Айбын • 03 Наурыз, 2025

Алматыда қорғаныс саласы бойынша конференция өтті

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өткен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының III конференциясында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың басымдықтарын айқындады, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда қорғаныс саласы бойынша конференция өтті

Фотолар: Қорғаныс минстрлігі

Конференцияға қатысушылар қорғаныс саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кәсіпкерлердің пікірінше, келісімшарттың 1 жылдық мерзімі күрделі жұмыстарды, жоғары технологиялық тапсырыстарды орындау үшін жеткіліксіз. Іс жүзінде олар көптеген компоненттерді жеткізуді талап етеді, ал қазіргі кезде логистикаға қатысты мәселелер келісімшарт талаптарының бұзылуына әкеледі.  

Министр жасалатын келісімшарттардың мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды, сонымен қатар ол мемлекеттік орган мен қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының отандық өндірісті дамыту және жалған кәсіпкерлік, жасырын импорт пен бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауға күш-жігерді біріктіруге шақырды.

«Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп саласында 120-дан аса компания бар, дегенмен олардың барлығы нақты өндірушілер емес. Олардың біразы өнім шығармай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде қаржы алуды көздейтіндер. Бұл мәселені құрамында Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері бар комиссия құру арқылы шешуге болады. Бұл комиссия өзін әскери мақсаттағы өнім өндірушілер ретінде көрсететін кәсіпорындарды тексереді», деді Руслан Жақсылықов. 

gov.kz

Одан өзге министр, шетелден технологияларды сатып алу кезінде де өндірісті одан әрі оқшаулау Қазақстанда болуы тиіс екенін, Семей танк жөндеу зауытының базасында кластер құру қажеттігін мәлімдеді. 

«Өндіріс орны бронды танк техникасын ғана емес, қару-жарақты, артиллериялық жүйелерін, трансмиссиялардың күштік қондырғыларын жөндеуге де мамандануы тиіс. Мұның бәрі орындалуы керек», деді министр.

Конференция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының қауымдастығы отандық қорғаныс саласын дамытудың бірыңғай стратегиялық тұғырнамасын әзірлеу үшін бірлескен комиссия құруға шешім қабылдады.

Руслан Жақсылықов қауымдастық мүшелері көтерген барлық мәселелер өзекті болып табылатынын атап өтіп, бағаны реттеу мен келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту жөнінде бірқатар тапсырмалар беретінін алға тартты. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері кіретін жұмыс тобы шеңберінде барлық проблемаларды шешуге болатынына сенім білдірді.

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 13 ақпанда «ҚР-ның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді.