
Жақында баспаналы болғандар қоныстойларын тойлап, үйлеріне кіріп алды. Қожалықтың қойын бағып, шөбін шауып, арпа-бидайын өсіріп, еңбек етіп жүрген механизатор, қойшы-малшыларына арнап баспана тұрғызу шаруашылық басшысының көп жыл ойында жүрсе де, оның сәті былтырғы мамырда түсті. Жарты жыл ішінде кең де жайлы үйлер бой көтеріп, қожалықтың көпбалалы жұмыскерлеріне табысталды. Он отбасының ішінен баспана кілтін ең бірінші болып көпбалалы әке, үздік комбайншы Бағдат Төлемісов алды.
Еңбеккерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызу арқылы С.Оразымбетов бірнеше мәселенің түйінін шешуді мақсат етіп отыр. Оңғардың жері құт болып, кәсібі табыс әкелген соң, бұрынғы кеңшардың тауарлы сүт фермасының ізі болған ауылға жан бітіруді ойлады. Үйлер салынып жатқанда, тозып кеткен электр желілерін, бағаналарын өз есебінен қайта жүргізген. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да еңбеккерлеріне арнап үй салуды жалғастырмақшы. Егер елімізде табысты жұмыс істеп тұрған әр шаруашылық «Даниярдың» басшысы сияқты малшысы мен механизаторын лайықты еңбекақы, баспанамен қамтамасыз етсе, бақуатты ауылдар саны көбейе түсер еді.
С.Оразымбетов – тынымсыз еңбек пен жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында зор нәтижеге жеткен азамат. «Қарамағымда 40 шақты адам жұмыс істейді. Олардың дені – комбайн, трактор жүргізушілері, малшылар мен қойшылар. Жұмысымызды жеті жыл бұрын бастадық. Алғашқыда Дөң округінің жұмыссыз азаматтарын алдық. Кейін көрші аудандардан да келе бастады. Жұмыс болған соң әртүрлі жағдай кездеседі. Қысы-жазы бір жерде еңбек етуден қашып, кетіп қалғандар да болды. Дегенмен жұмысына жауапты адам тұрақтап қалады. Оның жағдайын жасасақ, басқа жақта қалған бала-шағасына алаңдамайды. Үйді сол мақсатта салдық. Бізге көбінесе әр жердегі қожалықтарда жұмыс істеп, дұрыс еңбекақы ала алмағандар келеді. Шаруаның ретін, малдың жағдайын білетіндерді солардың арасынан табамыз. Бір жағынан, 80 ғана тұрғыны қалған ауылды жандандырып, мектебіндегі бала санын көбейту үшін осындай қадамға бардық. Бастама жақсы нәтиже беріп жатыр. Мүмкіндігінше, шаруашылықты кеңейткім келеді. Көктемде картоп, сәбіз, қырыққабат егуді жоспарлап отырмыз. Күзде көкөніс егетін жерді жыртып қойдық», дейді С.Оразымбетов.
«Данияр» қожалығының қойшысы Ідіріс Жарылғасынов осы ауылдан үй алғанына қуанышты. «Бізге жұмыс іздеп келіп жатқандардың арасында жастардың болуы қуантады. Мал бағуға, шөп шабуға, трактор айдауға құлшыныс танытқан жастар көбейіп келеді. Мен өткен жылдың маусым айында Бөгетсай елді мекенінен әйеліммен, кішкентай баламмен көшіп келдім. Қазір шаруашылықтың қойын бағамын. Алған үйіміз өте жақсы, газ жүргізілген, су келіп тұр. Жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықталған», дейді І.Жарылғасынов.
Ауылда «Данияр» шаруа қожалығының 20 мың гектар жайылымдық жері бар. Бұдан өзге 8 мың гектар жерге бидай, 1 мың гектарға арпа мен басқа мал азығы дақылдарын егеді. Алдағы уақытта бидай егістігінің көлемін 15 мың гектарға ұлғайтпақшы. Үйлесімді жұмыс нәтижесінде Оңғар ауылы жылдан-жылға жаңарып келеді. Хромтау ауданы әкімдігінің көмегімен ауылдың кіреберіс жолына асфальт төселді. Қожалыққа жаңа келген отбасылардың арқасында тоғызжылдық мектептегі бала саны да өсті. Бұл күнде астық сатып, қой өсіріп, қомақты табыс табу оңай емес. Ең бастысы, жиналған өнімді өткізе білу керек. С.Оразымбетов алдыңғы жылы асыл тұқымды қойларын шетелге тірідей салмақпен жіберді. Былтыр күзде бидайды Хромтаудағы элеваторға тапсырды. Іскер азамат қазіргі кезде ауыл шаруашылығының бір саласымен ғана шұғылданудан гөрі, әр бағытта жүргізу тиімді деп санайды.
Ақтөбе облысы,
Хромтау ауданы