26 Маусым, 2010

КУВЕЙТТІК ӘРІПТЕСТЕРМЕН ӘҢГІМЕ

480 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Кувейт мемлекеті Халық Ассамблеясының депутаты, “Кувейт-Қазақстан” достық тобының төрағасы Уалид Мусаид әл-Табтабаи бастаған парламенттік делегациямен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында М.Көпеев бұл сапардың парламентаралық байланыстарды одан әрі ілгерілету­де­гі және мемлекетаралық қаты­нас­тарды дамытудағы халық диплома­тиясының маңызын атап өтті. Сенат қызметі мен құрылымын таныстыра келіп, Төраға орынба­са­ры мемлекеттік органдар жүйе­сін­дегі Парламенттің рөлі туралы әңгімеледі. Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты М.Көпеев біздің еліміздің халықаралық құрылым­дар­ға белсене араласып келе жат­қаны туралы айта келіп, жаһандық өркениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамыту, толерантты­лық және төзімділікті нығайтудағы Ас­тананың бастамаларына тоқ­талды. У.М. әл-Табтабаи өз кезегінде екі мемлекеттің заң шығарушы ор­гандары арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты белсенділендіруде осы са­пардың маңызды қадам болатынын атап өтті. Оның пікірінше, заң шығару саласындағы тәжірибе ал­масу және кеңесулер парламент­ара­лық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретін болады. Кувейт Халық Ассамблеясының депутаты толеранттылық және дін­аралық келісім саласындағы біздің еліміздің жетістіктерін жоғары ба­ғалады және араб әлеміндегі Қа­зақстанның ерекше орны мен Орталық Азия өңіріндегі жетекші рөлін атап өтті. У.М. әл-Табтабаи Қазақстан ал­дағы жылы Ислам Конференциясы Ұйымы төрағасының лауазымында маңызды миссияны табысты ат­қа­ратынына сенім білдірді.