
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бір күндік әдістемелік жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев сөз бастады. Ол осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға, ел мен жерге деген құрмет сезімін тудыратынын атап өтті. Сондай-ақ тәрбиелік мәндегі басқосулар азаматтардың патриоттық рухын көтеруде маңызды рөл атқаратынын айта келе, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«Бұл жиынның білім басқармасы жанындағы «Әдістемелік орталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің» директоры Шолпан Айтбаева мен Абай, Әл-Фараби, Тұран аудандарының біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Ғалымжан Факирдиновтің өзара әріптестігі аясында бекітілген жоспарға сай өтіп жатқанын білеміз. Бұл семинар алға қойған мақсаттарымыздың орындалуына оң септігін тигізіп, өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеуге барынша ықпал етеді деп кәміл сенемін», деді Ә.Шегебаев.
Ашық сабақ түрінде өткен семинарда мамандар әртүрлі әдістемелермен бөлісті. Айталық, информатика пәнінің мұғалімі Айман Баумұратова дәріс барысында әскери роботтехниканың негіздері мен әскери роботтардың түрлері және оларды қалай қолдану керектігі туралы жан-жақты түсіндіріп берді. Бұл ретте ұйымдастырушылар осы сабақ арқылы семинарға қатысуға келгендерге заманауи технологияларды таныстырып, әскери роботтехниканың маңызды тұстары жөнінде мәлімдеді. Әсіресе соғыс әрекеттерін жүргізуде қолданылатын маңызды құралдар – әскери роботтарды балалар қызыға қарады.
Сонымен қатар әдістемелік жиын кезінде дене шынықтыру пәнінде жарақат алып қалмаудың алдын алу, ойын барысында қауіпсіздік шараларын сақтау туралы кеңестер айтылып, балалардың денсаулығын нығайтуға, олардың физикалық белсенділігін арттыруға байланысты тиісті нұсқаулықтар мен бағыт-бағдарлар берілді.
Семинарда жол жүру ережелері мен қауіпсіздік шараларына қатысты дәрістер оқылды. Соның барысында жергілікті полиция департаментінің қызметкерлері жол жүру ережелерінің қауіпсіздігі жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жол полициясы өкілдері әскери жетекшілерге жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп берді. Себебі бұл шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ мойнына міндет алған азаматтардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді деп атап өтті.
Ал Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжден келген өкілдер жастарды әскер қатарында Отан алдындағы борышты өтеуге шақырды. Осыған байланысты жас өрендерді ынталандыратын, жігер беретін рухты сөздер айтып, әскери қызметтің маңыздылығы мен артықшылықтары туралы әңгімеледі. Бірнеше тақырыптан құралған семинардың бұл бөлімінде жастар Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйренді. Расында да семинар жастардың келешекте әскери саланы мамандық ретінде таңдауына қызығушылығын оятқан маңызды басқосу болды.
Тәрбиелік іс-шара соңында концерттік қойылым қойылды. Жалпы, семинар азаматтардың отаншылдық сана-сезімін күшейтуге бағытталды. Сонымен қатар бүгінгі әскери салада кеңінен қолданылып жатқан әртүрлі роботтандырылған техникалардың таныстырылымы да қатысушылардың біраз таным-түсінігін кеңейтті. Әсіресе қорғаныс саласының мамандары алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздарына өз тәжірибелерін үйретіп, кәсіби маман ретінде шеберліктерін шыңдау мен жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қандай жолдар мен әдіс-тәсілдер бар екенін көрсетті.
Басқосуда айтылғандай елде бейбітшілікті сақтаудың амалдарының бірі – қорғаныс саласының беріктігі. Ал оны қамтамасыз ету үшін ең алдымен осы елде тұрып жатқан азаматтардың Отанға деген махаббаты, патриоттық сезімдері өте күшті болу керек. Соның ішінде жастардың жүрегі елім деп соғып, сын сағатта бәріне де дайын екенін іштей біліп жүруі қажет. Өз кезегінде өскелең ұрпақтың бойында осындай мінез қалыптастыратын – ұлттық рухтағы тәрбие. Сондықтан ұйымдастырушылар тәрбиелік мақсаттағы әдістемелік семинарлар бұдан кейін де тұрақты түрде жалғасып отыратынын жеткізді.
ШЫМКЕНТ