
Суретті түсірген – автор
Әр бейсенбі сайын ұйымдастырылған тазалық акциясына жас та, кәрі де тартылды. Сенбілікпен ғана шектеліп қалған жоқ, тұрғындар ала жаздай, апта сайын тазалық жұмысымен айналысты. Мекемелердің маңайы, үй-жайдың айналасы ғана емес, табиғат аясындағы қоқыстар да қапқа қатталып, тиісті орындарға жөнелтілді. Сөйтіп, әр бейсенбі өңір тұрғындары үшін мерекеге айналды.
Көктем шыға Өскеменнің іргесіндегі Ақбауыр тарихи-археологиялық кешенінде жүргізілген тазалық жұмыстарына, Ұлан ауданы аумағындағы акцияға жергілікті азаматтар ғана емес, өскемендіктер де үлес қосты. Еріктілер, әкімдік қызметкерлері, туризм саласының мамандары бас біріктіріп, тарихи кешеннің маңайын мұнтаздай етті. Тазалық жұмыстарынан соң қоршаудың бойына көшет егіп, кешеннің сәнін кіргізді. Сол көшеттер күзге дейін жайқалып, жасыл желекке айналып үлгерді. Белсене қатысып жүрген еріктілер бұл шараның тәрбиелік мәні бар екенін айтады.
– Экологиялық акция басталады дегенді естігенде ерекше қуандық. Өйткені табиғатта қоқыстың шашылып жатқанын жанымыз сүймейді. Қаланың іші ғана емес, сыртына дейін тазаладық. Қаланың көрікті жері – Қазақстан тауындағы тазалық жұмыстарына да белсене үлес қостық. Қазірде далаға бос бөтелке тұрмақ, бір жапырақ қағаз тастағымыз келмейді. Демек акцияға қатысқан әр жас табиғатты аялауды, қоршаған ортаны қорғауды, еңбекті бағалауды көңілдеріне мықтап түйді, – дейді Өскеменнің белсенді жастарының бірі Аян Қалымбек.
Жалпы, ел көлемінде кеңінен қанат жайған акцияға облыста 541 мыңнан астам адам қатысып, 6,6 мың техника тартылды. 204 саябақ пен скверлердің маңайы абаттандырылды. 323 тарихи-мәдени ескерткіш, 859 әлеуметтік нысанның маңы тазаланды. Өзен-көлдердің жағалауы да назардан тыс қалмады. Ұзын саны 83 мың ауладан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. 110,5 мың түп көшет отырғызып, айнала жасыл желекке оранды. «Таза бейсенбі», «Таза аймақ», «TazaLike» сынды шағын акциялар тұрақты ұйымдастырылды. Акция биыл да жоспарлы түрде, жүйелі жалғасын табады.
Шығыс Қазақстан облысы