
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Оларға жаппай ескерту хабарламасы жіберілген. Хабарлама алушылар бір ай ішінде табысына қатысты барлық ақпаратты ашық көрсетуге тиіс.
«594 тұлғадан жалпы көлемі 53,3 млрд теңге сәйкессіздік анықталып, тиісті хабарлама жіберілді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігі тапсырылады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірме ұсынуы қажет», дейді Кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.
Әрине, бұл онлайнда оңай олжаға кенеліп жүрген инфлюенсерлердің мазасын қашырды. «Екі млрд теңгенің салығын қалай төлеймін?» деп етегі жасқа толған блогерді де көзіміз шалды. Мұхтар Тайжан, Сырымбек Тау, Ләйлә Сұлтанқызы, Өркен Кенжебек бастаған бір тобы әлеуметтік желідегі парақшаларында әр табысына салық төлеп келгенін жазды.
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
«Жеке бухгалтерім Салық кодексіне сүйене отырып, хат дайындап жатыр. Бұған дейін салықтың ақпарынан проблема болмаған, шот жабылмаған, ескерту келмеген, тұрақты төленген. Берешегім жоқ. Әйтпесе, шетелге шыға алмай, банктегі шотымыз ашылмай қалар еді ғой. Сондықтан ресми хатқа да қанағаттанбай жатса, 20 наурызға дейін уақыт бар, кірістің әр пунктін талдап, дәлелдеп жатуға. Бір тиын кем бергенімді дәлелдеп жатса, екі тиын ғып төлеуге әзірмін», дейді блогер Өркен Кенжебек.
«Табыс алу кезінде салықтарды төлеу қажеттілігіне, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстарында онлайн-жарнамаларды жариялауға (ақпараттық өнімдерді жылжыту немесе сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) назар аударамыз. Көрсетілген міндеттемелер Конституцияда және Салық кодексінде белгіленген», делінген МКК мәлімдемесінде.
2023 жылы елдегі блогерлердің тізімін қыркүйек айынан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі Кірістер комитетіне жіпке тізіп берген. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, табыс тауып жүрген блогерлер 2023 жылғы 9 қыркүйекке дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс екені айтылған. Ал былтыр Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы салық режімдері басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген елімізде блогерлердің барлығы дерлік жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін айтқан еді. Әйткенмен биыл бұл саладан ши шығып отырған сыңайлы.
«Иә, 600-ге жуық кәсіпкер камеральды тексеріс туралы хабарлама алды. Әр кәсіпкер жылда бірнеше мәрте жұмыс барысында қате жасалған есептер болса Салық органдары, Мемлекеттік кірістер басқармасы камеральды бақылау жүргізеді, яғни табылған қателерге қатысты осындай хабарлама жібереді. Бұл тек блогерлерге ғана жасалып жатқан шара емес. Мұны әр кәсіпкер бастан кешіп жатыр. Мұндайға бухгалтерлер жауап беріп үйреніп қалған. Сондықтан бұл кәсіпкерлер үшін қалыпты жағдай», дейді салық маманы Балжан Бақытқалиқызы.
Маманның айтуынша, оларға қойылған талап – табысты жасыру, яғни табыстан төленетін жеке табыс салығы ма, қосылған құн салығы ма, айыппұл бола ма, оны нақты айту мүмкін емес. Ол тапсырылған салық декларациясына, блогерлердің салық органына тапсыратын ресми жауаптары негізінде анықталады.
«Меніңше, комитет жеке тұлға ретінде қолданатын карталарын және кәсіпкерлік банктік шоттарын да ортаға салған, яғни жеке аударымдарының сомасын салық декларациясымен қоса салыстырған. Бірақ ескеру керек, жеке кәсіпкер ретінде ақша қабылдаған кәсіпкер оны өзінің жеке шотына аударуға құқылы, яғни бір мәрте салық төленген сома қайталанып есепке алынуы мүмкін. Осындай жағдай екені анық болса, блогер кәсіпкерлерге еш қорқудың қажеті жоқ. Өзінің салығы төленген табысы екенін дәлелдеп, хабарламаға жауап бере алады. Ал егер кәсіпкер ретінде банктік шотымен қаражат қабылдап, қалған табысты арнайы жасырып, жеке картасына аударған болса, онда оған әрине, салықтар үстінен есептеліп, төленуі тиіс. Осы сәтте кәсіпкер блогерге өте абай болу керек, себебі ҚҚС бойынша айналымнан асқан болса, айыппұлға іліну қаупі бар және жасырған табыстан табыс салығын айыппұлмен төлеуге міндетті болады. Жеке картаны кәсіпкерлікте қолдануға болмайды. Оны білмедім деп заңнан жалтара алмаймыз, заң алдында бәріміз теңбіз», дейді салық маманы.
Блогерлердің салық есептілігі заңда қалай көрсетілген? «Егер бәрі заңда бұрыннан нақты жазылған болса неліктен бұл мәселе бүгін тарап, дауға айналды?» деген сауалға маман былай жауап берді:
«Инфлюенсерлер туралы заң 2023 жылы қабылданды. Қазір 2022, 2023, 2024 жылғы табыстарын қозғап отыр. Себебі Салық кодексі бойынша тексеру кезеңі – 3 жыл. Яғни Салық комитеті қате кетті ме, жоқ па, соны тексереді. Кәсіпкерлерге 3 жыл ішінде осындай камералдық бақылау арқылы жіберіп отырады. Ол қалыпты жағдай. Блогер қауымының ерекшелігі – олардың әлеуметтік желі арқылы танымал болуында деп пайымдаймын. Мұндай мәлімдеменің қоғамда жария етілуі кез келген декларация тапсырмаған тұлға тексеріледі деген үндеу деп ұқтым», дейді сарапшы.
Бұл түйткілге қатысты Мемлекеттік кірістер комитетіне нақты сауалдар жолдадық. Комитет жауапты алдағы аптада жолдаймыз деп хабарлады.
Бет қатталып жатқанда: Мемлекеттік кірістер комитеті 93 блогердің 9,8 млрд теңге қатысты хабарламасын кері қайтарып алғанын мәлімдеді. Олар хабарламаның қайтарылу себебін техникалық ақаулардың пайда болуымен байланыстырады. Сонымен қатар бұл түйткілге қатысты арнайы жіберген сауалымызға да құзырлы орын жауап берді.
«Камералдық бақылаудың мақсаты – анықталған заң бұзушылықтарды салық төлеушіге өз бетінше түзету мүмкіндігін беру. Бұл салық органдарында тіркелу, салық есебін тапсыру немесе берешек төлемдерді жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Орындау мерзімі – 30 жұмыс күні. Егер салықтық міндеттемелер толық әрі уақытында орындалса, ешқандай мәселе туындамайды. Мемлекеттік кірістер органдары олардың дұрыстығын тексеріп, заң талаптарына сәйкес келсе, айыппұл салынбайды. Ондай жағдайда тек жеке табыс салығы ғана төленеді», дейді МКК баспасөз қызметі.