
Сеул шаһарында Михаил Шайдоров «шу» дегеннен-ақ тізгінді қолға алды. Әуелі қысқы бағдарламаның қорытындысы бойынша көш бастады. Одан кейін еркін сайыста да жасындай жарқылдап, жалпы есепте 285,10 ұпай жиды. Бұл отандасымыздың жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуіне жеткілікті болды. Күміс медальды Чха Джунхван иеленді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Оңтүстік Кореяның оғыланы 265,02 ұпай жинады. Қола медаль америкалық Джимми Маға бұйырды. Ол 245,01 ұпайды еншіледі.
Әйелдер арасындағы жарыста Софья Самоделкина жетінші орынға табан тіреді. Былтыр ғана еліміздің азаматтығын алған спортшының өнері 193,37 ұпаймен бағаланды. Бұл бәсекеде алтын медальды Оңтүстік Корея өкілі Ким Чхэ Ён (222,38 ұпай) жеңіп алса, америкалық Брэдди Тэннел (204,38 ұпай) мен Сара Эверхард (200,03 ұпай) күміс пен қола медальды иеленді. Сондай-ақ турнирде Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Бойсангур Датиев пен Гауһар Наурызова жұбы өнер көрсетті. Бірақ олар үздіктер қатарына жақындай алмай, қалың топтың арасында қалып қойды.
Мәнерлеп сырғанауға қатысты айта кетерлік тағы бір маңызды оқиға, 25 ақпан – 2 наурыз аралығында Мажарстанның Дебрецен қаласында жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл бәсекеде Никита Кривошеев, Артур Смағұлов, Вероника Ким, Сафия Абаева бақ сынайды.