
Атап айтқанда:
- Jury Grand Prize (Қазылар алқасының бас жүлдесі)
- Critical Jury Prize (Киносыншылар алқасының жүлдесі)
- NETPAC Jury Prize (NETPAC қазылар алқасының жүлдесі)
«Әбіл» фильмі – кеңес одағы құлап, «колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация жүрген» кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекет өмірді суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт аясындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне үңіледі. Фильмде адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының бастан кешкен жағдайы, өз жерінде өгейдің күйін кешуі, социализмнен капитализмге ауысу тұсындағы екіұдай сезім, сонымен қатар жемқорлықтың пайда болуы қылаң береді. Үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі қарапайым адамдардың тағдыры суреттеледі.
Биылғы жылғы фестивальдың қазылар алқасының төрағасы бүгінгі таңдағы әлемдік киноның ең ықпалды режиссерлерінің бірі, қытайлық Цзя Чжанке болды. Оның «Платформа», «Әлем», «Күнәға бату» және «Романтик буын» сияқты туындылары халықаралық үздік кинофестивальдарда жоғарғы марапаттар мен бағаға ие болған. Цзя Чжанке шеберлігінің басты ерекшелігі Қытайдың әлеуметтік бет-бейнесін нәзік түрде зерделей суреттеуімен ерекшеленеді.
Vesoul халықаралық Азия кинофестивалі – Азия киносына арналған ең көне және ең ірі еуропалық фестивальдардың бірі. 1995 жылы негізі қаланған фестиваль жыл сайын Азияның жүздеген фильмдерін Франция көрермендеріне ұсыну арқылы оларға жас есімдерді танытып және авторлық кинематографияға үлкен қолдау көрсетеді.
Француз премьерасында фильмді режиссер Елзат Ескендір мен актер Ерлан Төлеутай таныстырды.
«Әбіл» фильмінің әлемдік премьерасы 29-Бусан халықаралық кинофестивалінде өткен. Одан кейін сапары Гонконг халықаралық Азия кинофестивалі, Скандинавия өңірінің ең басты 48-Гетеборг халықаралық кинофестивальдарына қатысумен жалғасып, аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырған. Сонымен қатар алдағы уақытта да бірнеше халықаралық кино алаңдарына шақырту алғаны белгілі болып отыр.