
- Батутта секіруден Бакуде шымылдығы түрілген Әлем кубогінде еліміздің құрамасы күміс медальды еншіледі. Синхронды секіру сайысында Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков тек жапониялық жұптан қалып қойды.
- Бұл күндері Канаданың Квебегінде шорт-тректен жастар арасындағы (U-18) Әлем кубогі өтіп жатыр. Құрамында Алина Қажығалиева, Зейнеп Құмархан, Дінмұхамед Тәжібай, Богдан Вехов сынды сайыпқырандары бар еліміздің құрамасы аралас эстафетада күміс медальға қол жеткізді. Жерлестеріміз тек Оңтүстік Кореяның оғыландарына есе жіберді. Қола жүлдені Канада құрамасы еншіледі.
- Садақ атудан Таиландта шымылдығы түрілген Азия кубогінде Роксана Юнусова күміс медальды мойнында жарқыратты. Бәсеке барысында ол командалық есептегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Йохюна Оханы жолынан ығыстырды, шешуші тұста оңтүстіккореялық Сюнджеон Ханға есе жіберді. Аралас жұптар сайысында Андрей Тютюн мен Виктория Лян да дәл сол межеден көрінді.
- Еліміздің конькишілері Әлем кубогінде алтын тұғырға көтеріле алмай жүргеніне бақандай 14 жыл болған екен. Сол олқылықтың орнын Евгений Кошкин толтырды. Польшаның Томашув-Мазовецкиінде жалауы желбіреген жарыста жерлесіміз 500 метрлік қашықтықты 34,52 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды. Екінші, үшінші орындарды канадалық Лорен Дюрель (34,70) мен польшалық Марек Кания (34,76) иеленді.
- Польшаның астанасы – Варшавада ұйымдастырылған Еуропа кубогі жолындағы жарысты еліміздің құрамасы екі жүлдемен қорытындылады. 60 кг салмақ дәрежесінің финалында қос дзюдошымыз – Шерзод Давлатов пен Аман Бақытжан өзара күш сынасты. Бұл белдесу Шерзодтың пайдасына шешілді.
- Медеу мұз айдынында конькиден еліміздің кубогі аяқталды. Екі күнге созылған жарыс қорытындысында түрлі қашықтық бойынша ерлер арасында Дмитрий Бичуркин (Қостанай), Құдайберген Теміржанов (Алматы), Азамат Сатқожа (Астана), Алдияр Төлегенов (Астана) топ жарса, әйелдер сайысында Алена Лифатова (Павлодар), Айзада Рымбек (Астана), Алина Дауранова (Астана), Еңлік Жәрдембекқызы (Астана) жеңімпаз атанды.
- Футболдан еліміздің суперкубогінің финалында «Қайрат» пен «Ақтөбе» кездесті. «Астана Аренада» өткен матч 2:0 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Ойынның 58-минутында Елдер Сантана есеп ашса, 87-минутта Валерий Громыко екінші голды соқты. Осылайша, «Қайрат» үшінші мәрте ел суперкубогін олжалады.