Алматы облысы Қарасай ауданының Алмалы бақ ауылында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына (ҚазЕӨШҒЗИ) 75 жыл толуына арналған “Егіншіліктің, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен биологиясының жетістіктері және болашағы” атты екі күндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бүгінде аталмыш ҒЗИ Қазақстанның агрономиялық ғылымын және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, агрохимия, агротопырақтану және агроэкология салаларын қалыптастыруда жетекші рөл атқарып келеді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
“Егемен Қазақстан”.
Негізін сонау 1934 жылы қалаған В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты кезінде республика көлемінде жүргізілген егіншілік және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіруші ғылыми-әдістемелік орталық болып құрылған-ды. Ал одан кейінгі жылдары республикадағы ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатын мекемелердің жүйелі жұмыстарын ұйымдастыруда да үлкен рөл атқарды. Бүгінде ҚазЕӨШҒЗИ шығарған сорттар мен будандар Қазақстанда және таяу шетелдерде 2,5 млн. га егістік алқапта өсірілуде. Бұған қосымша соңғы 10 жыл ішінде институт ғалымдары 57447 үлгіге талдау жүргізіп, астық, дәнді бұршақ, техникалық, майлы, жарма және мал азықтық дақылдардың ұлттық генетикалық қорын қалыптастырды. Мәселен, осындай көпжылдық жұмыстардың нәтижесінде институтта жоғары өнімді әрі өнімі сапалы, қоршаған ортаның абиотикалық және биотикалық факторларына төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының 400-ден астам сорты мен буданын шығарды. Олардың 135-і өндіріске пайдалануға рұқсат етілген. Институт жыл сайын астық дақылдарын – 450, жемдік дәннен – 130, дәнді бұршақтан – 120, мақсарыдан – 60, жүгеріден – 50, мал азықтық дақылдан 10 тоннадан жоғары сапалы кондициялық тұқым өндіреді.
Кез келген мекеменің табысты жұмыс атқаруы оны басқарушы тұлғаға тікелей байланысты. Институт құрылғалы ғылыми мекемені 14 директор: А.Х.Авсаров (1935-1938), К.Б. Бабаев (1942-1948), А.Ж. Жанғалиев (1949-1952), А.И. Бараев (1953-1957), Х.А.Арыстанбеков (1957-1958), Н.Н. Нечипоренко (1958-1959), М.Н. Ерлепесов (1959-1975), І.Ә. Әбуғалиев (1975-1995), Р.А. Оразалиев (1995-2003), А.І. Әбуғалиева (2003-2004), С.Б. Кененбаев (2004-2009) сияқты елімізге белгілі ғалымдар басқарып, мекеменің материалдық-техникалық базасын құруда, алға қойылған міндеттерді шешуде, жалпы еліміздегі агрономия ғылымының дамуына және ғылым жетістіктерін өндіріске енгізудегі іс-шараларына көптеген еңбек сіңірді.
– Мемлекет тарапынан институттың материалдық-техникалық базасын жасақтауға, онда жүргізілетін ғылыми жұмыстарға, ғалымдардың жағдайы мен жалақысын көтеруде игі қадамдар жасалды, – деді бізге ҚазЕӨШҒЗИ директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Исатай Нұрпейісов. – Биыл бас ғимаратты күрделі жөндеуге 373 млн. теңге ақша бөлініп, екі ай бойы құрылыс жұмысы тоқтамай жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа жобадағы зертхананы ашып, оған ең заманауи кең таралған жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыруға Үкімет 200 млн. теңге бөліп отыр. Жақында селекциялық жылыжай пайдалануға берілді. Оның мақсаты – селекциялық жұмыстарды жылдамдату. Егер біз бұған дейін классикалық әдісті пайдаланып, сорт шығаруға 14-15 жылымыз кетсе, енді жылыжай арқылы уақытты екі есеге дейін қысқарта аламыз. Яғни, 7-8 жылда жаңа сорт шығаруға болады. Сосын астық тазалағыш жүйе – тұқым шаруашылығында өте бір қажетті агрегат. Ол да жақында пайдалануға берілді. Биыл машина-трактор паркін 85 пайызға жаңаладық. Мұның бәрі ғылыми жұмыстарды жақсартып, сапалы жүргізуге мүмкін бермек.
Қазіргі таңда институттың 7 ғылыми бөлімшесіндегі 212 қызметкердің 2-уі ҚР ҰҒА академигі, 4-уі ҚР АШҒА академигі, 17 ғылым докторы, 40 кандидат, қалған 87-сі ғылыми қызметкер. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дақылдары сорттары мен будандары 44 куәлік пен авторлық куәлікке қол жеткізген. ҚР патентін алуға селекциялық жетістіктер мен өнертабыстарға 114 өтінім беріп, селекциялық жетістіктер 20, өнертапқыш әдістік бойынша 5 инновациялық патент иеленген. Институттың жалпы тарихында 700-ден астам диссертациялық жұмыс қорғалса, жыл сайын 30 аспирант пен докторант оқиды.
Институт бірқатар халықаралық ғылыми орталықтар мен Ресейдің ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз байланыста.
Конференцияға қатысушылар алдымен жаңадан ашылған жылыжайды, танаптық стационар, көрме және аналитикалық зертханалармен танысып шықты. Егіс алқабында бірқатар ғалымдармен сұхбаттасудың реті келген-ді.
Майлы жем-шөпті дақылдар бөлімінің меңгерушісі, ҚазҰҒА-ның академигі Мейірман ҒАЛИОЛЛА:
– Бүгін ғалымдар үшін үлкен мейрам. Кезінде мұнда ірі-ірі ғалымдар қызмет істесе, қазір де сол дәстүр жалғасуда. Қазақ негізінен мал өсірген ел. Мал өсімінің 60-70 пайызы оның тамақтануына байланысты болғандықтан, мал азығындық жем-шөп дақылдарына көп көңіл бөлінеді. Еліміз былтыр астықтан мол өнімге қол жеткізді. Кейін сату мәселесінде қиындықтар болып, біршама астық өтпей қалды. Егер осындай жағдайда елімізде мал шаруашылығы дамығанда, астықтың өзін мал азығына пайдаланып, ет, сүт өндіруге пайдаланар едік.
Кезінде суармалы егіншілік бөлімін 32 жыл басқарған а.ш.ғ. д., профессор Орынбек ТӨРЕШЕВ:
– Институт егін шаруашылығының жаңа сорттарын шығарып, мәдениетін көтеруде орасан еңбек сіңірді. Тіпті оның ғылыми жұмысындағы маңыздылығына байланысты Ауыл шаруашылығы академиясының функциясын да атқарған үлкен қара шаңырақ. Бұл қара шаңырақтан қазіргі Өсімдік қорғау, Механизация, т.б. бұрын бөлімшелері болған ҒЗИ-лар отау болып шықты.
Мал азықтық дақыл және жүгері бөлімінің ғылыми қызметкері, а.ш.ғ.к. Бөгенбай ӘЛМАХАНОВ:
– Бүгінде біздер шығарған жүгерінің 25 сорты бар. Қазақстанның ауа райына байланысты оңтүстікке 140 күндік, солтүстікте дән алу үшін 85-90 күнге лайықталған сорттарға қол жеткіздік. Солтүстік аймақтарда жүгеріден дән алуға болмайды деген қағида қалыптасып келсе, ал біздің гибрит сорттан ауа райының қолайсыздығына қарамай 40-60 центнерге дейін дән аласыз. Ал оңтүстікте мың центнерге дейін сүрлем, 140 центнерге дейін дән беретін будандарымыз бар. Кеңес Одағы кезінде 1,5-1,7 млн. гектарға біздің жүгері сорттары егілсе, бүгінде мүлдем аз. Қазір мал басының, құс өсірудің көбеюіне қарай, сұраныс артып келеді.
Бүкілресейлік селекциялық-технологиялық институты МҒМ-сі директорының генетикалық ресурстар жөніндегі орынбасары және зертхана меңгерушісі, Ресей а.ш.ғ. д., профессор, Тимирязев атындағы алтын медальдің иегері Сұлухан ТЕМІРБЕКОВА:
– Аталмыш институт КСРО кезінде танымал және атақты институттың бірі болды. Әрине, Кеңес Одағының ыдырауына байланысты байланыстарымыз үзіліп, қаржылық жағы қысқарған соң алыс-келіс азайып, араласа алмасақ, осы жолы сол әріптестікті жалғастыру мақсатында селекциялық өсімдіктер, генетикалық материалдар, мамандармен ғылыми ақпараттық және ғылыми жұмыстармен тәжірибе алмасу, бірігіп конференциялар өткізу жөнінде келісім-шартқа отырмақпыз.
Мені Қазақстан Республикасының тек өз елінде ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағына танымал болған ғылыми-зерттеу институтына деген көзқарасы, институттың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі қуантып отыр. Ал 700 ғылым докторы мен бірнеше ондаған ғылым кандидатын дайындап шығаруы, ол институттың бүгінгі әлеуетін, оның осы жылдары қаншалықты жемісті жұмыс атқарған еңбегінің өлшемін көрсетсе керек.
Өсімдік қорғау зертханасының меңгерушісі, а.ш.ғ.д., профессор Амангелді САРЫБАЕВ:
– Баршаға белгілі зиянкестерден, арамшөптерден, аурулардан егістікке жылына 25-30 пайыз зиян келеді. Соған байланысты біздің зерттеу бағыттарымыз – ауруларға төзімді сорттар шығару, солардың жасанды індет аясын жасап, соны бағалау, сұрыптау, сосын селекционерлерге басты материал ретінде ұсыну. 25 жылдай жасаған еңбегіміздің нәтижесінде ауруларға төзімді сорттар шығаруға қол жеткіздік. Олар өнімділігін жоғалтпайды, ол сорттарға егістікте улы химикаттарды пайдаланудың қажеті жоқ.
Конференцияның одан кейінгі жұмысы “Алтын Қарғалы” кешенді қонақ үйінде пленарлық отырыспен жалғасып, екінші күні жиын жұмысы қорытындыланып, делегаттар Алматы қаласы мен аудандарын аралады.