Аймақтар • 24 Ақпан, 2025

Атырауда мүйізді ірі қарадан қотыр шықты

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жағдай Атырау шаруаларын  алаңдатып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда мүйізді ірі қарадан қотыр шықты

Фото: pxhere

Мұнайлы шаһар маңындағы Қайыршақты ауылдық округінде тіркелген «Абдулла» шаруа қожалығының өкілі Нұрбек Есенқұловтың айтуынша, шаруашылықта 105 сиыр бар. Қожалықтың малы Соколок каналынан су ішеді.

«Біздің шаруашылықта мүйізді ірі қарадағы қотыр ауруы былтырғы қазан, қараша айларында анықталды. Содан бері 15-20 сиырдан қотыр шықты. Бұл ауруға негізінен сиырдың аталық түрі шалдықты. Мүйізді ірі қараның жүні түсіп қалды. Орны қызарып, қаны шығып тұрды. Соған байланысты ветеринар шақырып, екпе салдырдық. Содан кейін тоқтағандай болды. Бірақ әлі толық жойылған жоқ», дейді Нұрбек Есенқұлов.

Оның айтуынша, бастапқыда каналдағы судан күдіктенген. Өйткені қазір каналда ағыс жоқ. Су азайған.

«Алайда ветеринарлар бұл аурудың шығуына канал суының әсері жоқ деп отыр. Қаңтардан бері шаруашылығымыздағы мүйізді ірі қара екі рет егілді. Үлкендердің айтуымен мотордың пайдаланылған майын жақтық», деді Нұрбек Есенқұлов.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұржан Үсенбаевтың пікірінше, қотыр аса қауіпті аурулар қатарына жатпайды.

«Сол себептен алаңдайтындай негіз жоқ. Ал аурудың шығуына малға мезгілінде екпе салдырмау себеп болады. Қораны қыс мезгіліне дейін тазалап, дезинфекциялау қажет. Міне, осындай жұмыстар жасалмаса, мал қотырға шалдығуы мүмкін. Енді ауырған малға шаруа қожалығының иелері өз есебінен екпе салдыруы керек. Өйткені мемлекет тарапынан қотырға шалдыққан малды емдеуге қолдау көрсетілмейді», деп мәлімдеді Нұржан Үсенбаев.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуына қарағанда, жергілікті ауа райының жылылығы да қотырдың шығуына әсер етуі мүмкін.

«Қотыр Атырау қаласының маңындағы шаруа қожалықтарында ғана анықталып отыр. Қазір басқарманың мамандары шаруа қожалықтарында тексеру жүргізуді, фермерлерге кеңес беруді қолға алды. Ауа райының қолайлы кезеңінде малды қораға қамамау қажет. Мұны шаруа қожалығының жетекшілері ескеруі керек», дейді Амангелді Саламат.

Соңғы жаңалықтар

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:50

Жаңақорғанда макарон шығады

Өндіріс • Бүгін, 09:35

Дегдар сөз иесі

Жансарай • Бүгін, 09:30