
Суретті түсірген – автор
Сенбінің таңында Самар аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мұз үстінде қармақ салып отырған демалушыларды өзара сайысқа түсуге шақырған. Ниет білдіргендердің барлығына әуелі жарыстың ережесі түсіндірілді. Яғни бір сағаттың ішінде кім көп балық аулайды, сол жеңіске жетеді. Ауланған балықтар санымен емес, салмағымен өлшенеді. Сонымен қатар балық қай қатысушының қармағын бірінші қабады, оған да арнайы сыйлық қарастырылған. Ең үлкен балық ұстаған қатысушы да құр қайтпайды деп шешілді. Сөйтіп, бір сағат уақыт белгіленіп, балықшылар әр-әр жерге шоқиды. Бақ сынауға кіріскен балықшылардың ең үлкені 72 жастағы Вера Дмитриева болса, ең жасы 5-сынып оқушысы Төрежан Ералы еді.
– Балық аулау – жан тыныштығы. Күнделікті күйкі тірлікті бір сәтке ұмыттырады. Ал осыны кереметтей жарысқа ұластырып жатқан азаматтарға алғыс айтамын, – дейді балықшы Әмірхан Ыхай.
Әп-сәтте белгіленген уақыт аяқталып, қазылар алқасы ауланған балықты есептеуге кіріскен. Қорытынды бойынша, жарысқа белсене қатысқан бір үйдің балалары Төрежан Ералы мен Ержан Ералы «Ең жас қатысушы» аталымымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Жүлделі үшінші орын Жандос Қайырбековке бұйырды. Ал екінші орынға бір орынды тапжылмай қармақ қаптырған Андрей Эккель иеленді. Бір сағаттың ішінде жалпы салмағы екі кило балық аулаған Әмірхан Ыхай бірінші орынды қанжығаға басты. Айтылғандай, байқау мұнымен аяқталмайды, алдағы уақытта да жалғасын табады. Суды жағалай жатқан көршілес аудандар да жарысты бірлесіп ұйымдастыруға ұсыныс білдіріп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы