Руханият • 26 Ақпан, 2025

Дүниежарыс

360 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Оны Құдай дүние-мүкамалға кенде қылмады. Бала-шағасы бар, бау-шарбағы, бәрі-бәрі  түгел. Солай бола тұра көзі де, көңілі де аш. Зарлайды да жүреді. Аузынан шығатын ең көп сөз – «жоқ, жоқ». Алыс-беріске сараң. Қанағат деген қасиетті ұғым санасында туа бітті болмаған сияқты. Бірақ, жастау кезінде жөні түзу адам еді... Соңғы кездері қатты өзгерді, теріс жағына. Мұны құртқан – кім ұйымдастыратыны белгісіз тәрізді көрінгенімен негіз қалаушы нәпсі деген құдірет екенін көпшілік үштей түйсінетін дүниежарыс атты «чемпионат». Бұл біріншіліктің қатысушылары да белгілі-белгісіз, сондықтан жеңімпаз анықтала қоймайды, демек ешкім де марапатталмайды. Сонда да қатысушылар саны өте көп, қисапсыз. Осы миллиардтардың ішінде бұл да жүр.

Дүниежарыс

Сурет: pexels.com

Бұл байғұс өзімен өзі әуреленіп кімдермен дүниежарысқа түспейді дейсіз? Оның өзі іштей белгілеп алған қарсылас-бақталастарының құрамында көрші-қолаң, ағайын-туыс, құда-жегжаттар, сыныптастар, «группаластар», дос-жарандар, әріптестер, бәрі-бәрі бар. Бұған салсаң, Билл Гейтс, Илон Маск сынды әлемдік деңгейдегі қалталылардан өзгенің барлығымен іштей қарсыласа береді. Тіпті, бұл жазған кейде еншісін әлдеқашан алып кеткен, бүгінде білдей кәсіпкер, өзінің үлкен ұлымен де бәсекелеседі, оны көре алмайды.

Әлгілер қандай жетістікке жетсе, соны естіп-білген сәттен бастап мұның мазасы қаша бастайды, қызғаныштан іші күйіп, өртеніп, екі бүктеліп қалады, жүрегі шаншып, қан қысымы көтеріліп, орнынан тұра алмай үйелейді. Тіпті, жұрт көзіне, әсіресе әлгі жетістікке жеткенге көрінуден қалады. Ұят қысып, бетін дуылдатып жіберетінін қайтесің? Себебі, одан қалып қойды. Енді қайтіп жер басып жүре алады?

Бұл дертінің емін өзі ғана біледі. Аздап жан шақырып алады да, дүние жарыстан өзінен байқаусызда немесе әдейі озып кеткенді шаң қаптыруға бекінеді. Бұлай етпей оңала алмайды. Өзі қазып, өзі түсіп шыға алмай жатқан ордан құтылу үшін бұл не істемейді дейсің?

Бәрін айтып тауыса алмайсың, бірін жеткізейін.

Осыдан біраз бұрын мұның есінен кетпес қорлықты жағдай орын алған... Осындай қорлықты бұл жазған көремін деп ойлап па? Басқа түскен соң қиын ғой, әрине. Ол не дейсіз бе? Бұл сол күні жердің үстімен барып, астымен қайтқан. Басын көтере алмады... Осы қаладағы жолдастары бір ресторанға жиналған. Көріспегелі біраз болған достарымен басқосуға желпініп «Лексус-570»-пен барған шіреніп. Ресторанның автотұрағына көлігін қоя берген сәттен мұның тынысы тарылып сала берген. «Лексус-570»-ті абырой санап мініп келгенде айнала қаптаған «Лексус-600»-ді көрген мұның жағдайы қайдан мәз болсын?

Бұл ресторанға жиналған жолдастарының арасына сүмірейіп, салы суға кетіп әзер енді. Отырыс қызып келіп берді. Бірақ бұл көңілсіз. Бәрі өзін менсінбейтін, шеттететін, келекелейтін тәрізді. Жиын аяқталғанша іштей ұялып отырды, өзін топтағылардың ең сорлысы есептеді. Өзін қор санады.

Ол сол жиын аяқталар-аяқталмастан ертерек үйіне қайтып кетті. Жолдастарына «Лексус-570»-пен келгенін көрсетпеу үшін тез сытылып шыққан түрі еді бұл. Содан кеше ғана абырой санап жүрген «Лексус-570»-ін аямай айдап келді де, гаражға да кіргізбестен сыртқа қоя салып, өзі төсегіне бүк түсіп жатып қалған. Мынадай қорлыққа шыдау оңай ма?

Ол шұғыл іске кірісіп, айналасы бір аптаның ішінде «Лексус-600»-ті есіктің алдына «байлаған». Осы аралықта оның қалай дызақтап, зыр жүгіргенін көрсеңіз ғой. Осындайда нәпсіні қалай құдіретті демейсің? Пендесін ақыл-естен айырып, жүгіртіп қойған.

Оның ортаншы ұлы үйленгенде бір туысының жасаған тойынан асырамын деп тамаданың таңдаулысына жүгініп, әнші-құшынашты той алаңына иіріп қоямын деп шаты айырыла жаздағаны, бұл ала-өкпе тірлігі үшін ешкімнен «жарайсың, бәрекелді» деген бір ауыз сөз естімей, құры босқа шығынға шаш етектен батқанына ішкі әлемі күл болып өртеніп кеткені де бар, бұл жазғанның.

Бұл өзіне қарағанда дүние-мүкамалы кем, жоқ-жітіктеу ағайын, жақындарының арасында тәкаппар, менмен. Шіртиіп қалады. Өзінен дүние жағынан бәсі жоғарының алдында ләппайшыл. Ондайлардың кез келген төмендетулеріне көне береді. Арланбайды. Өзінен жүз теңгесі артықтың мұны боқтап, балағаттауына қашан да рұқсат.

Соңғы кездері оның мазасы қатты қашып жүр. Себебі өте үлкен. Ол осыдан үш-төрт жыл бұрын келістіріп там салып кірген. Екі қабатты, жиырма бөлмелі үйдің іші-сыртында адамға не керектің бәрі бар. Барлық жағдай жасалған. Құдайдың берген бес перзенті осы үйде өсіп-өнеді, барлық келіндерім осында тұрады, немерелерім, шөберелерім қызығын көреді деген ниетпен салған жоқ ол бұл үйді. Бұл мақтангершілікпен, дүниежарыс әлегімен салынған. Екі қыздың бірі тұрмыста, екі ұл еншісін алып кеткен. Кенже ұл мен кіші қыз қолда. Олар да Америкаға барып оқимыз деп, мұхиттың арғы бетіне қарап «ұлып» жүр.

Өз немерелері, жиендері келсе бұл жарықтық тырысып қалады. Қайсысы келсе де соңдарына түсіп аңдумен болады. Бар қаупі – қымбат обойларды бүлдіреді немесе тағы бірнәрсені құртады.

Соңғы кездері осы екі қабатты үйдің мұның алдында беделі қаша бастады. Осынау зәулім ғимарат мұның көзіне кішкентай үйшік, тауық кепе не жай ғана кетекхана болып көрініп жүр. Үйіне кірсе де, шықса да құты қашып, еңсесі түсіп, иығы қушиып, құныстанып, бүрісіп қалады. Айналасындағы көршілерінің бәрі бірінен соң бірі үйлерін көп қабатты етіп сала бастады. Тіпті, оң жағындағысы мен сол жағындағысы үш қабатты қылып келістіре салып, қоныс тойын тойлап кіріп те алды. Бұл екі көршісі басында төрт қабатты етіп салмақ болған. Мұны естіген бұл оларға «уағызын» аямай, үш қабатты етіп салуға әзер көндірген. Егер олар төрт қабатты етіп салғанда мұның жағдайы қазіргіден де ауыр болар еді.

Әлгі екі көршісі жаңа там саламыз дегенде бұл олармен етене жақындасып, жанашырлық танытқан болып «ақыл кеңесін аямаған». Сондағы мақсаты – оларды өзінен асып түсірмеу. Бастапқыда екі қабатты етіп салуларына «күш салған». Онысынан түк те шықпаған. Содан ол барын салып, не болса да үш қабаттан асырмауларына үндеп, төрт қабатты үйді жылыту, сумен, жарықпен қамту көп шығын екенін, басқа да қиындығын айтып, ағалық шын жанашырлық танытқан болып жүріп көндірген. Егер олар төрт қабатты үй салып кіргенде бұл «комадан» бір-ақ шығар еді.

Батысы мен шығысындағы көршілері де бірер жылда үйлерін жаңаламақ. Ол енді осы екеуімен әмпей-жәмпей. Егер бұл екеуі үш не төрт қабатты етіп салса, мұның жағдайы одан сайын қиындай түсері сөзсіз. Сондықтан оларды қалай да тізгіндеп, айтқанға көндіру керек. Бұл үлкен міндет. Көңілге бір демеу болатыны – шығысындағы көршісінің әзірге зәулім үй салуға жағдайы жоқ. Мұның өзі дәтке қуат.

Егер көршілерінің барлығы үй жағынан келгенде өзінен асып түссе бұл басқа жақтан зәулім үй салып көшіп кетеді немесе есіл жаңа үйін бұзып төрт қабатты етіп басынан салады. Сонда ғана бұл тынышталады. Міне, солай.

Ұл мен қызы, әйелі киім кию, сәндену, соңғы нұсқадағы смартфон сатып алу, шетелге қыдыру жарысында белсеніп жүр. Өзінің жағдайы болса мынадай.

Дүниежарыс «чемпионаты» қызу жүріп жатыр. Қоғам ентігіп тұр. Байың да, қалталың да, орташаң да, кедейің де, кепшігің де сол «жарыста». Құдай сабыр берсін, жақсылығына бастасын. Өкпеміз өшіп қалып жүрмесін. Аяз би құсап, кешегі күнімізді естен шығармайық, ағайын. Ақылды болайық, арзымайтын іспен, арзан да абыройсыз жолға түспейік. Қарынды да, көңілді де қанағат қана тойдырады. Онсыз оларды тойдырамын деп босқа арамтер боласыз. Қиналатын өзіңіз, өзгенің түгі де кетпейді. Дүниежарыс өзгеге құл етеді, одан басқа ештеңе бермейді. Нәпсіңді биле. Оның табанының астында қалма. Нәпсінің табанында жатқандар аз ба?..