
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
ҚР күштік құрылымдарынан тұратын оркестрдің құрамында ұландықтар да бар. Олар өзге де әріптестерімен бірлесіп, Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдейді.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі құқықтық тәртіп әскерінің оркестрі шеруге қызу дайындалып жатқанын хабарлады. Былтырғы желтоқсанда әскери шеруге дайындық мәселелері талқыланып, музыкалық шығармалар іріктелген болатын. Осы іріктеуде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери дирижерлары жазған 4 музыкалық шығарма шеруде орындалуға лайықты деп таңдалды.
«Шеру кезінде біздің оркестр «Шаттық», «Генерал Шакир Джексенбаев» және құқықтық тәртіп әскерінің әнұранына айналған «Елдің қорғаны» мен «Батыр» марштарын орындайды. Бұл шығармалар жауынгерлердің бойындағы рухты оятады және жігерлендіреді», дейді Әскери-оркестр орталығының басшысы Олжас Құдайқұлов.
Осы туындылардың ішінде «Батыр» қарсы алу маршын орталықтың аға офицері Наиль Валиев жазған.
«Бір жыл бұрын маған үрмелі оркестрге арналған марш жазу идеясы келді. Өзім де үрмелі аспаптарда ойнаймын, кларнетистпін. Менің бұл туындымның музыкасы күшті, анық, жылдам және жарқын. Автор ретінде шығармамның ауқымды әскери шеруде орындалатыны мен үшін үлкен абырой», деді Наиль Валиев.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның оркестр мүшелері әскери шеруге орай киім үлгілерін де жаңартпақ.