Үкімет • 01 Наурыз, 2025

Жұмысшы мамандарды қолдау жайы талқыланды

41 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде білікті мамандар тапшы, ал жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар көп. Оның үстіне сарапшылар күннен-күнге қарқынды дамып жатқан технология әсерінен біраз мамандық өзгеріске ұшырайтынын болжап отыр. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда осы мәселе талқыланып, еңбек нарығын реттеуге қатысты ұсыныстар жасалды.

Жұмысшы мамандарды қолдау жайы талқыланды

900 мыңға жуық маман қажет

«Еңбек адамы – ұлттық эко­­номиканың өсуі мен ел өркен­деуінің негізі» тақырыбына ар­налған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазір инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар, басқа да маңызды мамандықтарға сұраныс жоғары екенін айтты. Алдағы уақытта да бұл үдеріс одан әрі арта түспек.

– Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық бағытта қосымша 1,6 млн адам қажет болады. Қазірдің өзінде елімізге техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман қажет. Ал жоғары білімі бар мамандарға қажетті­лік 430 мың адамды құрайды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, транспорт сияқты негізгі салаларда да еңбек ресурстарына жоғары сұраныс қалыптасып отыр. Бұл жағдай өңірлік және демографиялық дамуда теңгерімділіктің болмауы­нан және ауылдан қалаға көше­тіндердің көптігінен күрделене түсті, – деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасының мәлі­метінше, бүгінде жастар негізінен жұмыс күші артық оңтүстіктегі төрт өңірде: Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тұрады. Сондай-ақ Алматы мен Шымкентте де жастар көп. Ал кадр тапшылығын шешуге кәсіптік білім беру жүйесін жаң­ғыртатын, еңбек миграция­сын қолдайтын кешенді тәсіл қажет. Сондай-ақ Сенат спикері әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейтінін алға тартты.

– Бұл жағдайлар кадр даяр­лаудың қазіргі жүйесі эконо­миканың нақты секторының заманауи сын-қатерлері мен сұраныстарына толық жауап бермейтінін көрсетеді. Халық­аралық валюта қоры технологияның дамуы бүкіл әлемдегі жұмыс орындарының 40 пайызына әсер етеді деп болжап отыр. Демек көптеген мамандықтың мәні алдағы уақытта концептуалды түрде үлкен өзгерістерге ұшырайтыны сөзсіз. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажетті­лік­теріне бағыттауымыз керек. Осы мәселеде мемлекеттің, бизнестің, кәсіпорындардың және білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие, – деді М.Әшімбаев.

 

Өндірістегі адам шығынына бейжай қарауға болмайды

Сонымен қатар М.Әшімбаев өндіріс орындарындағы адам өлімінің азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ол төтенше оқиғалардың 44 пайызы Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алып отырғанын жеткізді.

– Өкінішке қарай, елімізде өндірістегі адамдардың жарақат­тануы мен өлімі әлі де азаймай отыр. Жақында Ұлытау облы­сындағы «Жомарт» кенішінде болған қайғылы жағдай соған дәлел. 2021–2023 жылдары жазата­йым оқиғалардың саны айтар­лықтай артқан. Олардың 80 пайыздан астамы ірі және орта өнеркәсіп орындарында болған. Десек те, қазіргі таңда барлық қажетті заңнамалық база бар. Тиісті заңдарды депутаттар уақтылы қабылдап келеді. Былтыр мемлекеттік еңбек инс­пекциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің құрылымына ауыстырылды. Осы ретте заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту, алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру аса маңызды екенін атап өткен жөн. Бұл бағытта бизнес, еңбек инс­пекциясы және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармалары тарапынан белсенді жұмыс жүргізілуге тиіс деп есептейміз, – деді Сенат төрағасы.

Ал «Qarmet» АҚ Бас директоры Вадим Басин өндіріс кәсіп­орындарында болған қайғылы жағдайлардан сабақ алып, бұл мәселеге енді ғылыми зерттеу жүргізіп жатқанын айтты.

– Жыл соңына дейін біздегі шахталардың барлығына жер­асты позициялау жүйесін енгі­земіз. Нәтижесінде, жер ас­тында жүрген 14 мың кеншінің әрбірі­нің қимылын жерден бақы­лап отырамыз. Қазір тех­ника­лық мамандықтарға жастар бар­ғысы келмейді. Мәселен, был­тыр жылу энергетикасы маман­­­дығы бо­йынша ұсынылған грантқа елімізде бірде-бір талап­кер түскен жоқ. Сондықтан ма­­ман­дарды даяр­лау мен қайта даяр­лау жүйесі әу бастан колледж­­­­дерден ре­фор­малануы ке­рек. Әйтпесе бәсе­ке­ге қабілетті бола алмай қала­мыз, алдағы уа­қыт­та жұмыс­сыз қалатын маман­­дар даярлай береміз, – деді В.Басин.

 

Кәсіби қызметкерлер саудада жүр

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қазір кәсіптік-техникалық білімі бар мамандардың көбі саудада жүргенін мәлімдеді. Вице-премьердің мәліметінше, 856 мың адам сауда жасап күн көріп жүр. Өнеркәсіпте – 670 мың, ауыл шаруашылығында – 559 мың, көлік және қойма саласында 419 мың адам кәсіптік-техникалық білімі бойынша еңбек етеді.

– Жұмысшы кәсіптер арасында орташа жалақының жоғары деңгейі өнеркәсіпте – 588 мың теңге, қаржы саласында – 531 мың теңге және көлік саласында – 403 мың теңге. Азаматтарды жұмыспен қамтудың өсуіне кәсіптік-техникалық даярлық ықпал етеді. Кейінгі 10 жылда кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлердің үлесі жұмыспен қамтылған жалпы халықтың 49 пайызына жетті. Өсім – 17 пайыз. 2030 жылға дейінгі болжамдар бойынша, 1,8 млн жас еңбек нарығына шығады. Оларды қажетті дағдыларға баулу маңызды. Бірқатар өңірде ең­бек­ке қабілетті халықтың, әсіресе жастардың кетуі байқалып отыр. Бұл стратегиялық маңызды салаларда жұмыс күшінің жетіспеуіне әкеледі, – деді Е.Көшербаев.

Ал Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов парламенттік тыңдауда екі ұсыныс жасады. Ол алдымен колледж қызмет­кер­лерін коммерцияландыруға, материалдық-техникалық база­ны жақсартуға және инвестициялар тартуға мүмкін­дік беруге кәсіптік-техникалық білім беру колледждерін 100 па­йыз жауапкершілігі шектеулі серіктестік меншік нысанына ауыс­тыруды ұсынды. Бұл қадам, әкімнің айтуынша, заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етеді.

– Екіншіден, ғылыми-педа­гогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесіне қосымша ақы тек мектеп мұғалімдеріне 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңгедей төленеді. Сон­дық­тан осы жылдың маңыздылығын ескере отырып, қосымша ақыны техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне де қарастыруды ұсынамын, – деді Павлодар облысының әкімі.

 

Сұраныс 56 пайыз шамасында

Сондай-ақ Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшер­баев алдағы 6 жылда жұмыс күші­не деген сұраныс 1,6 млн адам­ға бағаланып отырғанын айтты. Олар­дың жартысынан көбі кәсіп­тік-техникалық білімі бар маман болса, 400 мыңға жуығы – таза жұ­мысшы. Оның ішінде құры­лыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнер­кәсібі және денсаулық сақ­тау салаларында маман аса қажет болмақ.

– Бұл салаларда жұмыс­шы ма­­ман­дарға сұраныс 56 пайыз бо­ла­ды. Құрылыста сылақшы­­ға (9 758 адам), прорабқа (9 477 адам), дәнекерлеушіге (7 229 адам) сұраныс жоғары болады. Ауыл ша­руашылығында фермерлерге (9 695 адам), тракторшыларға (7 141 адам), ірі қара мал өсіру­мен байланысты жұмысшыларға сұраныс жоғары болмақ. Өңдеу өнеркәсібінде дәнекерлеушілер, тігіншілер мен киім реставратор­лары, өнеркәсіп жабдықтары­ның слесарьлары, сантехниктер мен құбыр өткізгіштер қажет. Ден­сау­лық сақтау саласында 24 614 орта медициналық персонал, 4 604 жедел жәрдем көлігін жүргізуші, 4 536 фельдшер керек болады. Өңірлер бойынша жұмысшы мамандықтарға ең үлкен сұраныс Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында болады, – деді Е.Көшербаев.

Ал Астанадағы «Техноло­гия­лық колледж» директоры Ләззат Разбекова кәсіптік білім беретін колледждердің мәселесін алға тартты. Оның айтуынша, қызмет көрсету саласында білім беріп отырған колледждер, өкінішке қарай, бүгін өздері дайындаған өнімдерін емін-еркін нарыққа шығара алмай отыр. Оған кедергі нормативтік-құқықтық акті­лердегі коллизиялар, заң­дағы қарама-қайшылықтар.

«Білім туралы заң колледж­дерге өз қызметінен түскен кірістерді, өнімді пайдалануға мүмкіндік берсе, кәсіпкерлік кодекс соған шектеу қояды. Осы ретте өзім жұмыс істеп отыр­ған технологиялық кол­ледж­дің жұмысын мысалға кел­тірейін. Елу жылдық тарихы бар технологиялық колледж Қазақ­станда бірінші болып наубай­шы мамандығын ашты. Жас маман проектісі арқылы 122 млн-ға соңғы үлгідегі жабдықтармен сатып алдық. Қазақстандағы ең мықты деген хас шебер нау­байшы мамандар колледжде жұмыс істейді. Оған дәлел колледж студенттері кейінгі бес жыл­дың ішінде World Skills қала­лық ұлттық чемпионатта топ жарып, Қазақстанның атынан халықаралық чемпионаттарға шығып жүр. Міне, былтыр біз Францияда мемлекетінде бол­дық. Биыл Данияға мемлекетіне баруға дайындалып жатырмыз. Осындай шеберлерден күнделікті дайындалып жатқан кондитерлік нан өнімдеріміз өкінішке қарай, ысырап болып жатыр», деді колледж басшысы.

Ләззат Разбекованың айтуын­ша, егер колледждер өз өнімдерін өздері сатып, түскен табысты кол­ледж­дің дамуына жұмсайтын болса, бюджетке де үлкен жеңіл­дік болар еді. Өкініштісі, олар өнімдерін сатпақ түгілі, жалға беріп, табыс таба алмай отыр.

«Орта есеппен алғанда 722 колледжді алатын болсақ, күн­делікті сабақтың үстінде дайындаған өнімдерді нарыққа шығаратын болса, ең төменгі мөлшермен бір жылдың ішінде 20 млрд-тан аса мемлекеттік бюджетке қаржы түседі екен. Ал енді Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігінің айтуынша, колледждердің өз өнімдерін сату әділ бәсекелестікке кедергі келтіреді екен. Алайда бұл мәсе­лені әлі де терең зерттеу қажет деп есептейміз», деді ол.