
Қазірдің өзінде АҚШ, Аустралия, Жапония, Испания, Ирландия, Германия, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Финляндия, Франция, Чехия, Ұлыбритания, Швейцария, Швеция, Украина құрамалары Алматыға ат басын бұратындарын растады. Солардың қатарында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары, басқа да аса ірі халықаралық деңгейдегі додаларда дараланған фристайлшылар да бар.
Алатау баурайында жалауы желбірейтін жарыста барынша табысты өнер көрсетуді мақсат тұтқан еліміздің құрамасы да кіл мықтыларға сенім артып отыр. Жерлестеріміздің арасынан Юлия Галышева мен Павел Колмаковты бөле-жара атап өтуге болады. Юлия – Олимпия ойындарының қола жүлдегері (2018 жылы), әлем чемпионы (2019), әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері (2015, 2017, 2021), Азия ойындары (2011), Дүниежүзілік Универсиаданың үш дүркін жеңімпазы (2015, 2017). Павел – әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021), Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы (2015), екі дүркін жүлдегері (2017, 2019). Жастар буыны арасынан Анастасия Городконың екпіні күшті. 19 жастағы кенді Алтайдың аруы әлем чемпионатында (2021) үшінші орынға табан тіресе, Дүниежүзілік Универсиадада (2025) екі рет алтыннан алқа тақты.
Жоғарыда есімдері аталған дүлдүлдерден бөлек, аталған жарыста Дінмұхаммед Райымқұлов (жастар арасында әлем чемпионы), Роман Иванов (Азия ойындарының жеңімпазы), Шерзод Хаширбаев (Азия ойындарының жеңімпазы), Асан Асылхан (Азия ойындарының күміс жүлдегері), Роман Погосян (халықаралық турнирлердің жүлдегері), Аяна Жолдас (Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері), Ардана Мақанова (Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері) сынды шеберлер сайысқа түседі.
Жарыс бағдарламасына келер болсақ, 28 ақпанда Шымбұлақта могулдан, 1 наурызда параллельді могулдан, 2 наурызда шаңғы акробатикасынан бәсекелер өтеді.