Бокс • 25 Ақпан, 2025

Софиядағы сайыс

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Болгарияның бас шаһары – Софияда «Странджа» турнирінің жалауы желбіреді. Бір аптаға созылатын дүбірлі додада әлем­­нің бірқатар мемлекетінен келген белді боксшылар бақ сы­найды. Солардың қатарында еліміздің ұлттық құрамасы да бар.

Софиядағы сайыс

Жыл басынан бері Испания мен Сербияда өткен халықара­лық турнирде еліміздің қосалқы құрамдағы былғары қолғап ше­бер­лері өнер көрсеткен еді. Бұл жолы ұлттық командамыздың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Бал­қан түбегіндегі бәсекеге ең мық­ты боксшыларды апаруды құп көрді. Олар – Теміртас Жүсі­пов, Санжар Тәшкенбай (48 кг), Да­ниал Сәбит, Бекзат Алдамжа­ров (51 кг), Махмұд Сабырхан, Тимур Қабдешев (54 кг), Ораз­бек Асылқұлов, Дәулет Молда­шев (57 кг), Талғат Сырымбе­тов, Серік Теміржанов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбай­ұлы, Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Төрехан Сабырхан, Санатәлі Төлтаев (67 кг), Абылайхан Жүсіпов, Фарух Тоқтасынов (71 кг), Сабыржан Аққалықов, Тимур Нұрсейітов (75 кг), ­Ер­асыл Жақпеков, Азамат Бектас (80 кг), Нұрбек Оралбай, Бек­зат Нұрдәулетов (86 кг), Данияр Рахымбердинов (92 кг), Ай­бек Оралбай, Нұрлан Сапарбай ­(­+92 кг).

«Кіші әлем чемпионатына» баланған жарыста қазақ боксшыларының бірде-біреуі жеңіс тұғырының ең биік сатысына екі рет көтерілмеген. Софияда сол олқылықтың орнын толтыруға тәжірибелі Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырханның жақсы мүмкіндігі бар. Аталған қос саңлақ бұған дейін Болгарияда бас жүлдені олжалады. Теміртас 2013 жылғы, Махмұд 2023 жылғы додаларда дараланды. Сондай-ақ жанкүйерлер Төрехан Сабырханның шаршы алаңға шыққанын тағатсыздана күтеді. Себебі 18 жастағы да­рынды боксшыға бұл ересектер арасындағы халықаралық дең­гейдегі алғашқы сынақ.

Жексенбі күні аталған жа­рыстың жеребесі тартылып, нә­тижесінде еліміздің үш бокс­шысы тұсаукесер кездесулерін Өзбекстанның өкілдеріне қарсы өткізетін болды. Серік Теміржанов Әбдімәлік Халоковпен күш сынасса, Төрехан Сабырхан Асадхужа Муйдинхуджаевпен айқасады. Екеуінің де Олимпиада, әлем чемпиондары деген атақтары бар. Бекзад Нұрдәулетов Акмалжон Исроиловпен қолғап түйістіреді.

Өзге жігіттеріміздің қар­сы­ластары мыналар: Сан­жар Тәш­кенбай – Руни Луис (Ир­лан­дия), Теміртас Жүсіпов – Суб­хан Мәмедов (Әзербайжан), Даниал Сәбит – Давит Жапа­ридзе (Грузия), Бекзат Алдамжаров – Ники Каммингс (Франция), Махмұд Сабырхан – Башким Бажоку (Косово), Тимур Қабдешов – Синьминь Ма (Қытай), Дәулет Молдашев – Залимхан Сулейманов (Әзербайжан), Оразбек Асылқұлов – Оуэн Харрис-Аллен (Уэльс), Талғат Сырымбетов – Тинко Банабаков (Болгария)/Юнбадари Ву (Қытай), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы – Саба Ткебучава (Грузия), Ертуған Зейнуллинов – Владислав Лисовый (Болгария), Санатәлі Төлтаев – Емирджан Мехмед (Болгария), Фарух Тоқтасынов – Патрик Хьюитт (Англия), Абылайхан Жүсіпов –  Олексий Ширяев (Украина), Сабыржан Аққалықов – Ремо Сальвати (Италия), Тимур Нұрсейітов – Расим Чобанли (Әзербайжан), Ерасыл Жақпеков – Умаис Икбал (Пәкістан), Азамат Бектас – Лаки Аймуфуа (Аустрия), Нұрбек Оралбай – Мануэль Жечев (Болгария), Данияр Рақымбердинов – Вагкан Нанитзанян (Грекия), Айбек Оралбай – Абдул Вахаб Тахир (Пәкістан), Нұрлан Сапарбай – Женвей Ванг (Қытай).