Инвестиция • 22 Ақпан, 2025

Инвестициялық ахуалды жақсарту – басым бағыт

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында халықаралық бизнес қоғамдастықтығының Қазақстан Үкіметімен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері қаралды.

Инвестициялық ахуалды жақсарту – басым бағыт

Сурет: rbc.ru

Еліміздің инвестициялық тартым­дылығын одан әрі арттыру, оның ішінде салық саясатын жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.

Отырысқа қатысушылар Үкіметтің қолайлы бизнес-орта құруға, өсу сер­пінін сақтауға және экономикалық даму сапасын арттыруға бағытталған реформалары туралы хабардар болды.

Әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі шеңберінде әкімшілендірудің сервистік моделін енгізу, салық есептілігін 30%-ға қысқарту және салық төлемдері түрлерінің санын 20%-ға азайту көзделгені атап өтілді. Өз өнімін өндірушілер үшін табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі, шикізатты қайта өңдеушілер жабдықтың импорты бойынша ҚҚС төлеу мерзімін ұзартады. Сонымен қатар роялтиге салық салудағы өзгерістер түсіндірілді.

Жиында еліміздегі Америкалық сау­да палатасының атқарушы дирек­торы Джефф Эрлих, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Йеркин, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, ЕО-ның Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Мачей Мадалинь­ский, Deloitte серіктесі Елдос Сыздықов, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі EY басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадин, ExxonMobil Қазақстан бо­йынша басқарушы директоры Сесиль Раулин, Pfizer аймақтық директоры Дмитрий Козенков сөз сөйледі.

Көтерілген тақырыптарға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев түсінік­теме берді.

Қаржы министрлігінің мәліме­тінше, 2024 жылы ҚҚС қайтару аясында рекордтық 1,2 трлн теңге төленген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық­ты қайтару рәсімінің тиімділігі мен ашық­тығын арттыратын жаңа ақпараттық жүйе қолданысқа енгізіледі.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов айтыл­­ған ұсыныстар мен бастамалар үшін алғысын білдірді. Қазақстан Үкіметі ашық диалог пен өзара үйлесімді іс-қимылға дайын.