
Аталған жарыста жалғыз алтынды Жәмиля Бақбергенова олжалады. Қатысушылар санының аздығынан 72 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекелер айналмалы жүйе бойынша өтті. Тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, украиналық Алла Белинскаядан басым түскен ол келесі белдесуде Александре Юнис Глауденге жол берді. Одан кейін Панамерика ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, аргентиналық Линда Мачукуды жыққан Жәмиля Албаниядағы рейтингтік жарыстың жеңімпазы атанды.
Аса ауыр салмақта сайысқа түскен Елмира Сыздықова ресейлік Валерия Трифонова мен румыниялық Александра Анджелиді айқын басымдықпен ұтқанымен, жартылай финалда АҚШ-тың өкілі Димон Гуйлфордтан айласын асыра алмады. Ал қола медаль үшін сайыста Елмира қытайлық Янланнің қос жауырынын жерге қадады.
Еркін күрес шеберлерінің жарысында 86 кг салмақтағы Болат Сақаев пен Рүстем Мырзағалиев қана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Алғашқы айналымдарда өзінің командалық әріптесі Данияр Қайсанов пен қырғызстандық Мұхамад Абдоллаевты жеңген Болат жартылай финалда грузиялық Тариэль Гапхриндашвилиді жолынын ығыстырды. Финалда америкалық Чандлер Марстеллерге есе жіберген ол күміс медальді мойнына ілді. Ал Рүстем үшінші орын үшін бәсекеде польшалық Себастьян Язержанскиді ойсырата ұтты.
Грек-рим күресі шеберлері Тиранадағы турнирді үш қоламен қорытындылады. Ол жүлденің иегерлері – Ерасыл Мамырбеков пен Ерсін Абиыр (55 кг) және Бағдат Сабаз (67 кг). Бір қуантарлығы, үшінші орын үшін тартыста қандастарымыз өз қарсыластарын бас көтертпей ұтты. Атап айтсақ, Ерасыл албаниялық Энди Муканы, Ерсін қырғыз Ұлан Мұратбекұлын және Бағдат қытайлық Ли Лейді еркін еңсерді.