
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
«Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары», деді Мемлекет басшысы.
Осыдан кейін 20% емес, 16%, 10%, 0% деген сараланған нұсқа ұсынылды. Президент тапсырмасын Үкімет мүшелерінен құралған арнайы жұмыс топтары Астана, Алматы, Шымкентте және еліміздің барлық өңірінде бизнес өкілдерімен кездесу жасап, салық реформасын егжей-тегжей талқылап жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов 13 ақпан күні Петропавлда өткен бизнес өкілдерімен кездесуде басты мақсат салық-бюджет реформасына қатысты мән-жайды жан-жақты талқылау, сондай-ақ қоғамда пікірталас тудырып отырған сұрақтарға жауап беру екенін айтты. Үкімет басшысы салық жүйесіндегі кез келген өзгерістердің ең алдымен бизнеске қатысы барын, алайда мемлекет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.
«Қазір бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болды. Салық мөлшерлемелерін төмендету және жеңілдіктерді енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстарды кірістерден айтарлықтай жоғары ететін бюджет теңгерімсіздігіне әкелді», деді О.Бектенов.
ҚҚС әсері: инфляция 3%-дан аспайды
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, кәсіпорындардың 4%-ы ғана ҚҚС төлеп отыр. Көптеген компания салықтан жалтару үшін саналы түрде бизнесін бытыратып тастаған.
«ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру арқылы бюджеттің тұрақсыз мұнай кірісіне тәуелділігін азайтуға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге болады. Мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға жол ашылады», деді вице-премьер.
Мамандардың айтуынша, салықтың көтерілуі Ұлттық қорға тәуелділікті азайтады. Түскен қаражат инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және қорғаныс салаларын дамытуға жұмсалады. Осы ретте инфляцияға қандай әсері болады деген сұрақ туындайды.
«Салықтың көтерілуінен туындайтын инфляция уақытша сипатқа ие және бір жыл ішінде реттеледі. Қосымша инфляция 3%-дан аспайды деп жоспарланып отыр», деді С.Жұманғарин.
Экономика «көлеңкеден» «күнгейге» ауыса ма?
Кей сарапшылардың айтуынша, қосылған құн салығының мөлшерлемесі өссе, «көлеңкелі» экономиканың үлесі де артады. Алайда зерттеулер мен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, «көлеңкелі» экономиканың деңгейі ҚҚС мөлшерлемесіне тікелей байланысты емес. Мысалы, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15% болған кезде, «көлеңкелі» экономиканың үлесі 19,8% болды. 2016 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12%-ға төмендегенде, бұл «көлеңкелі» экономиканың азаюына ешқандай әсер етпеді. Керісінше, оның бизнестегі үлесі 9,2%-ға дейін өсті. 2023 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% деңгейінде сақталғанымен, заңсыз бизнес үлесі 3,5%-ға дейін төмендеді. Демек ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі «көлеңкелі» экономиканың деңгейіне тікелей әсер етпейтінін байқаймыз. Мысалы, Германияда ҚҚС мөлшерлемесі – 19%, «көлеңкелі» экономика – 11,2%. Ұлыбритания мен Аустрияда ҚҚС мөлшерлемесі – 20%, ал «көлеңкелі» экономика тиісінше – 10,1% және 8,8%. Ал елімізде ҚҚС мөлшерлемесі – 12%, «көлеңкелі» экономиканың үлесі – 17,6%. Алайда әр елдегі жағдай әртүрлі.
«Біріншіден, экономиканың ашықтығы артады. Әсіресе экспорттаушылар үшін бұл маңызды. ҚҚС мөлшерлемесі жоғары болған сайын қайтарылатын сома да көбейеді. Бұл кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығуға ынталандырады. Екіншіден, бухгалтерлік есепті автоматтандыруға сұраныс артады. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі кәсіпорындардың цифрлық жүйеге көшуіне ықпал етуі мүмкін. Үшіншіден, салықтық бақылау күшейеді. ҚҚС мөлшерлемесі өскен сайын, салық органдары есептілікті жетілдіріп, салықтан жалтару жолдарын азайтуға тырысады», дейді салық мамандары.
Сауда тәртібі түзелсе, салықтың да есебі түгел
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әміриннің айтуынша, қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегінің жоғары болуына байланысты кәсіпкерлер бизнесін бөлшектеп, салық төлеуден жалтарады. Соның салдарынан мемлекет жыл сайын шамамен 800 млрд теңге көлемінде табыстан айырылады.
«Біріншіден, орта бизнесте де-факто бар, де-юре жоқ. Яғни кей кәсіпкерлер ҚҚС-тан жалтару үшін бизнесті бірнеше ұсақ құрылымға бөледі. Ірі кәсіпорындар бірнеше ЖШС-ға таратылған. Екіншіден, бюджетке түсетін қаражат азаяды. Мұндай схемалар ел экономикасына үлкен шығын келтіреді. Үшіншіден, әділ бәсекелестік заңдылығы бұзылады. Салық төлейтін адал кәсіпкерлер «көлеңкелі» экономикада жүргендермен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Төртіншіден, ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету және жеңілдетілген арнайы режімді тек B2C бизнеске қолдану ұсынылып отыр. Бесіншіден, мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен әрекеті маңызды. Егер бизнес салық әділеттілігін қолдамаса, мемлекеттік органдар «көлеңкелі» экономиканы жоюда толық нәтижеге жете алмайды», дейді вице-министр.
Оның сөзінше, ҚҚС-тың жалпы белгіленген мөлшерлемесі – 16%. Бірақ азық-түлік және дәрі-дәрмек өндірушілер бұл салықтан толық босатылмақ. Бірқатар сала үшін – 10% аралық мөлшерлеме бекітіледі. Үкіметтің ұсынысы әзірге осындай. Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдемесіне қарағанда, ҚҚС-қа қатысты реформаға кірмейтіндер де бар.
«Бөлшек сауда өкілдерінің – шағын дүкен, дүңгіршек, мейрамхана, шаштараздардың бұл реформаға мүлдем қатысы жоқ. Олар бұрынғыдай бөлшек сауданың арнайы салық режімінде жұмысын жалғастыра береді. Жылдық жиынтық табысы 2,4 млрд теңгеден аспаса 4% мөлшерлемемен салық төлейді», деді.
ҚҚС мөлшерлемесі өссе де жеңілдіктерін сақтап қалатын салалар бар. Азық-түлік өнімдерінің кейбір түрін шығаратын, жануарлар терісі мен жүнін өңдеумен айналысатын компаниялар ҚҚС мөлшерлемесін 70%-ға дейін төмендетуге құқылы. Кәсіпкер мұндай жеңілдіктерді алу үшін өнімдерге бөлек есеп жүргізуге тиіс.
Табыс айналымы межелі шектен аспаса ҚҚС төлемеуге де болады. Шаруа және фермер қожалықтары (бірақ шаруа қожалығы жұмысына керек тауарларды импорттаса, онда ол ҚҚС төлеуге тиіс); автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарына арналған бөлшек өндірушілер: бөлшек салық төлеушілер (бірақ қажет болған жағдайда бөлшек сауда салығын төлеушілер ҚҚС бойынша есепке тұра алады); еркін экономикалық немесе логистикалық аймақ аумағынан тауар импорттайтын компаниялар (бекітілген шарттарды сақтаса) салық төлемінен босатылады.