Спорт • 19 Ақпан, 2025

Дзюдо: Ерасыл ғана ерледі

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Бакуде өткен Гранд-Слэм турниріне еліміздің 26 балуаны аттанып, солардың арасынан жалғыз ғана Әбиба Әбужақынова жеңіп алған жүлдені қанағат тұттық. Сол кезде көңіліміз кәдімгідей құлазып қалған еді.

Дзюдо: Ерасыл ғана ерледі

Биылғы нәтижеміз де дәл солай болды. Әзербайжанның бас шаһарында татамиге шыққан 12 балуанның дені жарты жолға жетпей сүрінді. Атап айтсақ, Ұлықбек Әбілқайыр (60 кг), Данияр Құлышев (60 кг), Қанат Сейілхан (66 кг), Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг), Қуаныш Ратаев (90 кг), Ермұхан Естай (100 кг) тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Әділбек Берікұлы (66 кг) мен Дидар Хамза (90 кг) екінші айналымнан аса алмады. Оларға қарағанда ұлттық құраманың жейдесін енді ғана киген Ислам Тоқтасын (73 кг) мен Мейіржан Жұмабек (81 кг) тәуір күресті. Екеуі де жұбаныш белдесулерге қатысты. Бірақ шешуші кезеңде олардың да жолы болмады. Ислам грузиялық Гиорги Чихелидзеден, Мейіржан әзербайжандық Омар Раджаблиден ұтылды.

Ислам Бозбаев (100 кг) пен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) сынды сақа спорт­шылардың жүлдегерлер қатарынан көрінуге жақсы мүмкіндіктері болды. Ширек финалда ресейлік Біләл Ниязовтан жеңілген Бозбаев жұбаныш бәсекесінде сол елдің тағы бір өкілі Мұхаммед-Әли Матаевқа жол берді. Ал Қажыбаев жарады. Әу баста татами қожайыны Жамал Физиевтен басым түскен ол, одан кейін Ресейдің алыбы Темірлан Башаевпен айқасты. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, Еуропа чемпионы қандасымызды оңай жықты. Жұбаныш белдесуде түркиялық Ибрагим Татароғлыны тізе бүктірген Ерасыл көп кешікпей Саба Инанеишвилимен күш сынасты. Бұл бәсекеде біздің жігіт айқын жеңіске қол жеткізіп, қола медаль еншіледі. 

Бакудегі Гранд-Слэм турнирінің жеңімпаздары: 60 кг – Рюдзю Нагаяма (Жапония), 66 кг – Такэси Такэока (Жапония), 73 кг – Тацуки Исихара (Жапония), 81 кг – Зелим Цакаев (Әзербайжан), 90 кг – Санширо Мурао (Жапония), 100 кг – Дота Арай (Жапония), +100 кг – Хега Оота (Жапония).