Футбол • 28 Ақпан, 2025

Жеңіс аз, жеңіліс көп

64 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемнің алғашқы күні футболдан еліміз чем­пио­на­тының шымыл­дығы түріледі. Қоңыр күзге дейін созылатын доп додасына отандық клубтар қандай даярлықпен келді? Шетелде өткізген оқу-жат­тығу жиыны барысында жерлестеріміз қай елдің өкілдерімен кездесті, ойындар қалай аяқталды? Осы сауалдарға жауап ­із­деп көрелік.

Жеңіс аз, жеңіліс көп

Дайындық жұмысын Алма­ты­да бастаған «Қайрат» көп ұза­май Анадолы еліне аттанды.­ Бірақ Қайрат Боранбаевтың қам­қор­лығындағы команда үшін Түркия сапары соншалықты сәтті болмады. Алатау баурайында қырғыздың «Дордайын» жеңген жерлестеріміз Жерорта теңізі жағалауында білгендерінен жаңылды. Анталья мен Белекте олар алты жолдастық кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңістің дәмін тата алмады. Босния мен Герцеговинаның «Бораці» (0:0), Грузияның «Самгуралиімен» (1:1) тең түссе, Грузияның «Ибериясы» (0:1), Ресейдің «КамАЗ» (2:4), «Химки» (0:2), «Пари» (2:4), «Динамо Махачкала» (0:1) клубтарынан ұтылды. Ең өкініштісі, былтырғы ел чемпионы, отан­дық футболдың көшбасшысы санала­­тын «Қайрат» ортаң қол ұжымдар­дан ұтылды. Айталық, «Борац» пен «Иберия» өз елде­ріндегі үз­діктер санатындағы командалар, қалғандары – Ресей супер­лигасының аутсайдерлері. Ал­матылықтар биыл УЕФА Чем­пиондар лигасында бақ сынауға тиіс.

«Астана» оқу-жаттығу жиы­нын­ Біріккен Араб Әмірлікте­рін­де (БАӘ) өткізді. Елордалық клуб­­тың да ресейлік командаларға әлі ­жет­педі. Олар Мәскеудің «Спар­тагі» (1:4) мен «Краснодарға» (0:1) есе жіберді. Осы орайда, қос клуб­тың да өз елдерінде мықтылар санатында екенін ескерген жөн. Есесіне «Астана» БАӘ-нің «Галф Юнайтеді» (4:1) мен «Арабиан Фальконсін» (6:1), Қытай­дың­ «Чжэцзянін» (3:0) жеңіп, Самарқандтың «Динамосымен» (2:2) ұпай бөлісті.

Қаржылық жағдайы жақсы «Орда­басы» маусым аралығын­да БАӘ мен Түркияға сапарлап қайтты. Бірнеше клубпен шеберлік байқасты. Шымкент футболшылары Мәскеудің ЦСКА-сы (0:3) мен Грузия­ның «Гареджиінің» (1:3) осал тұсын таба алмады. Грузияның «Телави» (6:1), «Иберияс» (1:0) ко­­ман­даларын тізе бүктіріп, Өзбек­­станның АГМК-сымен (1:1), Мол­дованың «Милсамиімен» (0:0) тең ойнады.

«Ақтөбе» Украинаның «Ко­лосынан» (2:1), Грозныйдың «Ахма­ты­нан» (1:0) айласын асырып, Өзбек­станның «Бұқарасы» (2:2), «Бунёд­коры» (0:0), Косовоның «Дукад­жиниімен» (1:1) тең түсті. Өзбек­тердің «Пахтакоры» (0:1), София­ның «Локомотивіне» (1:3) жол берді.

Анадолы елінде «Тобылдың» да жұлдызы жана қоймады. Жиын кезінде өткізген жеті кездесудің тек біреуінде ғана қостанайлықтар­дың бағы жанды. Олар Өзбекстан­ның «Согдианасына» (4:2) сан соқтырды. Косовоның «Балкани» (0:1), Латвияның «Рига» (1:2), Мәскеудің «Крылья Советовінің» (0:3) алдында дәрменсіздік танытты. Мажарстанның «Вашаш» ­(2:2), Ресейдің «Черномореці» (1:1), «Шиннигіне» (2:2) қарсы бәсекеде жеңімпаз анықталмады.

Семейдің «Елімайы» жолдас­тық кездесулерін жеңіспен бас­тады. Сербияның «Чукарич­киі» (1:0), Македонияның «Шкен­дия­сына» (3:0) шаң қаптырды. Өзбектің «Пахтакоры», Косовоның «Гиляниіне» қарсы матчтар 1:1 есебімен аяқталды. Одан кейін қатарынан үш ойында ұтылды: «Бұқара» (0:2), «Балтика» (0:1), «Нефтчи» (2:3). Соңғы кездесуінде Грузияның «Самтредиясынан» ­3:2 есебімен басым түсті.

Еліміздің өзге клубтары да оқу-жаттығу жиыны барысында бірнеше жолдастық кездесу өт­­кізді. Қарсыластар қатарында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан­нан бөлек, Румыния, Албания, Бол­гария, Әзербайжан, Косово, Поль­ша, Словакия, Черногория, Чехия, Молдова тағы басқа мем­лекет­тердің өкілдері болды. Өкі­ніш­ке қарай, еліміздің команда­лары өз ойындарының басым бөлі­гінде жеңіліс тапты немесе тең ойнады. Жеңіс тойын тойлаған кезі­міз сирек.

Биылғы ел чемпионатының тұсауы ертең кесіледі. Алғашқы турда «Астана» мен «Қайрат», «Атырау» мен «Елімай», «Қайсар» мен «Жеңіс», «Қызылжар» мен «Жетісу», «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Тобыл» мен «Ұлытау» өзара шеберлік байқасады.