
Концертте Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қонысбай Әбіл атындағы «Ғасырлар пернесі» халық ансамблі, «Еркеназ» «үлгілі» би ансамблі, «Балқадиша» жетігеншілер тобы, бірқатар облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Жоламановтар отбасылық ансамблі өнер көрсетеді.
Көрермендер Фариза Бүркітбай, Байдос Қожасағиев, Жәуке Оңдаған, Дилара Қарекенова, Талғат Сапабеков, Серік Алпысов, Серікболсын Әбікенов, Мирас Әбдікәрім және Асхат пен Дидар, Қанат пен Әсем дуэттерінің ән-шашуын тыңдап, тамашалай алады.
Концерттік бағдарламадағы «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің тартуын айрықша атап өтуге болады. 1974 жылы қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің жанашырлығымен құрылған ансамбльге бүгінде Алмас Сейілхан жетекшілік етеді.
Ал Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің «Еркеназ» би ансамбліне өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «үлгілі» атағын алған еді.
Бұдан бөлек DaNas шығармашылық орталығының жанынан құрылған «Балқадиша» жетігеншілер тобы қазірдің өзінде талай биікті бағындырып үлгерді. Өнерлі ұжымға Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің түлегі, талантты жас Перизат Қалабайқызы жетекшілік жасайды.
Концерттің «Торғайдан сәлем» деп аталуы да бекер емес. 1948 жылы Торғайдың топжарғаны, Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Қостанайда өткен ауылшаруашылығы көрмесінде өзінің атақты «Торғайдан сәлем» толғауын орындағаны белгілі.