Спорт • 26 Ақпан, 2025

Жарыс күнделігі

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахматтан Монакодағы ФИДЕ Гран-приінің алғашқы айналымдарында испаниялық Сарасадат Хадемальшарьех (2458 ұпай), Катерина Лагномен (2515) тең түскен Бибісара Асаубаева (2492 ұпай) келесі ойында ресейлік Александра Горячкинаға (2546) есе жіберді. Одан кейін үндістандық Харика Дронавалли (2489), германиялық Элизабет Петц (2428), моңголиялық Батхуяг Мунгунтуулмен (2331) ұпай бөлісті. Қазір алты турдан кейін 2,5 ұпай жинаған Бибісара жарыс кестесінде 9-орында тұр.

Жарыс күнделігі
  • Бокстан Румынияның Браил қаласында аяқталған «Dracula Open-2025» турнирінде еліміздің жастар құрамасы 21 жүлде жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын, 11-і күміс және 6-уы қола. Өз салмақтарында Арман Мырсәбит (46 кг), Дулат Әзиз (57 кг), Төреғали Сейдоллаев (70 кг), Әділ Меделханға (80 кг) тең келер ешкім табылмады.
  • Шорт-тректен Канаданың Квебегіндегі Әлем кубогінің кезеңдік сайысында (U-18) Зейнеп Құмарқан күміс медаль олжалады. 500 метрлік қашықтықты 44,637 секундта жүгіріп өткен Зейнеп канадалық Виктория Жан-Баптистадан ғана қалып қойды. Қола ме­даль­ды польшалық Анна Фальковска енші­леді.
  • Фристайл-могулдан Қытайдың Бэйдайхэ қаласында өткен Әлем кубогінде жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсетті. Бұл жарыстағы ең үздік нәтиже Анастасия Городкоға тиесілі. Ол алтыншы орынды қанағат тұтты. Павел Колмаков пен Юлия Галышева сынды мықтыларымыз үздік ондықтың санатына әзер ілікті.
  • Қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев Швейцарияның Луганосында шымыл­дығы түрілген АТР турнирінің тұсаукесер кездесуінде ойда-жоқта әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған нидерлан­дық Меес Роттгерингтен 6:4, 6:7, 6:7 есебімен ұтылып қалды.