурыз-сәуір айларында ұшып келеді де, ағаш басына ұя салады. Жұмыртқа саны 2-ден 6-ға дейін болады. Бір ай шамасында балапан басып шығарады. Күздің басы қыркүйек-қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді.
Байөлкелік этнограф – ғалым марқұм Биқұмар Кәмалашұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» еңбегінде: «Бөктергі – кемірушілерді құртатын жыртқыш құс. Қазақ бөктергіні қолға үйретіп, егіндік жайылымның зиянкестерін үркітіп, ұстатып жояды. Бөктергі кішірек жыртқыш құстарға жатады. Қазақтың кішірек қыран құстармен аң-құс аулау дәстүрінде бөктергінің де өзіндік алар орны бар», депті.
Қазақ құсбегілері бөктергіні қыран шәулілер қатарына қоса бермейді. Мысалы, Ақан сері «Сырымбет» атты әнінде:
«Аулың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қалқа бала,
Бөктергіге қор болып барасың ба...»
деп шырқаса халық әнінде: «Лашын құсқа лайық қалқа бала, Бөктергінің іліндің тырнағына» деп бұл құсты кемсітіңкіреп айтатыны бар. Сондай-ақ
«Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың-ау»,
дегенде жартыкеш шумақ бар.
Жоғарыдағы жыр шумақтарына қарағанда, қазақ құсбегілері қолданған шәулі саят құстары арасында ең нашары осы құс.