
Форумға қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру, бизнес негіздеріне оқыту мен кедергілерді жою сынды жәйттерді тілге тиек етіп, экономикалық ілгерілеуде гендерлік теңдіктің маңыздылығына тоқталды.
Форумның басты серіктесі – Halyk Bank Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова кейінгі кездері әлем сан қилы сын-қатерлерге тап болғандықтан, мұның кері әсері Қазақстан экономикасына әсер етіп жатқанын атап өтті. Экономиканың сапалы да тұрақты өсуі, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің экономикалық саясаты мен жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі түпқазығы екендігі аян. Осы мақсат жолында бірқатар маңызды шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Алайда, экономиканың өз деңгейінде бағаланбаған қайнар көзі – әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен табысының өсуі болып отыр.
«Экономикалық орасан шығындар, атап айтқанда, әлемдік ішкі жалпы өнімдегі 7 трлн долларға дейінгі шығын әйелдер мен ерлер арасындағы еңбекақы алшақтығы салдарынан туындайды. Қазақстанда ер адамдарға қарағанда әйелдер 26%-ға аз табыс табады. «Әйнек төбенің» жағдайының салдарынан әйелдер ер-азаматтарға қарағанда жоғары білімді болса да (cәйкесінше 54% да 46%) мансап жолында басшылық лауазымға көтерілу қиын. Осының бір шешімі – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау деп білеміз. Halyk банкінің «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы арқылы 2018 жылдан бастап Қазақстанның әр өңірінен 600-ден астам әйел 6-8%-дық мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алды. Сонымен қатар біздің банк гендерлік теңдік саясатын ұстанады: орта буын жетекшілерінің 63%-ы және қызметкерлердің 71%-ы әйелдер», деді Halyk Bank басшысы.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік директоры Татьяна Проскурякова:
«Орталық Азиядағы әйелдер құқығын кеңейтуде қол жеткен жетістіктерге қарамастан, кәсіпкерлікте әлі де кедергілер бар. Гендерлік теңдік – әділдік мәселесі ғана емес, сонымен қатар өңір елдерінің экономикалық әлеуеті. Егер әйелдер экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласатын болса, онда Қазақстанда ІЖӨ 27%-ға, Тәжікстанда 63%-ға дейін өсер еді. Жағдайды өзгерту үшін бизнесті дамытуға меншік, мұрагерлік және әйелдердің қаржылық қызметтерге, қарыз қаражаттарына қол жеткізуді жеңілдету мәселелерінде заңнамалық кепілдіктерді қамтамасыз ету қажет», деді.
Өз кезегінде Visa компаниясының Украина, Грузия, ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі аға вице-президенті, өңірлік менеджері Кристина Дорош шағын және орта бизнестің экономиканы дамытудың негізгі элементтерінің бірі екендігіне тоқталды.
Форум аясында салық салу мәселелеріне қатысты шеберлік дәрістері өтіп, Halyk Talks, сондай-ақ https://ccb.kz жобасы аясында онлайн оқудан өткен Belesteri байқауының 17 жеңімпазы марапатталады. Жоба жеңімпаздары – ауыл әйелдері мен жастар жеке кәсібін бастап, дамыту үшін грант иеленеді.
АЛМАТЫ