Жұмысшы мамандықтар жылы • 20 Ақпан, 2025

Еңбек жағдайы жақсарып, еңбеккер құқы ескерілсе...

69 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жұмысшы мамандықтары жылына» орай Шымкентте «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері қатысып, өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.

Еңбек жағдайы жақсарып, еңбеккер құқы ескерілсе...

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жергі­лік­ті атқарушы билік тарапы­­нан жұмысшы мамандықтарын қол­дау­ға бағытталған іс-шаралар туралы кеңінен әңгімелеп берді. «Жұмысшы мамандықтары жылына» байланысты кешенді жұмыстар атқарылады. Үкі­мет бекіткен арнайы жоспарға сәй­кес өңірлік жоспар әзірленді. Соның негізінде қаладағы 40 арнаулы оқу орындарымен, өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс орнатылды. Бүгінгі жәрмеңкеде уақытша, тұрақты жұмыс орындары бойынша жұмыс беруші­лер 2,5 мыңға жуық өздеріне қажетті мамандықтарды ұсынбақ. Іс-шараға жоғары сынып оқушылары мен университет студенттерін арнайы қатыстырып отырмыз. Мұндай жәрмеңке шаһарда тоқсан сайын ұйымдастырылатын болады», деді С.Құранбек.

Қала әкімдігі биыл 40 техника­лық, арнаулы колледждерге 11 500 грант бө­ліп отыр. Оның 6 мыңы республика­лық, 5,5 мыңы жергілікті бюджет есебі­нен қарастырылған. Гранттың 80-85%-ы жұмысшы мамандықтарға беріл­мек. Қала әкімдігі өндіріс орындарымен әріптестік байланыс орнатып, ондағы мамандар колледждерде студенттерге тәлімгерлік сабақтар беріп, мектептерде оқушылармен мамандық таңдауға қатысты арнайы кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы­ның басшысы Жанат Өтебаеваның ­айтуынша, тұрақты жұмыс таба алма­ған азаматтар уақытша жұмыспен қам­ты­лу арқылы сол мекеменің тыныс-­тір­шілігімен танысады. Егер қызметін­де бел­сенділік танытып жатса, сол жер­де маман болып қалуына мүмкіндік бар. Уақытша жұмыспен қамту шарасы­ның мерзімі біткен күннің өзінде азамат тәжірибе жинап қалады.

Басқарма басшысының мәлімде­уін­ше, бүгінде қалада 12 мың азамат осы мекемеде жұмыссыз ретінде тіркеу­де тұр. Өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. 2024 жылы жас­тар арасындағы жұмыссыздық дең­гейін 3,7% межеден асырмау мін­деті қойылған болатын. Алайда өткен жылы жастардың жұмыссыздық деңгейі ша­һарда 3,1% көрсетіп, басқарма жылды жақсы нәтижемен қорытындылады. Цифрлық мүмкіндіктің арқасында қазір азаматтар тек Шымкентте ғана емес, еліміздің барлық өңірінен бос жұмыс орындарын іздеп таба алады. Ол үшін арнайы әзірленген платформа – «Enbek.kz» порталына кірсе жеткілікті. Қысқасы, адамның жұмысқа тұруы көп жағдайда тікелей өзіне байланысты. Кез келген азамат білім алып, кәсіби шыңдалса ондайларға әрдайым жұмыс табылады. Мемлекет те жан-жақты қолдаулар қарастырған. Мәселен, өз мамандығына сай жұмыс табылмай жатса, үш айлық курс оқып, қосымша мамандық игеруіне болады. Конкурсқа қатысып, 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант ұтып ала алады. Қаражатты кейін жеке кәсібін дамытуға жұмсайды. Ешқандай жәрдем болмай жатса, жағдайы жоқ кісілерге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.

«Қазір көп азамат, әсіресе жас­тар жұ­мысты таңдап, талғап істейді. Яғни бір орында тұрақтамай басқа жұмыс­қа ауысып кете береді. Оның бірден-бір себебі – жалақының тө­мендігі. Дегенмен тек ақшаны басты мақсат етіп қоюға да болмайды. Адам алды­мен таңдаған мамандығын игеріп, соның кәсіби шебері болуға ұмтылған жөн. «Дарақ бір жерден көгереді» деген мә­тел бар. Өз басым осы деңгей­ге жет­кенге дейін қарапайым қызмет­кер болып жұмыс істедім. Жастар алдымен тәжірибе жинау, біліктілігін арттыру, нағыз майталман маман болу жағын көбірек ойлағаны мақұл», деді Ж.Өтебаева.

Жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын ТТК компаниясының өкілі Әбдібек Үкібаев жәрмеңкеге өндірістік салада жұмыс істейтін агрегатшы, автослесарь, моторист секілді мамандар іздеп келгенін айтады. Ком­панияда автобустарға сервистік қыз­мет көрсететін мамандардың айлығы өте жоғары. Қытайдан келетін жолау­шы тасымалдайтын көліктердің қоз­ғалтқышы күрделі әрі ішінде элек­тро­никалық құралдар көп болған­дық­тан, қызметкерлерін сол елге апарып, арнайы курстарда оқытып қайтқан.

Шаһарда жоғары айлық төлейтін мекемелер баршылық. Тәжірибесі мық­ты мамандар жұмыс іздесе ондай бі­лікті жандарға қашанда бос жұмыс орын­дары табылады. Техникалық кол­ледж­ді бітіріп дәнекерлеуші болып іс­теп жатқан кейбір мамандар бүгінде 500 мың теңгенің үстінде айлық алып отыр. Тәжірибенің уақыт өте келе толы­са­ты­нын ескерсек, жаңадан жұмыс­қа ор­наласқан мамандарға шыдамды­лық пен ыждағаттылық, еңбек пен ізде­ніс керек.

Жұмыстың тұрақты болуы тек ең­бек­керге ғана емес, жұмыс беруші­­нің өзіне де байланысты. Егер кәсіпорын ­бас­шы­сы еңбек заңнамасын сақтама­са, он­дай жерге жұмысшы тұрақта­май­тыны анық. Жеке жұмыс берушілер тарапынан қол астындағы жұмыскер­лер­ге қатысты заң талаптарын өрескел бұзатын жағдайлардың жиі болып тұратыны жасырын емес. Сондық­тан «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қарапайым еңбеккерлердің құқығын қорғау мәселесіне де ерекше мән берілсе игі.

 

ШЫМКЕНТ