
Мақалада мынадай жолдар бар: «Бұл көрме Қазақстан тарихын жаңа қырынан таныстырып, оның тек көшпелілер мекені емес, санғасырлық өркениеттердің тоғысқан орталығы екенін дәлелдейді. Қазақ даласының жаһандық тарихтағы орны, мәдениетінің көпқабатты бейнесі, сондай-ақ оның әлемдік өркениетке қосқан үлесі еуропалықтарға тың серпін беруде. Гиме музейіндегі бұл ерекше көрме Қазақстан туралы аз білетін, бірақ оны тереңірек түсінгісі келетін жандар үшін таптырмас мүмкіндік», делінген.
Көрме кең ауқымды ақпарат беріп қана қоймай, көздің жауын алатын бес бірегей жәдігерден тұрады. Олар б.д.д. III мыңжылдықтан бастап XVIII ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Әуелі көне дәуірдің бейнесі – Антропоморфтық мүсін және сақ жауынгерінің алтынмен апталған заттары қойылған. Бұл жәдігерлер – Еуразия төсінде өмір сүрген сақтар мәдениетінің көрінісі.
Орта ғасырдан сыр шертетін VI-XI ғасырларға тиесілі балбал тастардың жөні бөлек. Түркі дәуірінде жасалған бұл мүсіндер Қазақстанның сол кезеңдегі тайпалық конфедерацияларын бейнелейді. Ал XIV ғасырдағы атақты билеуші Әмір Темір дәуірінен қалған қола шамдар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы көне тарих қойнауына үңілдіреді.
Шыңғыс хан ұрпақтарының билігі – XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының негізі қаланған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер. Бұл дәуір қазақ халқының мәдени және этностық бірлігі қалыптасқан уақыт тұрғысында сипат тапқан. Сондай-ақ XVIII ғасырдан бастап Қазақстан Ресей империясының құрамына енген кезеңді сипаттайтын жәдігерлер бар. Әлгі мақалада тағы да: «Азияның жүрегінде орналасқан, алып далаларымен ерекшеленетін бұл ел өзінің мәдени және тарихи мұрасымен таңғалдырудан жалыққан емес. Осы жолы Қазақстанның өткені мен өркениеті Париждегі әйгілі Гиме музейінде ұсынылып, еуропалық көрермендерді таңғалдыруда», делінген.