07 Ақпан, 2015

Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
10960813_654162011378334_1817268833_oТараз мемлекеттік педаго­гикалық институтының ұйыт­қы болуымен Жамбыл о­б­лыстық көрме залында Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай «Өнер – ата-дәс­түр мұ­расы» атты көрме ұйым­дас­тырылды. «Кәрі тарихтың қой­науына үңілер болсақ, ат­тың жалында, түйенің қомында күн кешкен қилы-қилы заман­дарда қаншама ел мен жұрт түрлі алапаттардың жой­қынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Тіпті, жер бетінен жоғалып кеткендері де жетерлік. Аллаға шүкіршілік, ұлан-байтақ жеріміз, төрткүл дүние мойындаған егемен мемлекетіміз бар. «Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі» деген, бұл іс-шараның жас ұрпаққа берер тәлімі зор», дейді оқу орнының ректоры, профессор Дария Қожамжарова. Көрмеге аталмыш оқу ор­нының Шығармашылық ма­мандықтар факультетінің оқы­тушылары мен студент­тері­нің 60-тан астам қолданбалы өнер және кескіндеме жанрындағы туындылары қойылды. Атап айтқанда, Қ.Нұрбайқызының «Айша бибі», А.Аманжолдың «Шебер қолы», А.Нейфелбдтің «Бесік», А.Жанқожаеваның «Караван» атты картиналары тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Ал, Ж.Тұрмаханованың «Бәйтерек тарихы», Ш.Жұ­малиеваның «Астана жолы», Г.Нұрпаштың «Ертегі әлемі», Ж.Қилыбаеваның «Көк­тем көңілі», А.Фиешканың «Нежность» тақырыбындағы өнер туындыларында егемен елі­міздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстары көркем бейнеленген. Сонымен қатар, ұлттық музыкалық аспаптар мен киімдер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылған заттар қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.