
Көрмеге майдангерлердің фотоқұжаттары, марапаттары мен жеке заттары қойылған. Оның ішінде атқыш-ұшқыш, кіші сержант Бахтураз Бейсекбаевтың марапаттары, Брест қамалының қабырғасынан алынған кірпіш фрагменті, Т.Бигелдинов, С.Луганский, М.Ғабдуллин, С.Нұрмағамбетов, А.Хусаинов, Т.Қаумбаев секілді даңқты жауынгерлердің жеке мұрағаттарынан алынған фотоқұжаттар бірден назар аудартады.
Көрнекі бейнелер мен жеке оқиғалар арқылы соғыс қаһармандарын ұрпақ жадында әлдилеген көрме сұрапыл жылдардың сұсты картинасын көз алдыңа әкеледі. Әрбір фотосурет жеңіске үлес қосқан жеке адамның, мейлі ол сарбаз, тыл еңбеккері немесе лагерь тұтқыны болсын, өзіндік бір жеке тағдырын ашады. Көрменің тақырыбы әр суреттің артында нақты өмір, сынақтар мен ерліктер жатқанын айшықтап, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты көрсетеді.
Көрмені ашқан Мемлекеттік Орталық музейі директорының орынбасары Сержан Бараханұлы «Ер есімі – ел есінде» жалпыреспубликалық музейлік акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар алдағы күндері де өз жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ шара барысында көрме қонақтары журналист, тарихшы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің профессоры Ләйла Ахметова, ҚР МОМ архивінің директоры Сәбит Шілдебаев, сонымен бірге ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары сөз сөйлеп, қан майданда ерлік көрсеткен батырлардың ерен ерлігі ұрпақ санасында мәңгі жаңғыратынын атап өтті.
АЛМАТЫ