Өшпес даңқ • 22 Ақпан, 2025

Қазақ қызының рухы

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста бораған бомба мен жауған оқтың астында жүріп, жаралы жауын­герлерге жәрдем қолын созған қазақ қыздары аз болмаған. Солардың бірі – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1943 жылдың ­6 маусымындағы №118 санында Сұлтан Қожаниязұлының «Майдандағы қазақ қызы» атты мақаласы.

Қазақ қызының рухы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Сұрапыл соғыс қызып, анта­лаған ажал алқымнан алған сәт. Жаңбырдай жауған оқ, бұршақтай бораған снарядтардың арасында арпалысып жүріп, аты-жөні бел­г­і­сіз бір қазақ қызы тамаша ерлік көр­се­теді. Жүздеген жауынгерді ажалдан аман алып қалады.

«Қазақ қызы бораған бомбаның, жауған оқтың астында жүгіріп жүріп жәрдем берді: жарасын таңды, ауыр жара­лыларды арқалап, тылға тасыды. «Мына қазақ қызы қорқуды білмейді. Неткен жүректі жан десеңші», деп таңданды жұрт» деп жазады мақала авторы.

Ұрыс созылып, жау күш алып, қызыл әскерден небәрі 60 автоматшы мен екі пулеметші ғана қалады. Кенет пулеметшінің бірі оққа ұшып, иесіз қаруды қазақ қызы алады да, төніп келген жауға оқ жаудыра бастайды. Жау әскері көп қырғынға ұшырап, кері шегінеді.

Шегінген жауды қуып келе жатып, автордың өзі қалпақтай ұшқан. Бірер минут ес-түссіз жатып есін жиғанда әлгі қазақ қызы жігерлендіре сөйлеп, басын сүйеп отырғанын айтады.

Мақала авторы батыр қыздың аты-жөнін сұрамағанына өкініп, оған ойынша «Қазақ қызы» деген ат қойып алады. Ауруханада екі ай емделіп, басқа қалаға келгенде баяғы қызбен қайта жолы түйіседі.

«Жөн сұрастық. – Тереңөзекте туып, Қызылорда, Алматы қалаларында өстім, – деп бастады қыз сөзін. – 1936 жылы Қызылордадағы медициналық техникумды бітірдім. Сол жылы Алматыдағы медицина институтына түсіп, 1940 жылы бітіріп шыққанмын. Бір жылдан кейін армия қатарына алындым. Содан бері алдағы линиядағы ауруханада болып, мұнда жақында ғана келдім. Бірнеше қанды қырғынның ішінде болдым», деп қыз сөзін тұйықтап берді», дейді Сұлтан Қожаниязұлы.

Қызығы, «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған материалда майдандағы қазақ қызының аты сол күйі аталмаған. Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты «Қызыл дихан» ұжымшарындағы Қайралап қарт­тың жалғызы екені ғана тілге тиек ­болыпты.

Қазақ қызы Қайралапованың бұ­дан кейінгі тағдыры мүлдем белгісіз. Бел­гі­­лісі, жер әлемді сұм соғыстың оты ора­ғанда шыбын жанын шүберекке түйіп, қана­тымен су сепкен қарлығаштарымыз болған.

Ол қарлығаштың рухы қазақпен бірге мәңгілікке жасай бермек.