
Француздармен иық тіресуге Норвегия спортшыларының ғана шамасы жетті. Скандинавия түбегінен келген саңлақтар 4 алтын, 3 күміс, 2 қоланы қоржынға салды. Үшінші, төртінші орындарда – Швеция (1+2+1) мен Германия (1+1+3). Сондай-ақ дүбірлі додада АҚШ (0+2+1), Италия (0+1+0), Чехия (0+1+0), Финляндияның (0+0+1) туы көкте желбіреді. Өкінішке қарай, еліміздің құрама командасы бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады.
Жекелеген спортшылар арасынан Йоханнес Тиннес Бёнің табысы толағай болды. Олимпия ойындарында сегіз рет (5+2+1) жеңіс тұғырына көтерілген 31 жастағы биатлоншы Альпі тауының етегінде үш алтын алып, өз жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Одан бөлек, Бё масс-стартта қолаға қол созды. Сөйтіп, Норвегияның даңқты спортшысы әлем чемпионатында жеңіп алған жүлделер санын 43-ке (23+14+6) жеткізді. Әйелдер арасында Жюлья Симон жасындай жарқылдады. 28 жастағы Франция аруы төрт жаттығуда топ жарды. Симонның әлемдік додада алған жүлделер саны – 13 (10+0+3).