Шахмат • 28 Ақпан, 2025

Бибісара Асаубаева Монакода сәтсіз өнер көрсетті

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Монакода шахматтан әлемдік Гран-при додасының үшінші кезеңі өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, бұл жарыста еліміздің ең үздік ойыншысы Бибісара Асубаева сәтсіз өнер көрсетті.

Бибісара Асаубаева Монакода сәтсіз өнер көрсетті

Блицтен екі дүркін әлем чемпионы, рапидтен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері және Азия чемпионы деген атағы бар қазақ қызы турнир барысында бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Монакода Бибісара тоғыз кездесудің үшеуінде ұтылып, алты рет тең түсті. Нәтижесінде небары 3 ұпай жиған ол ең соңғы 10 орында қалып қойды. Бұл жарыста Александра Горячкинаның бағы жанды. ФИДЕ-нің туы астында өнер көрсеткен 26 жастағы Ресейдің өкілі қатысушылар арасынан ең көп ұпай жиып, бас жүлдені олжалады.

Жоғарыдағы сәтсіздіктің салдарынан Асауабева бас тұғырдан тайды. Осыған дейінгі екі кезеңінің қорытындысы бойынша ол жарыс кестесінде көш бастап тұрған еді. Қоржынында 197.5 ұпайы бар Бибісара екінші орынға сырғып түсті. Көш басына Александра Горячкина шықты. Орынбор облысының тумасы 236.67 ұпайды еншілеуде. Үздік үштікті қытайлық Тань Чжунъи (170 ұпай) түйіндеп тұр. Енді әлемдік Гран-при додасының төртінші кезеңі 14-25 наурыз аралығында Кипрде өтеді.