Түсіністік – бар табыстың бастауы
Облыс орталығындағы «Достық үйінің» алдындағы алаңға қала тұрғындары мол жиналды. Бұрыннан да үлкен мерекелік шаралардың ортасы болып табылатын бұл үй сән-салтанатымен ерекшеленеді. Шара өтіп жатқан алаңда еліміздің Көк байрағы желбіреп, ұлтаралық келісімнің ізгі ниетіндей болған жалаулар мен жалаушалар қала тұрғындарының көңілдерінде көрікті ойды өрбітіп, біртұтас мемлекетіміздің бірлігі мен татулығын тағы да паш еткендей. Олардың арасында сан ұлттардың өкілдері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуына байланысты бұл үлкен шарада ақтөбеліктер тағы да береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың айқын нышанын аңғартты. Облысты мекендеген тоқсанға жуық этностың өкілдері ұлттар достығының берік бекемдігін көрсетті. Бұл өңір қашанда ұлтаралық келісім мен халық достығының мекені болып келеді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстан Президенті, Ассамблея Төрағасы Н.Назарбаевтың алдағы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағанын жұртшылыққа жеткізе келіп, Елбасының құттықтауын оқып берді. Өңір басшысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы Константин Цхай Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтерді.Ту көтеру салтанатында театрландырылған көріністер қойылып, флеш-моб ұйымдастырылды және ҚХА эмблемалары бар шарлар ұшырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының бастау алуына орай облыстық «Достық үйінде» үлкен мерекелік концерт болды. Мерекелік концертте Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филормонияның, қалалық оқушылар сарайының және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің көркемөнерпаздары жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». * АтырауКелісім – ең қымбат қазына
Мұнайлы өңірде де түрлі этностың өкілдері бір ел – бір тағдыр ұстанымымен еліміздің қуатты өркендеуіне лайықты үлесін қосып келеді. Қазір Атырауда әр ұлттың тарихы мен мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін кеңінен насихаттайтын 17 этномәдени бірлестік құрылған. Олардың жетекшілері тек өз бірлестіктерінің ғана емес, сонымен бірге, басқа этностардың да өткізген шараларына белсене араласады. Ал кеше сол бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуына арналған шарада тағы да бас қосты. Бұл шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде өтті. Шара барысында алдымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуына орай қазақстандықтарға арнаған құттықтауын оқып берді. Ал өзге ұлт өкілдері арасынан «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ардагері, қазақ қызымен отау құрып, қазақ жерін қасиетті мекеніне балайтын Сейтамин Акаев, «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Вероника Ли құттықтады. – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бергі 20 жылдың ішінде біз татулық пен достықтың, бірлік пен келісімнің ең қымбат қазына екенін ұғындық. Осы кезеңде кең-байтақ қазақ жерін мекендеген түрлі этнос өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарып, достығы мен бірлігі нығайды, –деді газет тілшісіне «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзе. –Мен Қазақстандай экономикасы қарқынды дамыған, тұрақтылығы мықты, татулығы жарасқан қуатты елде тұратынымды әр уақыт мақтан тұтамын. Балаларымның тек өз ұлтының ғана емес, Қазақстанда тұратын өзге де этностардың құндылығына құрметпен қарауын ұдайы қадағалап отырамын. Бұл күні түрлі этностың өкілдері өз тілдерінде де, өзге этнос тілдерінде де әндер шырқады. Жалпы, жыл аяғына дейін ұлтаралық достық пен татулықты бекіте түсуге ықпал ететін түрлі шаралар ұйымдастырылатыны көзделіп отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ. *КөкшетауБақ-берекенің бесігі
Көкшетауда маңызды саяси оқиғалардың барлығы дерлік Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Менің Қазақстаным» сәулет-композициялық кешенінде кеңінен жалғасын табатын дәстүр қалыптасқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының шымылдығы да осында түріліп, мемлекеттік органдардың, еңбек ұжымдарының, этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдерінен құрылған мерекелік шеру Абай көшесін шаттыққа толтырып, «Менің Қазақстаныма» мерейленіп жетті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен безендірілген кешеннің тутұғырында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының жалауы көтеріліп, жиналған 500 адам бір ауызбен еліміздің Әнұранын орындады. Патриоттық ән-күйлер жігер тасытып, жастардың «Достық» флеш-мобы көңіл тербеді. Жан-жағымыз ел тарихы белестерін елестететін туларға, мемлекетіміздің асыл мақсаттарын асқақтатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының логотиптеріне толды да кетті. Жұртшылық қосылып ән салып, құшақтасып амандасып жатыр. Бұл бүкіл әлемге аты танылған Қазақ елі бейбітшілік пен бақ-берекенің бесігі, ұлттарды ұйыстырған алдыңғы қатарлы жайма-шуақ мемлекет екендігінің белгісі еді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жұртшылықты құттықтау сөзін Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблея жылына арналған үндеуін оқып берумен бастады. – Бүгінде біздің бірлігіміз – «2050» Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Стратегияда көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқау алады. Елбасының татулық пен қоғамдық келісім идеяларын кеңінен көрсетуге бағытталған бүгінгі үлкен шара – мемлекетіміз үшін маңызды оқиға. Біз, ақмолалықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» эстафетасын бірінші болып қабылдап отырмыз. Бұл біз үшін үлкен абырой және жоғары жауапкершілік жүктейді. Айтулы оқиғаға орайластырылған ғылыми-танымдық, бұқаралық шаралар Көкшетаудағы «Достық үйінде», білім ошақтарындағы «Қоғамдық келісім» ұйымдарында, кітапханалар мен музейлерде, сондай-ақ облыстың барлық елді мекендерінде өткізілді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». *ҚарағандыМақсат айқын, міндет белгілі
Кеше Қарағанды қаласында татулығымыздың тұғырын бекіткен түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының сөреден шығуына байланысты салтанатты шаралар болып өтті. Оған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орай жолдаған құттықтауын оқып берді. Мұның алдында Қарағандының орталық алаңында Ассамблея туын көтеру рәсімі өтті. Тудың облысқа танымал адамдардың қатысуымен көтерілгенін атап өткен жөн. Ал бұл шарадан соң әр ұлттың ұлттық киімдерін киген жастар әдеби-музыкалық композиция шеңберінде патриоттық бағыттағы театрландырылған көріністер көрсетті. Қолдарына Ассамблея жалаушасын ұстаған жұртшылық өкілдері Қазақстан Республиканың Әнұранын қосыла шырқады. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуына орай бұл үлкен шара барысында қарағандылықтар тағы да ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың елімізде салтанат құрып отырғанын өздерінің көңіл-күйлерімен паш етті. Бұл өңір ежелден ұлтаралық келісім мен халық достығының ошағына айналған. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының бастау алуына орай облыс орталығында үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылғанын да айта кетейік. Кезінде іргесін білек сыбана, тілек қоса жүріп әр ұлттың өкілдері бекіте түскен кеншілер қаласы қазіргі таңда достығы мен бірлігі жарасқан сан ұлттың перзенттері тату-тәтті өмір сүріп жатқан өндірісті қала саналады. Отанымыздың орталығында ту тіккен шаһар қазіргі таңда өзінде тұратын барлық этностар бірлігінің нағыз нышанына айналған. Достық пен түсіністіктің арқасында Қарағанды қаласында ғана емес, жалпы өңір елді мекендерінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ынтымақпен еңбек еткен халықты көресің. Кешке салым қала орталығындағы алаңда Ассамблея жылына арналған шаралар одан әрі жалғасын тапты. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». * ҚостанайДостық пен бірлік баяны
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының қадамы Қостанайда «Жастар қоғамдық келісімді қалайды» атты жастар флеш-мобынан басталды. Қолдарына алуан түсті гүл, лента, шар ұстаған жастардың «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл!», «17 миллион қазақстандықтың қалауы – достық, бірлік!», «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды!» деген дауысы жарқын естіледі. Қазақстанды құт мекен еткен әртүрлі ұлттардың әуені қалықтады. Достық пен бірлік, адамдар арасындағы шынайы сыйластық және жастар жалыны барда, қыс ауасының қытымырлығы да ығысатындай. Флеш-мобтың салтанатын келтіріп тұрған жастардың алаулаған жүзін аяз өбеді. Жастар жиынында Ассамблея жылының туы салтанатты көтерілді. Оны көтеру құрметі облысқа, республикаға белгілі спортшы жастар Тоқтар Жиентаев, Иван Гербер, Елизавета Яковлева, Марс Ақбалинов, Жадыра Қалиева және Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков пен бүгінгі күннің батыры, бірнеше адамның өмірін өрттен қорғап қалған аға сержант Ерлан Дүзеновке берілді. Ту салтанатты көтерілгеннен кейін жастар аспанға достықтың, бейбіт өмірдің белгісіндей түрлі-түсті шарлар ұшырды. Мұнан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылу салтанаты І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Онда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қостанайлықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуымен құттықтады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы 20 жыл бойы қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің басында тұрды, – деді Нұралы Мұстафаұлы. – 2015 жыл Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Осылай деген әкім Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға құттықтау сөзін оқып берді. Салтанатты жиындағы Қазақстанның өткен тарихи жолы түрлі ұлт өкілдерінің ән-жырымен, биімен бейнеленді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». *ҚызылордаЫрыс ұйыған ел
Сырдың бойында Ассамблея жылының ашылуы сән-салтанатымен басталды. Тұрақтылық пен толеранттылықтың, ырыс пен ынтымақтың ұйытқысындай болған ұйымның мерейін асырып, мейманасын тасытатын шаралар күн ұясынан көтеріле туын тіктеді. «Мұз айдынында» эстафеталық жарыс өтті алдымен. Халық мерекенің берекесіне ауылшаруашылық жәрмеңкесінде куә болды. Онан соң «Сыр Ана» монументінен бастау алған автошеру бүкіл қаланы аралап, Орталық алаңға келіп тоқтады. Бұл сәтте Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туы ресми түрде көтеріліп, «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб өтіп жатқан. Онан кейінгі салтанатты жиын Нартай Бекежанов атындағы драма театрдың сахнасында жалғасты. Түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері өздерінің ұлттық киімін киіп, бір-бірімен айқара құшақтасып амандасып, мерейлі мерекемен құттықтасып, абыр-сабыр күй кешті. Театрдың кіре берісіне әр халықтың өмірінен сыр шертетін бұйымдар қойылып, көрме ұйымдастырылыпты. Ассамблея жылының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының хатын оқып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Аймақ басшысы өз баяндамасында аталған ұйымның мәні мен маңызына тоқталып, қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, бірлік пен ынтымақ болған жерге береке орнайтынын айтты. Салтанатты шараның соңы «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Әрбір ұлттың әні орындалып, биі биленіп, сахна жайнап сала берді. Расында, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді қоғамдық институт әлемнің ешбір елінде жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған ұйым еліміздегі тұрақтылық пен дамудың өзегіндей дүние екені анық. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». *ОралТуыстық туы қашанда жоғары
Кеше Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің алдындағы алаңға батысқазақстандық жұртшылық өкілдері өте көп жиналды. Олар мұнда Ассамблея жылының ашылуына орай өткізілген шараларға қатысты. Ассамблея жылының ашылу рәсімі аясында Мәңгілік Ел көшіне беттеп бара жатқан Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісіне қатысты оқиғаларды қамтитын театрландырылған көріністер терең әсер қалдырды. Бұдан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының эмблемасы белгіленген Жер шарының бейнесі мен Ассамблея жылының туы көкке көтеріле берді. Бұл тамаша қайталанбас сәт «Жастар қоғамдық келісімді қорғайды» атты 400-ге тарта студент пен жастар қатысқан флеш-мобтың түйініне айналды. Келесі кезекте аталған аймақтық жоғары оқу орнының мәжіліс залында ұлттық-мәдени бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен «Ассамблеяның 20 жылдығына – 20 жақсы іс» атты эстафетаның беташары өткізілді. Бұл күні шоқтығы биік шараларға жиналған жұртшылық өкілдері алдында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев батысқазақстандықтарға арналған Елбасының құттықтауын оқып берді. Бұдан әрі облыс басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейінгі тарихы бірлік пен келісім, достық пен туысқандық барша қазақстандықтың басты құңдылығы екенін дәлелдеп бергендігі жөнінде ой қорытты. Ассамблея жылын мерекелеу рухани келісім мен татулыққа негізделген біздің осындай терең мазмұнды байланыстарымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге қызмет жасай алады, деді одан әрі ол. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің батыстағы қақпасы – Оралда өткізілген Ассамблея жылының ашылу сәті жарқын мерекеге айналды. Орал өңірін мекендейтін тілегі бір, мақсат-мүдделері ортақ әртүрлі этнос өкілдері де газет тілшісіне өз ой-пікірлерін жеткізді. Солардың бірі Орал – Жайық казачествосы басқармасының төрағасы Анатолий Авилов бізге былайша үн қатты: – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың баршамызға ортақ қазақстандық қоғамдық келісімді орнықтыру мен қалыптастырудағы баға жетпес қызметін өсірмей, дабыраламай, әсірелемей айтатын уақыт. Бізде бүкіл әлемге үлгі бола алатындай этносаралық жарасымдылық пен үйлесімділіктің қайталанбас моделі жасалды. Біздің күшіміз – бірлікте. Біз Ассамблея рөлі бұдан әрі де көтерілетініне, оның атқаратын қызметі одан әрі нығая беретініне сенеміз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». * ӨскеменЫнтымақтың алтын арқауы
Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орай өткен жалпыхалықтық синхрон-акцияға шығысқазақстандықтар да айрықша үн қосты. Ертеңгілік ерке Ертістің сол жағасындағы Комсомол аралына халық толассыз ағылды. Облыс басшыларымен бірге өңірдегі ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан акцияға барлығы 7 мыңнан астам адам жиналды. Аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік туын зеңгір көкке салтанатты түрде көтеруден басталды. Туды Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбілмәжін Байжұманов, Дмитрий Москальцов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің жастары көтерді. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың акцияның қатысушыларына жолдаған құттықтау лебізін облыс әкімі Даниал Ахметов оқып беріп, биыл елімізде бірқатар айшықты мерейтойлар өтетінін, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылып отырғанын жеткізді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен татулықтың бірегей үлгісіне айналды. Достыққа дәнекер ұлағатты істердің ұйытқысы болды. Биыл еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың алтын арқауына айналған Ассамблеяға 20 жыл толады, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов. Шара соңы мерекелік концертпен жалғасып, Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктердің құрамындағы шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, шаңғыдан жарыс ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық тағам мәзірінен дайындалған «Достық дастарқанынан» дәм татты. Мұз айдынында «Біз достығымызбен қуаттымыз!» атты жастардың флэш-моб акциясы да жұрт назарын аударды. Аталған синхрон-акцияның негізгі тіні – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім және бейбітшілік идеялары ұстанымын паш етуге, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларын жүзеге асыруға, «Мәңгілік Ел» идеясының төңірегіне топтасуға және Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының аясында береке-бірлігіміз бен достығымызды нығайтуға бағытталған. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». *ПавлодарТаңдауымыз – татулық
Облыстағы Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ассамблеяның жастар қанаты, Ұлттық жаңғыру мектебінің ұстаздары, соғыс және еңбек ардагерлері, студенттер, мәдениет, білім, спорт саласының қызметкерлері облыс орталығына кіреберістегі «Бірлік және келісім монументі» жанынан Астанадан келген Ассамблея жылының туын күтіп алды. – Бұл күн бәріміз үшін ерекше есте қалады, елімізге тағы бір мереке келіп қосылғандай, – деді этнобірлестіктер жастар кеңесінің төрайымы Элина Паули. Иә, Елбасы Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Ту көтерген эстафета мүшелері облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрын, Мемлекеттік рәміздер алаңын, Ш.Уәлиханов пен Г.Потанин ескерткіштерін, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішін, «Даңқ» обелискісін айналып өтіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Содан соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туы облыс орталығындағы «Достық үйінің» алаңына келіп жетті. Алаңға Ассамблея туын салтанатты түрде ақын Арман Қани, конькиші Людмила Прокашева, студент Анжелика Креймер, чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Мумади Абдурашид, күйші Олжабай Темірлан, татар-башқұрт өкілі Ринат Абдулкаюмов алып шықты. Ту көтерудің салтанатты рәсімін облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қанат Бозымбаев, «Ватан» әзербайжан қоғамының төрағасы Джафар Махмудов, этномәдени бірлестіктердің төрайымы Элина Паули жасады. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Сонымен бірге, «Достық үйінің» алаңында «Халық достығы» атты флеш-моб ұйымдастырылды. Облыстық ҚХА жастар бірлестіктерінің көшбасшылары «Менің таңдауым – бірлік» деген жазуы бар шарлар ұшырды. Орталық алаңда әртүрлі ұлттардың әуендерінде ән айтылып, би биленді. «Достық үйінде» әртүрлі ұлт өкілдерінің халық қолөнерінің көрмесі ашылды. Облыстық этномәдени бірлестіктердің басшыларымен түрлі кездесулер өткізілді. Апта бойы Ассамблея жылына арналған түрлі шаралар облыстағы аудан, қала, ауылдарда да аталып өтеді. Мектептерде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихының құрылуы, қазіргі жұмысы, болашағы тақырыбында лекция сабақтары жүреді. Сонымен қатар, облыстағы кітапханаларда кітап көрмелері, кездесулер және тағы басқа шаралар ұйымдастырылады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Владимир БУГАЕВ. *ПетропавлТағаттылық тамыры тереңде
Еліміздің өзге аймақтары сияқты Қызылжар өңірінде де Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы салтанатты түрде ашылып, халықтық мерекеге ұласты. Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен жарияланған ресми шара облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды!» атты флеш-мобпен өтіп, ең басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, бірлігіміз бен ынтымағымыз кеңінен жырланды. Соғыс, еңбек ардагерлерінен, жастардан, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени бірлестіктер өкілдерінен құралған мыңдаған адам осында жиналып, бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыра білген табанды да жігерлі жұмыстарына қолдау көрсетті. Иә, Мемлекет басшысының салиқалы да байыпты саясаты арқасында Қазақстанның татулық мекеніне, достықтың бекем ордасына айналғанына ешкім шәк келтіре алмасы анық. Ерік Хамзаұлы солтүстікқазақстандықтарды еліміздің барлық жерлерінде бір мезгілде алауы тұтанған салтанатты мерекенің мәре алуымен құттықтап, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылуына арналған құттықтауын оқып берді. Еңбек ардагері Григорий Кухарь, №17 Ұлттық жаңғырту мектебі тарих пәнінің мұғалімі Ирина Тухватулина өз сөздерінде бақ-береке, ырыс еселенген, әсем ән мен күй тербелген еліміз қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы дамыған, болашағы жарқын мемлекетке айналғанын, кез келген ғаламат жоспарларды іске асыруға қабілетті екенін толғана жеткізді. Облысқа танымал бір топ соғыс, еңбек ардагерлері мен спорт майталмандары Ассамблея туын көтеру құрметіне ие болды. Акция одан әрі еңселі білім ордасының акт залында жалғасып, Ассамблеяның Қазақстан азаматтарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеудегі, олардың арасындағы достық пен ынтымақты нығайтудағы өлшеусіз ісі паш етілді. Соның нақты көрінісі ретінде жүзден астам этностардың басын біріктіріп отырған өңірдің берекелі де мерекелі келбеті әр жүрекке нұр болып құйылып жатты. Мерекелік концерт «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты вокальді-хореографиялық композициямен ашылып, сахнаға кезекпе-кезек көтерілген «Арай», «Қарлығаш», «Дружные ребята», «Экспромт», «Алуа», «Қуанамын» би ансамбльдері әр халықтың билерін нақышына келтіре орындап берді. Түрлі тілдерде шырқалған әндерді көрермендер өте жылы қабылдап, үлкен ықыласпен тыңдады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. *ТалдықорғанЖарасымды жалғаған жыл
Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орай салтанатты жиын өтті. «Ғасырлар үндестігі» атты Қазақ хандығының 550 жылдығынан сыр тартқан театрландырылған көрініс Шоқан, Сүйінбай, Абай туындыларын паш ете Көк байрақты желбірете ел болып Әнұранды орындаумен ұласты. Елбасының Ассамблея жылы аясындағы халыққа арнаған құттықтауын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оқып берді. Ассамблея жылының туы көтеріліп, әр этнос өкілдері ұлттық билерін билеп, мерекелік ән шашумен көңілдерге қуаныш нұрын себе білді. Белгіленген кестеге сәйкес, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» атты ауыспалы эстафетасының символы Ақсу ауданының өкілдеріне тапсырылды. Жыл соңына дейін бұл тайқазан Алматы облысының аудандары мен қалаларын аралата өткізіліп, Астанаға жеткізілетіні де хабарланды. Сондай-ақ, республикалық, облыстық деңгейлерде түрлі салалар бойынша байқаулар өткізілетінін де сала өкілдері жариялады. Беларусь майданына қатысқан ардагерлерге «Беларусь мемлекетінің неміс басқыншыларынан азат етілгеніне – 70 жыл» медалін облыс әкімі осы күні табыс етті. Айтулы шараның тағы бір артықшылығы сахна төріне көтеріліп, ізгі ниеттерін білдірген түрлі этнос өкілдерінің барлығы таза қазақ тілінде еш мүдіріссіз сөйлеп, жамиғаттың қошеметіне бөленді. Осынау ізгілікті «Тіл-парасат» республикалық байқауының жеңімпазы Татьяна Бедарева «мемлекеттік тілге деген құрметіміз» деп түйіндеді. Жетісу жерінде тұратын 103 этнос өкілі бас қосқан жиын «Қазақстан – Нұрсұлтан!» ұранымен әрленіп, бауырсақ мерекесімен шадыман шаттыққа бөледі. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». *ТаразШаңырағы биік шаттық мекені
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп Елбасымыз айтқандай, Қазақстан көптеген ұлттардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған тұғырлы мекен. Иә, осынау уақыт аралығында жас барыстай қуатты мемлекетіміз әлемге өзін танытып, дамудың қарышты қадамдарын жасаған серпінді ел ретінде мойындалып үлгерді. Ең бастысы, сүттей ұйыған ұлттар татулығының жарқын үлгісіне айналды. Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының Жамбыл жерінде басталған салтанатты сәттерін әулиеаталықтар береке, бірлігімен қарсы алды. Қасиетті Әулиеата өңірі – ежелден достықтың киелі мекені. Жалпы, Жамбыл облысында сексеннен астам ұлттың өкілдері тұрады. 26 облыстық, 47 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл күні Тұңғыш Президент саябағынан басталған марафон, «Баласағұн» ОКЗ алдындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын салтанатты көтеру рәсімімен жалғасты. Жастар жеткізген Достық туын мұнан соң Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, қоғам қайраткері Александр Савченко және Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев тұғырға бекітіп, салтанатты жағдайда биікке көтерді. Сондай-ақ, «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» жастар флеш-мобы, «Шебер» халықтық-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының бастау алуы» синхрон-акциясының салтанатты ашылуы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». * ШымкентЖаса, самға, Қазақстан!
Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Оңтүстік Қазақстан облысында жүзден аса әртүрлі этнос өкілдері, жиырма мәдени-ұлттық бірлестік жұмыс жасайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – бейбітшілік пен келісім, татулық, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол», яғни жаңару жылымен астасып жатқан құтты жыл. Сөз алған этнос өкілдері ойларын еліміз үшін басты құндылықтар болып саналатын осы жайттардан алып жатты. Ассамблея туын салтанатты түрде алып шыққан спортшыларды уақытында Қазақстан бокс құрамасының капитаны болған, еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО-ның төрт дүркін, Еуропаның екі дүркін, Азия мен Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұржан Сманов бастап шықты. Ал 15 метрлік туды көтергендер – даңқты балуан Бисолт Дециев, ауыр атлетші Андрей Макаров, боксшы, Олимпиаданың қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев. Бұл салтанатты шарадан кейін «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флэш-моб оңтүстік өрендерінің орындауында көпшілік назарына ұсынылды. Ал Оңтүстіктен бақытын тапқан этнос өкілдерінің салтанатты шеруінен кейін облыстық мәслихаттың депутаты, «Ел бірлігі» депутаттар тобының жетекшісі Әбілқасым Досболов құттықтау сөз сөйледі. «Түркістан» сарайында жалғасқан мерекеде облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған құттықтау сөзін оқыды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.