
Азия чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, Азия ойындарының қола жүлдегері Әлімхан Сыздықов Суздальда өзін жақсы қырынан көрсетті. Алыптармен айқасып жүрген нар тұлғалы жігіт бастапқы бәсекелерінде жеңіске жетіп, жартылай финалда армениялық Альберт Варданянды жықты. Финалдық бәсекеде Бисолт Дициев жаттықтыратын балуанның жолы былтыр Ресей чемпионы, башқұртстандық Нохчо Лабазановпен қиысты. Шешуші сайыста қарсыласына адым аштырмай, өте сауатты күрескен Әлімхан алтын медальды мойнында жарқыратты.
55 кг салмақтағы Марлан Мұқашев қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін сайыста ол краснодарлық Артем Сагалаковты 9:1 есебімен ойсырата ұтты. Дәл сол тұғырдан көрінуге тағы екі жерлесіміздің мүмкіндігі болды. Мейіржан Шермаханбет (67 кг) алғашқы айналымдардың бірінде командалас әріптесі Дінмұхамед Қошқарды жолынан ығыстырды. Бірақ шешуші тұста білгенінен жаңылды. Әуелі Ямало-Ненецкінің өкілі Азамат Ахмедовтен ұтылып, одан кейін алтайлық Максим Новичихиннің алдында дәрменсіздік танытты. Нәтижесінде бесінші орынды қанағат тұтты. Дәл сол межеде Бекжан Қабдол Мәскеу облысының өкілі Анвар Аллахьяровтан айласын асыра алмады.
77 кг салмақта Әділет Төлеубаев қола медальды қанжығасына байлады. Ресейде туып-өскен қандасымыз Мәскеу облысының атынан сынға түсті. Жартылай финалда Исмаил Мараховтан (Мәскеу қаласы) ұтылған ол үшінші орын үшін тартыста Дмитрий Адамовтан (Владимир облысы) басым түсті.
Кутузов мемориалының жеңімпаздары: 55 кг – Ихтиёр Ботиров (Өзбекстан), 60 кг – Январ Аллахьяров (Мәскеу облысы), 63 кг – Сергей Емелин (Мордовия), 67 кг – Руслан Бичурин (Мордовия), 72 кг – Ален Мирзоян (Свердлов облысы), 77 кг – Имран Әлиев (Краснодар өлкесі), 82 кг – Ислам Әлиев (Краснодар өлкесі), 87 кг – Абуязид Манцигов (Владимир облысы), 97 кг – Адлан Амриев (Башкұртстан), 130 кг – Әлімхан Сыздықов (Қазақстан).