Экономика • 01 Наурыз, 2025

Экономикалық қуат немен өлшенеді?

77 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдің экономикалық қуатын өлшейтін түрлі көрсеткіш бар. Бірақ бір қызығы әрқайсысы бір-біріне қарама-қарсы кеп жатады. Мақалада осы тақырыптың мазмұнын ашып көрсек. Мәселен, ба­­уырлас ел Түркияны алайық. Әлемнің ең дамыған мемлекеттері­нің жиырмалығына кіреді (G20). Пандемия кезінде Түркияның экономикалық өсімі өте жоғары болды. Дегенмен түрік лирасы қатты құнсызданып жатыр. Инфляция деңгейі шарықтап кеткен. Соған қарамастан экономикасы күшейіп келеді. Бұл қалай?

Экономикалық қуат немен өлшенеді?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Егер валюта құнымен есептесек, Кувейт, Бахрейн, Йорданияның экономикасы мықты болуы керек. Себебі олардың ақшасының құны жоғары:

1 кувейттік динар – 3,3 доллар.

1 бахрейндік динар – 2,6 доллар.

1 йорданиялық динар – 1,4 доллар.

Бұл валюталар түрік лирасы­ның қасында әлдеқайда құнды. Алайда үш мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) көлемі Түркиямен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Бахрейн – 38 млрд доллар.

Кувейт – 136 млрд доллар.

Йордания – 43 млрд доллар.

Түркия – 720 млрд доллар.

Бұл мысалдан байқағанымыз, ІЖӨ бойынша Түркияның үш араб елінен экономикасы мықты. Осы тізімнің ең жоғары жағында ІЖӨ көлемі 21 трлн доллар болатын АҚШ тұр. Құрама штат­тар экономикасы Түркиядан 30 есе күшті. Бірақ ІЖӨ-де халықтың саны, әлеуметтік хал-ахуалы есепке алын­байды. Сарапшылар доллармен салыс­тырғандағы ұлттық валюталар бағамы экономикалық көрсеткіш болып саналмайтынын айтады. Бізде кейін­гі кезде теңге бағамы долларға қара­ғанда біршама төмендеді. Бірақ бұл эко­номика құлдырап бара жатыр деген сөз емес.

Экономикалық пайда үшін ва­люта саясатын қолдан жасайтын елдер бар. Айталық, Қытай өз ақша­сының құнын доллармен салыс­тыр­ғанда әдейі төмендетіп отыр. Мұн­дағы көзделген мақсат – экспортты кө­бейтіп, импортты азайту. Сауда табысында Қытайдың асығы алшысынан түсіп тұр. Негізінде валюта құнын азайту өнеркәсіптік елдер үшін пайдалы. Себебі олардың экономикасы экспортқа құрылған.

Бәрімізге белгілі заңдылық – егер мемлекеттің кірісі шығысынан аза­йып кетсе, бюджет тапшылығына ұрынады. Мұндай жағдайда үкімет не жинаған валюталық қорынан жұмсайды, не шеттен қарыз алады. Кейбір сарапшылар кіріс пен шығыс мәселесін де экономика қуатын сипатайтын анықтама ретін­де қарастырады. Арасында бұған келіспейтін экономистер де көп.

Ендігі жан басына шаққандағы ІЖӨ жайына келейік. Ол да эко­номикалық көрсеткіштің біріне кіреді. Кувейтте жан басына шаққандағы ІЖӨ – 33 мың доллар, Бахрейнде – 20 мың доллар, Йорданияда – 3 мың доллар, Түркияда – 9 мың доллар, АҚШ-та – 65 мың доллар. Байқағанымыздай Кувейттің жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі Түркиядан анағұрлым жоғары тұр. Бірақ Түркия экономикасы Кувейттен әлдеқайда мықтырақ. Сондықтан сарапшылар экономиканы бір ғана өлшеммен есептеу дұрыс емес дейді.

Кей мемлекеттер идеологиялық мақсатта өз кемшілігін жасыру үшін әдейі тек бір көрсеткіш бо­йынша жетістіктерін мақтан етеді. Мәселен, Түркияда пандемия кезінде ІЖӨ тәуір өсім көрсеткенімен, 2015 жылдан бері валютасы құнсызданудан көз ашпай келе жатыр. Қытай ІЖӨ бойынша әлемде 2-орын алғанымен, жан басына шаққанда 16-орыннан аса алмай отыр. Себебі халқының саны өте көп.

Ендігі бір өлшеуіш – халықтың сатып алу қабілеті (РРР). Яғни елдің азаматы айлығына қандай тауар не қызмет түрлерін сатып алады, соған қарай экономика қуаты өлшенеді. Стэнфорд университетінің ғалым­дары «Экономикалық жайлылық» деген жаңа термин енгізіп отыр. Онда азаматтардың сатыпалу­шылық қабілеті бір жылда неше сағат жұмыс істейтінімен, ден­саулық, білім, жол, байланыс, интернет салаларының жағдайымен өлшенеді. Бұл стандартта Франция мен Германия көш бастап тұр. Салыстырмалы түрде Қазақстан да осы көштен қалыспайды. Себе­бі соңғы жылдары халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға елі­мізде өте көп көңіл бөлініп жатыр.

Белгілі экономист Сапарбек Жобаевтың айтуынша, еліміздің ІЖӨ көлемі бүгінде 295 млрд долларды құрап отыр. Республикада тұратын 20,2 млн адамға бөлсек, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері 14,5 мың доллардан түседі.

«Экономикалық жылдық өсім былтыр 46%-ды көрсетті. Өзбек­станда – 5,5%, Қырғызстанда 7% болды. Өзбекстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ – 3,5 мың доллар. АИ-92 маркалы бензин бағасы біздің ақшамен 400 теңге тұрады. Бізде бұл маркалы бензинді 205 теңгеден сатып алады. Оның үстіне, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері жоғары екенін ескерсек, Қазақстанда халықтың сатып алу қабілеті жаман емес деген тұжырым жасауға болады. Дегенмен еліміздің 80% қазынасы халықтың ішіндегі 20% байлардың қолында», дейді экономист.