Үкімет • 25 Ақпан, 2025

Әскери қызмет туралы заң қаралады

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро өтті. Онда депутаттар 27 ақпандағы отырыстың күн тәртібін бекітіп, комитеттерде көтерілетін мәселелерді талқылады.

Әскери қызмет туралы заң қаралады

Сурет: astanatv.kz

Бюро мүше­лері Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында 28 ақпанда «Еңбек адамы – ұлттық экономи­каның өсуі мен ел өркендеуі­нің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы қаулы қабылдады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы маман­дықтары жылы деп жария­лағаны белгілі. Бұл бастама еңбек адамының беделін арттыруды, жас­­­тарды осы салаға жұмыл­дыру­ды және еңбек нарығында сұра­нысқа ие мамандықтар бо­йын­ша білікті кадрлар даярлау­ды көздейді. Сондықтан кадр тапшы­лығын және бұл бағыттағы басқа да өзекті мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдау аса маңызды», деді Сенат төрағасы.

Осы аптада Сенат комитеттері мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізетін іс-шара­ларда ирригация жүйелерін жаңғырту, су шаруашылығына қажетті кадрлар даярлауды қамта­масыз ету және биологиялық қауіпсіздік мәселелері қозғалады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері», сондай-ақ «Өзекті институционалдық негіздер: мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту» тақырыптарына арналған екі дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

Бюро отырысында бекі­тілген күн тәртібіне сәйкес палата депутаттары алдағы бей­­­сенбіде «Қазақстан Рес­пуб­ли­­касының Үкіметі мен Ресей Фе­де­рациясының Үкіметі ара­сындағы Қазақстан Респуб­ликасы мен Ресей Федера­ция­сының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы», «Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» және «2024 жылғы 14 ақпандағы Бірік­кен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақы­лау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын ҚР Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйы­мы ара­сындағы өзара түсініс­тік туралы меморандумға хаттар алмасу ны­санындағы келісім­ді ратифика­циялау туралы» заң­дарды қарай­ды. Бұл құжат­тар аталған сала­лардағы заңнама­ларды жетіл­діруге арналған.

Бұған қоса палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік орган­дар­дың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу» туралы заңды бірінші оқылым­да қарайды. Заң Қарулы Күш­тер­ді, басқа да әскерлер мен әске­ри құ­ралымдарды резерв қи­мыл­дары­на дайын резервтік күш­тер­­мен қамтамасыз ету үшін құқық­­тық негіз құру мақсатымен әзірленді.

Бюрода осыған дейін Мәжі­лістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.