
Сурет: ia-centr.ru
«Кейін Павлодарға әдейі іздеп барып, танысып қайттым. Олар қазір Астанада тұрады. Осыны жарияласақ қайтеді?» деп жүрді. 2024 жылы 4 шілдеде уатсаппен «Ассалаумағалейкум! Семейден Серік Малаевпын. Нұраға туралы сөйлессек...» деген хабарлама келді. Ол Алмас-Әлкен ағаның «Екей – Ботақара – Атабай – Тіленді – Нұрғиса – Алмас. Алмастан – Тимур, Нұрлан» жүйедегі шежіресін де салып жіберіпті. 2024 жылы 5 шілдеде Серік Рамазанұлы екеуміз ұзақ сөйлестік. Ол Алмас баласы туралы Нұрғиса ағаның тікелей өзінен естігенін, кейін Павлодарда Алмас-Әлкен ағамен, оның отбасымен кездескенін кеңінен әңгімеледі. «Алмас-Әлкен Нұрғисаұлы сәл орысшалау, жұбайы Галина Дайырбекқызы – жеңгеміз қазақтілді, аңқылдаған ашық адам. Екеуі Астанада тұрады» деп, телефонын берді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Азан шақырып қойған аты – Алмас екен де, бірақ ресми құжатта «Тлендиев Алкен Каймолдаевич» деп хатталыпты. 27 шілдеде Галина Дайырбекқызына телефон шалдым. Алдымен өзімді таныстырып, телефон нөмірін кім бергенін айтып, ағамен кездесудің мүмкіндігін сұрадым. Құдайдың құдіреті, бір мөлтек ауданда тұрады екенбіз, арамыз – 400 метр шамасы. Тіптен олардың бір баласы біздің «Орбита» тұрғын үй кешенінің тұрғыны болып шықты. Содан ол кісі: «Кешке үйге келіңіз. Жақын танысып, әңгімелесейік» деп, қонаққа шақырды. Мен есіктен кіргенде, Әлкен аға құшақ жая қарсы алып, екеуміз көптен көрмеген бауырдай құшақтасып амандастық. Шынында да ағамыз сом денелі, қараторы, жайдары жүзді азамат, ал жеңгеміз ашық-жарқын кісі екен. Аман-саулықтан кейін бірден шешіліп әңгімеге кірістік. Дастарқан үстінде салмақты әңгіме айтылып, арасында альбомнан суреттер көріп отырдық. Мен кітаптар мен газеттерге үңіліп, кейбірін парақтап, біраз сыр бөлістік. Кетерде «асықпай үйде оқып шығайын» деп қызыл папкаға жинақталған материалдарды уақытша сұрап алдым. Үйге келген соң қарасам, ішінде 2015 жылы 17 қыркүйектегі «Дат» газетіне шыққан Ерлан Ахметсәлімұлының «Алмас Тілендиев кімнің ұлы?» атты мақаласы бар екен. Онда Нұрғиса ағамыздың пианиноға оң қолының шынтағымен сүйеніп, сол қолына нота қағазын ұстаған және оның астында Алмас-Әлкеннің аккордеон тартып отырған суреті беріліпті. Газеттің 2-бетінде Әлкен ағамыздың перзенттерінің, немерелерінің суреті жарияланыпты. Осы материалдан мына дерек аңғарылды:
1) Тіленді Атабайұлы мен Салиха анамыздан Баймолда, Қаймолда, Нұрғиса атты үш ұлы туған; 2) Тіленді Атабайұлы 1932 жылы дүниеден өткен; 3) Қаймолда әскери борышын өтеп келіп, 1937–1938 жылдары Фатима Байтасқызына үйленген; 3) Қаймолда мен Фатиманың арасында Лариса атты қыз бала болған; 4) Баймолда, Қаймолда, Нұрғиса Тілендиевтердің үшеуі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан; 5) Баймолда мен Қаймолда майданнан оралмаған; 6) Қаймолда соғысқа кеткенде Фатима келіні қызымен енесі Салиханың қолында қалған; 7) Нұрғиса Тілендиев соғыста Курскіден Берлинге дейін барып, 1945 жылы елге аман-есен келген; 8) Екі баласы (Баймолда мен Қаймолда) бірдей «қара қағаз» алғанда, шерменде Салиха ана Қаймолдадан қалған жалғыз немересі Ларисаны жатқа жібермеуді ойлап, ата салты әмеңгерлік жолымен жесір келіні Фатимаға тірі келген кіші ұлы Нұрғисаны қосып, бәрі Алматыдағы теміржол вокзалының жанында тұрған; 9) Нұрғиса 1945 жылы Алматы консерваториясына оқуға түскен; 10) Ол қазақ радиосы оркестрін басқарған; 11) 1949 жылы Мәскеу консерваториясының опера дирижері мамандығына оқуға түсіп, оны 1952 жылы бітірген.
«Жас Алаш» газетіне 2017 жылы 30 наурызда жарияланған Сайлау Байбосынның «Тұлпардан қалған бір тұяқ немесе Алмас кімнің баласы?» атты материалы ішінде Нұрғиса аға мен Фатима апамыздың мөлдіреген жас кезінде бірге түскен суреті, орта шенінде Әлкен аға мен Галина жеңгеміздің суреті және Нұрғиса ағаның соғыста қаза тапқан әскери формадағы ағасы Қаймолда мен Фатима апамыздың тарихи суреті тайға таңба басқандай жарқырап тұр. Төрт дерек ерекше есте қалады: 1) Журналистің «Неліктен осы уақытқа дейін үн-түнсіз жүрдіңіз?» деген сұрағына Әлкен аға: «Менің мақсатым қайткенде де Нұрғисаның баласы екенімді дәлелдеп, атымды шығару емес, бауырым. Жетпістің жотасына шығып отырмын. Соңымда өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Балаларым кейде «Біздің атамыз кім?» десе, жауап бере алмай қиналып қаламын. Төлқұжатта менің тегім – Тілендиев Әлкен Қаймолдаұлы. Мен 1947 жылы дүниеге келіппін. Анам соғыста қаза тапқан бірінші күйеуі Қаймолданың аты ұмытылмасын деп, мені сол кісінің атына жазыпты...» деп жауап қатыпты; 2) Галина жеңгеміз сол кездегі президент Н.Назарбаевтың атына хат жазыпты; 3) Сол кездегі мемлекет басшысы бұл хатты Мәжіліс депутаты болып жүрген Серік Үмбетовке (бұрынғы Алматы облысының әкімі) жолдапты; 4) Серік Әбікенұлы ерлі-зайыпты Әлкен, Галина Тілендиевтерді Астанаға шақырып сөйлесіпті; 5) С.Үмбетовтің кеңесімен Әлекең мен Галина жеңгей кенжесі Нұрланды, немересі Мәдиді алып 2015 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайынан бастап Нұрғиса әкесінің басына барып тәу етіп, туыстарымен, әулет ақсақалдарымен жүздесіп, шер тарқатыпты.
Халық қаһарманы, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, біртуар композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Атабайұлы (Тілендіұлы) Тілендиев сұхбаттарында «Атабай – атам. Әкем – Тіленді» деген.
Кеңес заманында қазақтың тегі мен әке есімі әбден шатасқан кез аз болмаған. Мысалы, күй-анасы Дина Нұрпейісованың тегі болып жүрген Нұрпейіс – оның күйеуінің аты...
«Қаһарман Нұрғиса» (Алматы, «Санат» баспасы, 1999) жинағының 20-бетіндегі: «Ата! Сізді «Халық қаһарманы» атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Тілендиев Алмас жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан. Баянауыл, 31.08.1998» деген құттықтау біраз сырды аңғартады деп ойлаймыз.
Алматы облысы Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев (бұрынғы Шилікемер) ауылында тұратын өнер тұлғасының сыныптасы Сәрсенбай Қожамжаровтың жұбайы Ұмытшақ Доспанбетқызы жазған «Жақсыдан қалған бір тұяқ» атты қысқа естелікте әмеңгерлік салтымен қосылған жеңгесі Фатима мен Нұрғиса ағамыздың ұлы Алмас-Әлкен ағамыз туралы әдемі дерек айтылыпты («Өткен өмір». Алматы, 2022, 39-б.) Жазушы Сайлау Байбосын мен Галина Тілендиеваның «Тұлпардан қалған бір тұяқ» атты кітабында Фатима апай мен Нұрғиса ағаның бірге түскен суреті бар (Астана, «Центр Элит» баспасы, 10-б). «Шилікемерде» атты естелікте де Нұрғиса Тілендиев пен оның ұлы Әлкен-Алмас Тілендиевтің тағдыры туралы айтылған (51-б.). Ерейментау ауданының құрметті азаматы, ақын Сайлау Жылқыбаевтың «Тілендиевтердің әулетіне» атты өлеңінің де мән-мағынасы терең (96-б.).
Жаратқанның бізге бұйыртқан мүмкіндігі шығар, Астанадағы пәтерінде Әлкен Тілендиевпен емен-жарқын сұхбаттастық. Енді асылдың сынығына қойған сұрағым мен оның қайтарған жауабына назар аударыңыздар:
– Аға, жас кезіңізде әкеңіз туралы және тегіңіздің композитор Нұрғиса Тілендиевке қатысы бар-жоғын анаңыздан сұрап көрдіңіз бе?
– Иә, жас кезімде сұрадым. Менің анам – қазақ қыздарының ішіндегі алғашқы заңгерлердің бірі Фатима Байтасова. Біздің түсінігімізше сот, прокурор, милиция, әскери адамдардың түсі суық, мінезі қатал болады ғой. Менің әкем туралы сұрағыма «Ол біздің туысқанымыз» деп қысқа қайырған.
– Анаңыз Фатима апай мен әкеңіз Нұрғиса ағаның бірге түскен суреті «Жас Алаш» газетінде жарияланған. Ол сурет кімде?
– Біздің үйде.
– Олар бірге тұрмай, аралары алшақтап кеткеніне не себеп болды деп ойлайсыз?
– Біріншіден, анам Фатима Байтасқызы – Нұрғиса әкемнің жеңгесі яғни Қаймолда ағасының әйелі. Әкем Нұрғисадан алты жас үлкен.
Екіншіден, әкем бұрын үйленбеген асау. Тұла бойы тұнған өнер адамы. Сері. Үшіншіден, ол соғыстан аман-есен қол-аяғы сау келіп, консерваторияға түскен жалындаған 20 жастағы студент. Төртіншіден, айналасы қызғалдақтай құлпырған жас қыздар мен күйеулері соғыстан қайтпаған, сормаңдай, еркекке сусап отырған жап-жас жесір келіншектер. Бесіншіден, бұрын үйленбеген жас жігіт өзімен қатар қыз-келіншектер тұрғанда өзінен аттай алты жас үлкен, балалы әйелмен тұруға намыстанған шығар. Алтыншыдан, Нұрғиса Тілендиев 1949 жылы Мәскеу консерваториясының опера дирижері факультетіне түсіп, оны 1952 жылы бітірген. Қайын-күйеуі тағы үш жылға Мәскеуге оқуға кетсе, сүйіп қосылған күйеуінен өлі айрылып, әмеңгер күйеуінен тірі айрылып отыруға қандай жас, көзі ашық, заңгер әйел көнеді? Қалай құр шаңырақты күзетіп отырады?.. Міне, осы факторлар әкем мен анамның бірге тұрмай, екеуі екі жаққа кетуіне себепші болғаны анық.
– Сіздің арманыңыз қандай?
– Арман кімде жоқ дейсің? Менің жалғыз арманым – жасым 80-ге таяған шақта генетикалық әкем Нұрғисаның атын алып, көзімнің тірісінде оның ұрпағы бар екенін дәлелдеу. Әрине, соғыста мерт болған Қаймолда әкемізді қастерлейміз, ұмытпаймыз. Аллаға шүкір, өз дүнием өзіме жетеді. Жағдайым жақсы. «Ұлым ұяда, қызым қияда» дегендей, немерелерім бар. Одан басқа менде арман жоқ.
Әлекең жұбайы Галина Дайырбекқызы перзенті Алтынай 1991 жылы мектеп бітіргенде енесі Фатима Байтасқызы екеуі Алматыға Нұрғиса атасының үйіне барғанын айтады. Сондай-ақ өнер тұлғасы «Отырар сазы» оркестрімен Павлодар облысына гастрольдік сапарға барғанда Баянауылдағы шаңырақтарына аялдағанын еске алыпты. Концерт басталарда жұртқа: «Мынау – менің келінім. Өзі орыс болса да, баланы қазақша табады» деп, ду күлдіргені де бар екен. Ондағысы келінінің шешесі орыс екенін меңзегені. «Марқұм атам «неординарный» адам еді ғой. Халық та ол кісіні еркелететін, өзі де халыққа еркелеп жүретін» дейді Галина жеңгеміз.
Нұрғиса Тілендиев – таусылмайтын дастан, аяқталмайтын өнер эпопеясы. Ұлт көрермені «Abai.tv» арнасының «Бірегей» бағдарламасынан «Нұрғисаның жұмбағы» атты деректі шығарылымды көріп, бір марқайып қалды. Мұнда Нұрекең өмірінің соңғы кездері туралы Серік Үмбетов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Уәлихан Қалижанов, Жұмабай Шаштайұлы, Ермұрат Үсенов, Жалғасбек Бегендіков, Дүйсебай Шаштайұлы, т.б. құнды әңгімелер айтты. Осы хабарда Нұрғисаұлы туралы да аз-кем мағлұмат берілді. Тілендінің інісі Тілегеннің бір баласы Жапар екен де, соның ұлы Қуандық: «2019 жылдан Алмас-Әлкен ағамызбен жиі араласып тұрамыз. Себебі ол – Нұрғиса атамның тұяғы ғой» деп бір түйіндеді.
2024 жылы 20 наурызда «Egemen Qazaqstan» газетінде Мұрат Қапанұлының «Иса ақыннан қалған домбыра» атты мақаласы жарық көрді. Иә, рәмізді ақпарат. Тәуелсіздігіміздің арқасында талай-талай тұлғаның ұстаған, пайдаланған бұйымы мен жазбасы табылып, халық игілігіне айналып жатқаны – сөзсіз қуанышты жағдай. Ал енді тікелей тұяғы табылып жатса, қалай марқаймаймыз? Ендеше, қазіргі «Отырар сазы» мемлекеттік-фольклорлық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева жалғыз емес екен. Қаншама өнер тұлғалары шыққан Керекудің Баянауылында өніп-өскен, қазір Астанада тұратын Алмас-Әлкен Нұрғисаұлы есімді туған ағасы оның ешқашан жалғыз болмайтынын айғақтағандай.
Алмас-Әлкеннен тараған Тимур, Алтынай, Нұрлан сынды ұл-қыз, Дінзухрадай талантты қарындасымыз мэтр Нұрғиса Тілендиев өнер әулетінің, зәузатының жалғасы болары айдан анық.
2024 жылы 23 қыркүйекте Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің XI конференциясына келген осы саланың Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция генерал-майоры, ел ағасы Сағынжан Асыл-Кенейге Нұрекең ұрпағы туралы айтқанымда, ол кісі: «Конференциядан соң Алмас Нұрғисаұлына барып танысып, сәлемдесейін. Бес минутқа болсын үйіне кіріп шығайық» деді. Бұл аз-кем ұшырасу да сәтімен өтті. Міне, ағайындық арқау. Асыл аға тұяғына деген сағыныш.
Осы әңгіменің шет жағасын 30 қазанда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал композитор, Қазақстан Авторлар қоғамы кеңесінің төрағасы Балнұр Қыдырбекке хабарлағанымда, сәл ойланып: «Е, тағдыр-ай десеңізші! Нұрғиса Атабайұлы науқастан қиналып жатқанда маған «Баянауылда Алмас деген бір бауырың бар. Шешесі – судья» деген еді...» деді.
Н.Тілендиев туралы «Нұрғисаның жұмбағы» атты деректі хабарда өнер тұлғасының асыл жары Дариға жеңгеміз: «Ұлымыз болмаған соң, туысымыздан қалап Даниярды асырап алып едік, ол да Нұрағадан кейін бір жылдан соң өмірден өтті» деп мұңайғаны есімде қалыпты... Бірақ ауыр да тағылымды тағдыр өнер корифейін қадір тұтқан халық алдына айналдырып келіп асылдың сынығы Алмас-Әлкен Нұрғисаұлын шығарды. Біздің мақсат – руханият жанкүйерлері мен тұлпардың тұяғы арасына алтын көпір болу. Биыл ұлтымыздың сүйікті перзенті, дарынды дирижер, дәулескер домбырашы, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді. Маңдайы ашық, түп-тұқиян қадір-қасиетіне асық Алмас Нұрғисаұлы отбасымен сол елдік, әлемдік іс-шаралардың жуан ортасында даңқты әкенің өнер тағылымын халықпен бірге қызықтайды деп сенеміз.
Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ,
полиция ардагері, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, Композиторлар одағының мүшесі