
Әлемнің көптеген мемлекетінен келген белді балуандардың қатысуымен өткен бәсекеде әйелдер күресінен еліміздің құрама командасы толағай табысқа қол жеткізді. Әсіресе ауыр, аса ауыр салмақтарда күрескен қос бұрымдымыз асқан шеберлігімен тәнті етті. Атап айтқанда, 72 кг салмақтағы Жәмила Бақбергенова барлық қарсыласын қапы қалдырып, финалда Қайыргүл Шаршебаеваның 8:1 есебімен тас-талқанын шығарды. 29 жастағы балуанның өрелі өнеріне барша жанкүйер дән риза. Ол қатысқан жарыстарының барлығынан олжалы оралып жүр. Өзге табыстарын айтпағанда, әлем чемпиионатында 3 күміс, 1 қола алып, Азия ойындарының финалисі болды. Құрлық біріншілігінде бас жүлдені үш мәрте олжалап, екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. Бұған дейін бірде-бір қазақ қызына ондай биік белестер бағынбаған. Барша Алаш жұрты алдағы уақытта да Жәмиланың жеңісті жолының жалғасуына тілектес.
76 кг салмақта сынға түскен Елмира Сыздықова да ел сенімін ақтады. Кезінде ол Рио Олимпиадасы мен Джакартадағы Азия ойындарында қола медальды иеленіп, құрлықтың басты додасында 8 рет (2 алтын, 2 күміс, 4 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Жасы 33-ке келсе де, Сыздықова өзінің әлі де бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Айналдырған бір жыл аралығында аса ірі үш турнирде топ жарған Қарағанды облысының өкілі Медведьтің мемориалында да алдына жан салмады. Минскіде бес кездесу өткізген Елмира барлығында басымдық танытып, алтыннан алқа тақты.
Ирина Кузнецова (59 кг) күміспен күптелді. Финалға дейін еш кедергісіз жеткен ол шешуші тұста беларусьтық Алеся Гетмановадан жеңілді. Зейнеп Баянова (53 кг), Зүлфия Яхъярова (55 кг), Тыныс Дубек (62 кг), Елена Шалыгина (65 кг) қола медальды қоржынға салды.
Өкінішке қарай, еркін күрес шеберлерінің бойынан қыздардікіндей қарқын мен жеңіске деген құлшыныс байқалмады. Жарыс жолына шыққан екі балуанымыздың ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. 65 кг салмақтағы Әділ Оспанов финалға дейін алқынбай жеткенімен, дағыстандық Эльдар Ахмадудиновтен айласын асыра алмады. Жартылай финалда жеңілген Серік Бақытхановтың (125 кг) үшінші орын үшін бәсекеде Қап тауының тағы бір өкілі Магомед Магомедовтен мерейі үстем болды.
Александр Медведь мемориалының жеңімпаздары:
57 кг – Мұса Мехтиханов (Дағыстан), 61 кг – Эмрах Орманоғлы (Түркия), 65 кг – Эльдар Ахмадудинов (Дағыстан), 70 кг – Құрбан Шираев (Дағыстан), 74 кг – Иналбек Шериев (Мәскеу облысы), 79 кг – Абдулкерім Абдулаев (Орынбор), 86 кг – Аманула Расулов (Дағыстан), 92 кг – Мұстафагаджи Малачдибиров (Дағыстан). 97 кг – Александр Гуштын (Беларусь), 125 кг – Денис Хроменков (Беларусь).