Тамырсыз таста тарих бар. Ал талай дәуірлер төсінен дүрілдеп өткен мына даланың сырын әлі толық тани алмай жатырмыз. Қанша жерден зерттеп, зерделеп, ми қатпарында қорытсақ та, тарихтың тұңғиығын түсіне алмай кетуіміз де бек мүмкін. Сондай құбылыстың бірі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орналасқан қасиетті Қағбаның көшірмесі. Асыл дініміз тараған, адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) өмір сүрген Меккедегі Қағбаның көшірмесі мұнда қалай келген?
Қасиетті қара тастың көшірмесі аудан орталығынан онша қашық емес жерде орналасқан. Жаңақорған кентінен 30 шақырымдай жерде ғана тұр. Қызылқұм беткейінде қоныс тепкен Қыркеңсе ауылынан 15 шақырым жол жүрсеңіз, Қағбаның көшірмесін көресіз.
Көшірменің жасалуына қатысты түрлі аңыз-әфсанаға толы әңгімелер айтылады. Соның барлығы Әзірет Әлінің кіндігінен тараған Әбдіжалил бабтың Сыр топырағына дін таратып келгеніне тіреледі. Әбдіжалил баб 150 мың әскерімен келген екен дейді. Сонда жергілікті халықтың қатты қарсылығына тап болып, қоршауда қалып, қаза тауыпты. Оның аса білімді, дегдар, дінге берік адам болғаны туралы түрлі деректер мен кітаптарда кездеседі. Сонымен қатар, аса әруақты кісі болған деседі. Дертіне шипа іздеген талай адам осы кісіден ем тапқан көрінеді. Тіпті, шешек ауруына шалдыққан адамдардың үстінен аттап өтсе, құлан таза айығып кеткен деген әңгіме айтылады. Ел аузында Әбдіжалил бабтың аты Қорасан баба деп аталды.
Міне, Сыр бойына жорық кезінде атақты бабтың қасында баласы Үсейін де болған. Ол да әкесі секілді ілім-білімді молынан жиған адам болыпты. Ал қасиетті Қағбаның көшірмесінің Қызылорда жеріне келуі осы әке мен балаға қатыстырылып айтылады. Аңызға сенсек, Үсейін өте құдіретті адам болған. Күндердің бір күнінде ол әкесіне Меккедегі Қағбаны осында әкелейін бе деп сұрайды. Баласын сынамақ болған Қорасан баба рұқсатын беріпті. Сөйтсе, Үсейін шынында да Қағбаны Сырдың жағасына әкелген екен. Баласының бойындағы ерекше дарын мен құдіретке сүйсініп, сенгенімен әкесі қасиетті қара тасты қайтадан орнына жеткізуді тапсырады. Тек Қағбаның көлеңкесі тұрған тұсты сызып, шеңберлеп, белгілеп қалады. Содан Қағбаның көлеңкесі түскен жерге оның көшірмесі жасалыпты.
Әфсананың рас-өтірігін анықтауға біздің шамамыз да, деңгейіміз де жетпейді. Дегенмен, ел арасындағы әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Ал онда Қағбаға ұқсақ дүниенің тұрғаны да рас.
Осы араға зиярат етіп келетіндер аз емес. Білуімізше, зиярат етушілер Меккедегі Қағба секілді бұл жерді де жеті мәрте айналып өтеді екен. Құраннан хабары бар жұрт екі бас намаз оқиды. Қағбаның көшірмесінің жанында ағып жатқан кішкене бұлақ бар. Сол судан дәм татады.
Әкелі-балалы Әбдіжалил баб пен Үсейін баба жатқан жер «Қорасан әулие» деп аталады қазір. Қағбаның көшірмесі деп отырған дүние де осы әулие басында тұр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.