
Анастасия Городко Әлем кубогінде қола медаль алды
Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортында фристайлдың могул, параллельді могул және шаңғы акробатикасы түрлері бойынша Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Үш тәулікке созылатын жарыста 17 мемлекеттен келген 100-ден аса спортшы өнер көрсетті.
Таяуда ғана Әлем кубогінің кезеңін Қытайдың Бэйдайхэ қаласы қабылдаған еді. Аспанасты елінде жерлестеріміз өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бұл бәсекеде Анастасия Городко – алтыншы, Павел Колмаков – жетінші және Юлия Галышева – сегізінші орында қанағат тұтты. Басқа спортшылардың нәтижесі одан да төмен болды. Сол себепті де кеуде түпкірінде «өз елімізде, өз жерімізде өтетін жарыста жанарымызбен жер шұқып қалмаймыз ба?» деген күдік басым болды.
Алғашқы күні могулшылар сайысқа түсті. Өкінішке қарай, жерлестеріміз сенім үдесінен шыға алмады. Финалға шыққан Анастасия Городко бұл жолы да Қытайдағы көрсеткішін қайталап, алтыншы орынға табан тіреді. Одан кейінгі жетінші сатыға Юлия Галышева жайғасты. Бұл бәсекеде әлем чемпионатының қола жүлдегері, америкалық Тесс Джонсон дара шықты. Оның отандасы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының үш дүркін финалисі Джалин Кауф күміспен күптелсе, жапониялық Рино Янагимото қолаға қол созды.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ерлер бәсекесі нағыз қызған шағында тоқтатылды. Сол себепті де жеңімпаздар мен жүлдегелер іріктеу сайыстарының қорытындысы негізінде анықталды. Бұл ретте Майкл Кингсберидің бағы жанды. Олимпия ойындарында үш (1 алтын, 2 күміс) және әлем чемпионатында 13 (8 алтын, 3 күміс, 2 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілген Канаданың атақты спортшысы Алатау баурайында алдына жан салмады. Оңтүстіккореялық Да Ён Чжан мен жапониялық Икума Хоришима күміс пен қола медальді иеленді. Біздің Павел Колмаков бесінші орында қалып қойды.
Келесі күні параллельді могулдан бәсекелер өтті. Бұл жолы 19 жастағы Анастасия Городко өз жанкүйерлерін қуантып, қола медальі мойнында жарқыратты. Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы, әлем біріншілігің қола жүлдегері ширек финалда өзінің командалық әріптесі Юлия Галышеваны ұтса, жартылай финалда Джейлин Кауфқа жол берді. Ал үшінші орын үшін тартыста Анастасия Тесс Джонсонға сон соқтырды. Кауф алтыннан алқа тақса, Рино Янагимото күміске қол созды.
Абылайхан Жұбаназар Ташкент Гран-принің қола жүлдегері
Дзюдодан Ташкентте өткен Гранд Слэм турнирінде Қазақстанның 20 балуаны күш сынасқанымен, солардың арасынан Абылайхан Жұбаназардың ғана жолы болды.
Алғашқы күні жарыс жолына шыққан балуандардың барлығы да тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Атап айтсақ, Әлжан Нұрәділ (60 кг) мен Бозша Ердәулет (66 кг) татами қожайындары Камоллидин Бахтиеров пен Абдурақым Нутфуллоевқа, Ержан Еренғайыпов (66 кг) БАӘ-нің өкілі Қазбек Нагучевқа есе жіберді. Ғалия Тынбаева (48 кг) тәжікстандық Ахила Муминовадан, Диана Букреева (48 кг) мен Бақыт Құсақбаева (57 кг) ресейлік Сабина Гиллязова мен Ирина Зуевадан жеңілді. Құндыз Жылқыбай (52 кг) испаниялық Мария Лапуэрта Комастың алдында жігерсіздік танытты.
Екінші күні Абылайхан Жұбаназар (81 кг) көпшілік көңілінен шығатындай өнер көрсетті. Алғашқы айналымда тәжік Санотуло Мұсаевқа сан соқтырған ол келесі кезеңде Бахрейннің намысын қорғап жүрген реселік легионер Гаджимұрат Омаровқа есе жіберді. Одан кейін германиялық Тимо Кавелиус пен жапониялық Сотаро Фудживароны жыққан Абылайхан қола медальді мойнына ілді. Дәл сол межеден көрінуге Назгүл Маратованың да мүмкіндігі болды. Бірақ үшінші орын үшін бәсекеде оның әлем чемпионатының үл дүркін финалисі, франциялық Юлия Толофуаға әлі жетпеді.
Ал Есет Қуанов (73 кг), Бақытжан Абдурахманов (73 кг), Айдар Араповты (90 кг), Ермахан Әнуарбек (90 кг), Бейбіт Мәдиев (100 кг), Марат Байқамов (100 кг) және Еламан Ерғалиев (+100 кг) ел сенімін ақтай алмады. Сондай-ақ, қыздарымыз да бастапқы кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты.
Фото: Қайсар Есенов, Қазақ күресі федерациясы
Үндістанда Қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті
Үндістанның бас шаһары – Нью-Делидегі «Тьягарадж» ұлттық стадионында қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды. Екі күнге созылған сайыста жер жаһанның 20-дан аса мемлекетінен келген 200-ге жуық балуан бақ сынады. Олар 16 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальді сарапқа салды.
Жарыстың ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов: «Үндістанда қазақ күресін белсенді түрде дамып келеді. Осы күнге дейін аталған мемлекетте спорттың осы түрі бойынша төрт рет ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сіздердің төл өнерімізге жоғары қызығушылық танытып жүргендеріңіз – біздер үшін үлкен мақтаныш. Екіжылдықтың басты додасында бақ сынайтын балуандарға сәттілік, ал көрермендерге жарқын эмоция тілеймін, – деп тіл қатты.
Ерлер арасындағы бәсекелер сегіз салмақта өтіп, соның жетеуінде біздің жігіттер қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтсақ, Бекжан Төлепов (55 кг), Мейіржан Берекетов (60 кг), Нұр Аманшүкіров (66 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг), Ерсін Сейітқазынов (82 кг), Айдос Ғалымов (90 кг) және Ерсұлтан Мұзафаров (100 кг) бас жүлдені қанжығаларына байлады. Тек аса ауыр салмақта қазақ балуандары топ жара алмады. Финалда Нұрдәулет Жарылқапов жеңілістің кермек дәмін татты. Ол Өзбекстанның алыбы Мұқсын Хуссимудиновқа есе жіберді. Ал жүлделі орындарды иеленгендер қатарында Үндістан, Грузия, Әзербайжан, Польша, Тәжікстан және Эстонияның апайтөстері бар.
Әйелдердің сайысында Айжан Жылқыбаева (48 кг), Рауза Нұрмұхамбетова (56 кг), Зарина Зәріпова (65 кг) және Әлбина Бақиева (+77 кг) алтыннан алқа тақты. Роза Нысантайқызы (70 кг) финалда нидерландтық Сем Ван Дуннан ұтылып, күміс медальді еншіледі. Аружан Адасқан (52 кг) мен Гүлім Елубай (60 кг) қола медальді иемденді. Өзге салмақ дәрежелерінде Ситора Елмұродова (52 кг), үндістандық Анну Анну (60 кг) және грузиялық Нино Одзелашвили (77 кг) озды.
Аталған спорттық шара барысында UWW техникалық делегаты Онур Шимшек Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың Біріккен күрес әлемінің (UWW) ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылданғанын жариялады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, төрткүл дүниенің 40-тан астам мемлекетінде Қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Бүгінге дейін спорттың осы түрінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия біріншілігі, 6 Әлем кубогі мен 6 Еуропа чемпионаты өтті. 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді. Ал 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы қазақ күресі жарысына 46 мемлекеттің 300-ден астам спортшы қатысты. Сөйтіп, қазақ күресі – кешенді ойындардағы ең көп спортшы қатысқан спорт түрі болып танылды.
Конькиші Евгений Кошкин Херенвенде алтын алды
Конькиден Нидерландтың Херенвен қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогінде Евгений Кошкин 500 метрлік қашықтықты 34,46 секундта жүгіріп өтіп, бас жүлдені олжалады.
Екінші және үшінші орынды Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, канадалық Лорен Дюбрель (34,51) мен жарыс қожайыны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Еннинг Де Боо (34,52) еншіледі. Естеріңізге сала кетейік, осының алдында ғана Кошкин Херенвенде қола алса, осыдан бір апта бұрын Польшада алдына жан салмады.
Виктор Друзин Парижде алтын алды
Францияның астанасы – Парижде әртістік жүзуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды.
Алғашқы күні техникалық бағдарлама бойынша сынға түскен Эдуард Ким ұлыбританиялық Ранжу Томблиннен ғана қалып қойып, күміспен күптелді. Ал күні кеше Виктор Друзин жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол жеке бағдарламада теңдессіз деп танылды. Сайыстың дәл осы түрінде Артур Майданов мен Валерия Столбунова жұбы күміс медальді мойындарына ілді.
Жүлде алғанымен, жолдама бұйырмады
Су добынан Қытайдың Чжаоцинінде өткен Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы қола медальді иеленді.
Шешуші сында олар Өзбекстанды 13:6 есебімен еңсерді. Бір өкінштісі, біздің қыздар жүлде алғанымен, әлем чемпионатына қатысатындардың тізіміне қосыла алмады. Өйткені, аталған жарыстың жолдамасы тек финалға шыққан үздік қос командаға ғана берілді.